Елбасы • 14 Сәуір, 2021

Әрі рухани, әрі саяси бірегей орталық

370 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Шетелдің әлдебір саяхат орны, қасиетті жерлері туралы жақсы білеміз, тамсана әңгімелейміз. Себебі олар сол жерлердің қасиетті екеніне бізді сендіріп қойған. Қасиеттің не екені туралы көп нәрсе айтуға болады. Бірақ жинақтай келгенде екі түйінге тоқтаймыз. Бірі – емдік қасиеті бар немесе көрінісі ғажап ерекше жаратылған табиғи орта, екіншісі – қолдан жасалған көпке қызмет ететін орын. Мұндай орындар бізде де бар. Солардың бірі һәм бірегейі – елорда төрінде орналасқан Назарбаев орталығы десем, қазақстандықтар бұған келісер деп ойлаймын.

Әрі рухани, әрі саяси бірегей орталық

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Кейде жанымыздағы нәрсеге мән бермей жүре беретініміз бар ғой. Қанша жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрып, Назарбаев орталығын көрмеппін. Соның сәті жуықта түсті. Мен барғанда бұл орталық жаңа ғимаратқа көшіп, орналасып үлгеріпті. Тұңғыш Президенттің бірінші қабатқа орналасқан музейімен асықпай танысып шықтым. Көз аям кеңіп, көңілім өсіп, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, рухым көтеріліп басқа бір әлемге тап болғандай күй кештім.

Дамыған елдерде мұндай орталықтар бар екенін білемін. Америкада саяси қызметті аяқтаған соң Президент атындағы орталық ашылады. Ондай орталық өзінің туған өлкесінде немесе саяси мансабын жасаған жерде де ашылуы мүмкін екен. АҚШ-тың экс-президенттерінің бәрінің атында орталықтар бар. Мұндай орталықтар басқа елдерде де жұмыс істейді. Осы ретте өзім жұмысымен танысқан  Джеральд Форд орталығы мен Борис Ельцин кітапханасы туралы бірер ауыз сөз айта кетсем, артық болмас.

Джеральд Форд орталығы Michigan штатында орналасқан. Көрсең қызығасың. Өркениеттің бір белгісі – халық үшін қызмет еткен азаматтарды ардақтай білу. Форд – Америка тарихында ең қысқа, небәрі екі-үш жыл билік жүргізген президент. Саяси аса ықпалды болған басшы емес. Джеральд Форд  орталығын аралап көргенде мені оның өз халқы үшін нендей игілік жасағаны емес, қандай адам болғаны көбірек қызықтырды. Жүрегімде ол кісіге деген үлкен құрмет пайда болды. Өйткені онда Фордтың адами тұлға­сы айқын көрініп тұр. Орталықты жасақ­тағанда осы жағына баса көңіл бөлген сияқты. Әрине оның билігі кезінде Аме­рика қоғамында болған өзгерістер, саяси шешімдер де жақсы көрініс тапқан.

Ал Борис Ельцин кітапханасының мазмұны басқа. Санкт-Петербург қала­сының орталығында, Сенат алаңындағы тарихи ғимаратқа орналасқан. Әрине өте әдемі, заманауи конференцзалдары, ішкі құрылымы бәрі де тамаша. Бірақ олардың тұжырымдамасы басқа сияқты. Ельцин кітапханасы аты затына сай бүкілресейлік электронды кітапхана қызметін атқарып тұр.

Ұлттық тарихымызда ел есінде қалған тұлғалар қаншама: әз Жәнібек хан, Елдің қамын ойлаған ер Едіге, Салқам Жәңгір, Ер Абылай,  Пір Бекет, т.б. бәрін де халық мақтанышпен еске алады. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті жарғысы» да әлі ұмытылған жоқ. Есімдеріне ондай мадақтау сөздер қосылмаса да, кейбір адамдарға қасиет иесі ретінде қараймыз. Абай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, т.б. Бұлардың бәрі де халқына адал қызмет еткен тұлғалар. Қазақ хандарының ауыз әдебиетіндегі есімдерінен басқа ештеңе сақталмаған ғой. Шіркін, солардан қалған осындай орталық болса қандай  ғажап болар еді?! Амал қанша, ХХ ғасырға дейін көшпелі тұрмыс кешіп келген біздің елге тарих ондай мүмкіндік бермепті. Киген киімдері мен ұстаған қару-жарақтарын көргенімізге шүкір дейміз. Оның өзі санаулы тұлғаларға ғана тән.

Адамзаттың тарихына көз салсақ, қоғамның дамуы да, құлдырауы да ұлы тұлғалар есімімен тікелей байланысты екенін байқаймыз. Бұл – ешкім теріске шығара алмайтын шындық. Түркі халықтарының тарихына назар аударайықшы. Ежелгі ғұндардың Азияның гегемоны болуы Мөде қағанның жанкешті ерлігі мен көрегендігінің арқасы емес пе. Көк түріктердің гүлденуін Білге қаған мен Күлтегін батырдың ақыл-парасаты мен ерлігінен бөле қарай алмаймыз. Араб әлемінің беделі – Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.), Моңғол ұлысының дүниеге танылуы Шыңғыс ханның есімімен байланысты. Орыс тарихын бірінші Петрсіз, Америка тарихын Джордж Вашингтонсыз елес­тету қиын. Мәдениет пен ғылымда да дәл осындай заңдылық бар. Француз бен ағылшынның әлемдік мәдениеттің көшбасшысына айналуын әдебиет пен өнердегі ұлы тұлғалардың, бүгінгі физиканың жетістіктері Ньютон, Эйнштейн сияқты ұлы ғалымдардың есімімен тығыз байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктері Елбасының ерен еңбегінің жемісі екені төрткүл дүниеге  мәлім.

Бұл күнде тұтас әлем көзге көрін­бейтін бір жіпке байланып тұрғандай. Ешбір ел әлемдік қоғамдастықтан оқшау өмір сүре алмайды. Қаласақ та, қаламасақ та біздің алдымызда  екі міндет тұр. Бірі – әлемді тану, екіншісі – өзімізді әлемге таныту. Бұл ретте әлемді тануымыздан гөрі өзімізді танытуымыз маңыздырақ. «Әлем бізді қалай таниды?» деген сұраққа бір сөзбен жа­уап беру қиын болар. Алайда біз өзімізді  қалай  көрсете алсақ, басқалар бізді солай танитыны анық.

Тәуелсіздік бізден көп нәрсені талап етуде. Басқалармен етене араласу, әсіресе дамыған елдердің ел басқару жүйесін, тәжірибесін зерттеп, оны өз жағдайымызға үйлестіре пайдалану біз үшін ауадай қажет. Әлеуметтік, экономикалық сала болсын, техникалық сала болсын, біздің басқалардан үйренеріміз көп. Солай істеп те келеміз. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағынан басқаларға үйретеріміз де жоқ емес. Үйретіп те келеміз. Әлемдік қоғамдастықтан ойып тұрып орын алған күннен бастап, біз әлем халқына бейбітшілік сүйгіш ел екенімізді көрсете білдік. Әлемнің тыныштығын сақтау барша адамзаттың міндеті. Алайда жеме-жемге келгенде бұл міндетті орындау оңай іс емес.

Еліміз алғаш тәуелсіздік алған кезде біздің жерімізде әлемде төртінші орында тұратын ядролық  арсенал болды. Үлкен күш еді. Дейтұрғанмен, Елбасымыз сол жойқын қарудан бас тартуды  жөн көріпті. Бұл  жеке өз қалауы емес, халық атынан қабыл­данған аса маңызды шешім. Ядролық қару қолдағы көзір болатын, оның үстіне басқалардың көз алайтуынан қорғануда осындай күш керек кезі. Әлеуетті арсеналдан бас тарту халық­тың наразылығын қозғауы мүмкін еді. Елбасы соның бәрін де білген, біле тұра ядролық қарудан бас тарту жолын таңдаған. Музейді аралап көрген кісі осы бір саяси шешімнің неге қабылданғанын, қандай пайдасы болғанын, қалай жүзеге асқанын, түпкі нәтижесін өз көзімен көріп, жанымен сезінері анық. Жойқын қарудан бас тарта отырып, ірі державалармен қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін келісімшарттарға отыру ядролық қаруды Қазақстанның қауіпсіздігі үшін қызмет еттірудің ең тиімді жолы болғанын енді түсініп келеміз. Сол жойқын қарудан бас тарту әзірге тек қана Қазақстан Президентінің қолынан келді. Бұл – ізгілікті әлемге үйрету, көрсету деген сөз.

Тәуелсіздіктен кейін Қазақстан қар­қынды дамыды десек, артық емес. Тәуелсіз елдің жаңалығы да, табысы да көп. Дегенмен, оны көрсете білмесек, біз­ге ешқандай  пайдасы болмақ емес. Осы тұрғыдан келгенде Назарбаев орта­лығы –  Қазақстанның қасиетті орын­дарының бірі екені талассыз шын­дық. Музейді аралап көрсеңіз, бұған шүбәңіз қалмайды.

Назарбаев орталығының құрылымы да, тұжырымдамасы да америкалық үлгіге жақын. Бұл, сөзсіз, әлемдегі озық үлгі. Бұған қоса, қазақстандық нышандар айқын көрініс тапқан.

Музейде бір-бірімен жалғасып жатқан жеті зал бар. Оның алтауына экспонаттар қойылған. Соңғысы алдыңғы алты залдың мазмұнын қорытындылап тұрған кульминациялық мәнге ие.

«Мәңгілік ел» деп аталатын бірінші залға кіргенде өзімнің қашанғы қалыптасқан дағдым бойынша оң жаққа бұрыла беріп едім, мені бастап жүрген таныстырушы қыз: «Сол жағыңызға қараңыз, біз сол жақтан бастаймыз» деп екі рет қайталады. Осы жалғыз ауыз сөз маған ерекше әсер етті. Аздап көне тарихқа назар аударып жүретін әдетім бар. Ежелгі сақтар, ғұндар заманында билік оң қанат, сол қанат болып екіге бөлінетінін білетінмін. Қағандар өзінің ең сенімді уәзірін сол жағына отырғызатын, сүйікті ханымы да ханның сол тізесін басып отыратын болған. Жаңағы сөзде сол дәстүрдің лебі есіп тұрғандай, басқаша бір күйге ендім.

Ондағы тарихи жәдігерлер, Назар­баев отбасының фотосурет шежіресі бәрі де үлкен мағынаға ие. Экспонаттар көп емес, Елбасына қатысы бар дүние­лер ғана. Бірақ көрген кісіге берер әсері терең. Айтпақшы, мұндағы көз тар­татын бірегей жәдігер – атақты Бөлек батырдың дулығасы. Металдан бітеу  құйылған шошақ төбелі дулыға. Ғалымдардың анықтауынша, тибет ұсталарының қолынан шықса керек, бір соғыста батыр жекпе-жекке шыққан жоңғар ноянын өлтіріп олжалап алған. Неге екенін білмеймін, маған бұл дулыға мұсылман шеберлерінің қолынан шыққандай әсер қалдырды.

Осы залда Елбасының мектеп құша­ғындағы өмірінен дерек беретін экспонаттар да тұр. Орта білімі туралы аттестаты, жазысқан хаттары, т.б. Украинада, Теміртауда өткен жастық шағының куәгер құжаттары орналасқан. Мектептегі кезінің өзіндегі көптеген тұлғалық қасиетін осы жерден көресіз. Шамалған орта мектебіне  хат жазған қытай суретшісімен жазысқан хаты – соның дәлелі. 1969 жылдан бас­талатын басшылық қызметіндегі өсу жолы да ап-анық сайрап тұр.

«Президент жолы» залынан Елбасының президенттік қызметін атқарған кезіндегі саяси өмірін жан-жақты көрсететін бірегей заттық экспонаттармен танысасыз. Елбасының тың бастамалары қалай дүниеге келді, оның түпкі нәтижесі қандай болды? Бәрі көз алдыңызда. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, Ата Заңды қабылдау, шекараны делимитация­лау, Қазақстанның ұлттық валютасын шығару сияқты аса маңызды саяси ше­шімдер қабылдау кезіндегі Елба­сы­ның жан тебіренісін сезінгендей боласыз.

«Стратег жолы». Бұл залды көрген кісі Елбасының  ақыл-парасатына тәнті болары сөзсіз. Көрегендікпен жасалған саяси қадамдар бұл күнде өз артықшылығын дәлелдеген. Соның бірі – 1994 жылы айтылған астананы Ақмолаға көшіру туралы ойы. Экономикалық жағдайдың қиын кезінде бұл қадамға неге барғанына қарапайым халық емес, сұңғыла саясаткерлердің өзі кезінде үрке қараған, арада жиырма жылдай уақыт өткен соң ғана түсіне бастадық.

Музейдегі ерекше бір экспонат – «ортағасырлық қаланың философиялық көрінісі» атты кілем. Бұл – түркі халық­тарына ортақ философиялық ойлау жүйесінің қалай қалыптасып дамыға­нын көрсететін ғажайып дүние. Бірне­ше минуттық қысқа уақытта сан ғасыр­лық мәдениет тарихын тануға мүмкін­дік беретін, қазақ жеріндегі қалалық мәдениеттің дамуының медиалық көрі­нісі.

1998-1999 жылдары елордамыз Бейбітшілік қаласы атанды. Бұл – жай ғана атақ емес, Елбасының көрегендігі мен қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізілген мемлекетіміздің биік мәртебесі. Музейден осы ақиқатты көзбен көруге болады. Елбасының 90-жылдарда айтқан «Еліңді жақсы көрсең, оған дұшпан іздеме» деген мазмұндағы бір сөзі бар. Музейді аралап жүріп сол ұлы шындықпен бетпе-бет келесіз. Елбасы тәуелсіз елдің Президенті ретінде өзінің ең үлкен сая­си қадамын келісіммен бастапты. ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың өліарасында тарих сахнасына шыққан жас мемлекет үшін бұдан тиімді жол жоқ екенін жақсы білген. Әрине келер заман бейнесін тану – үлкен көрегендік. Қазақстанның болашағы – бейбітшілікте. Елбасымыз айтқан «Келісім мен бейбітшілік жолы» бұдан кейін де бізді алға бастай бермек. Өйткені уақыт біз үшін жұмыс істеуде.

Музей экспонаттарының ішінде шет елдердің Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсеткен құрметі, ұсынған сыйлық­тары, наградалары ерекше назар аудартады. Елбасына көрсеткен құрметтің қазақ халқына, Қазақстанға көрсетілген құрмет екенін жаныңмен сезінесің.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, дамуындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі мен орнын зерттеу бүгінгі буын  ғана емес, келешек ұрпақ үшін де маңызды. Назарбаев орталығы – жас ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді күшейтіп, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға негіз болатын қасиетті, маңызды институт.

Назарбаев орталығынан Елбасының адам және саяси қайраткер ретінде қалыптасу, өсу жолынан бастап, тұтас өмі­рін көре аласыз. Өз тағдырын ел тағ­дырымен ұштастыра білген көреген басшы екенін, оның әлемге танылған сая­­си тұлғасының арғы жағында біре­гей кісілік болмыс жатқанын сезінесіз. Әри­не бұл – екінің бірінде болатын қа­сиет емес, дана тұлғаға ғана тән дара­лық.

Қазақты саяси жақтан да, рухани жақтан да әлемге танылған кезі тәуел­сіздік жылдары десек, бұл тікелей Нұр­сұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. Елордамыз әлемдік дінбасылар мен қақтығысты аймақтардың басшы­ла­ры бір үстел басына жиналып, пә­туа­ға келетін саяси диалог алаңына айналды.

Музейді аралағанда Елбасымен бірге жүргендей әсер аласыз. Жастық шағы, өмір жолы қандай? Саяси тұлғасын қалай бағалаймыз? Ол кісінің елімізге нендей еңбегі сіңді? Осы сұрақтарға лайықты жауап аласыз. Келген қонақтар қысқа уақыт ішінде Қазақстанның тарихымен, сая­си өмірімен таныса алады. Бұл елдің қандай бұралаң жолдарды басып өткені, қандай биіктерді бағындырғаны заттанған және дыбыстық экспонаттар арқылы санаға жетеді. Ғажап емес пе?!

Назарбаев орталығы тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылдығында еліміз қол жеткізген жетістіктерді жарқырата көрсетіп тұр. Есігінен кіргенде-ақ, тәуелсіз елдің тынысын сезінесіз. Мұндағы экраннан естілетін әр дыбыс – Тәуелсіз Қазақстанның үні. Ол келген кісінің құлағының түбінде күмбірлеп тұратын, жадынан мәңгі өшпейтін үн.

Қорыта айтқанда, Назарбаев орталығы – еліміздің саяси бет-бейнесін көрсететін бірегей құрылым, әрі рухани, әрі саяси орталық. Сондықтан да ол Қазақ елі үшін қасиетті орын.

 

Бақытжан ОРАЗАЛИЕВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасының директоры, философия ғылымдарының кандидаты