«Салымшылардың өтініштеріне сәйкес, алынған соманың шамамен 33,5 пайызы тұрғын үйді ипотекасыз (толық сатып алу) алуға, шамамен 30 пайызы ипотекалық қарызды өтеуге, 23 пайыздан астам сома жақын туыстарына беруге жоспарлануда. Салымшылардың арнайы шоттарына келіп түскен төлемдердің орташа сомасы 5 млн теңгеден асады. Өтініштердің басым бөлігі Маңғыстау облысы (18%), одан кейін Алматы (17,3%) және Нұр-Сұлтан (13,8%) қалаларының тұрғындарынан келіп түсті», делінген қор хабарламасында.
Емделу мақсатында азаматтар 3,5 млрд теңгеден астам қаржы алған. Орташа есеппен алғанда бір өтініш бойынша емделуге 1 млн теңге зейнетақы жинақтары аударылады.
Телеграмдағы FINANCE.KZ каналының жазуынша, жобаның уәкілетті операторы саналатын «Отбасы банк» зейнетақы қаржысын өз шоттарында орналастыру арқылы 2,42 млрд теңгеге жуық пайыздық табыс алуы мүмкін еді. Бұл қаржы – салымшылар өз өтініштерін дұрыс толтырып, зейнетақы қаржысы арнайы шотта 10 күннен артық жатпаған жағдайда түсетін минималды сома екен.
«9 сәуірде «Отбасы банк» арнайы шотына 1 трлн теңгеден астам сома келіп түсті. Бұл қаржы банктің ортақ балансына түсіп, қысқа мерзімді операцияларға қатысады. Бұл ретте банк клиенттерге ешқандай пайыздық табыс есептемей, оны толықтай өзінде қалдырады» деп жазады канал.
Бірінші кредиттік бюроның мәлімдеуінше, нарыққа мол ақша келеді екен деген спекулянттық күтімнің өзі-ақ баспана бағасының шарықтап кетуіне әкеліп соқты.
«2020 жылдың екінші жартысынан бастап екінші нарықтағы 1 шаршы метр тұрғын үй бағасы айына 1 пайыздан кем емес қарқынмен өсті. 2021 жылдың қаңтарында жылдамдық 5 пайызға дейін артты. Жаңа үйлер бағасы да жыл басында 3 пайызға қымбаттады. Алайда ақпандағы баға өсімі қаңтармен салыстырғанда біршама кеміді. БЖЗҚ-дан мол ақша ағынының негізгі бөлігі ақпанның алғашқы жартысында түсті: 322 млрд теңгеден астам қаражат. Сарапшылардың пайымдауынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігінің төлем мөлшерлемесінің төмендеуімен (қаражат ақпанның алғашқы 9 күніне қарағанда наурыздың 25 күнінде аз аударылған), мұндай операциялардың саны азаяды, бұл жалпы динамикаға әсер етуі мүмкін» делінген бюро хабарламасында.
Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, ақпан айында елімізде 41 101 сатып алу-сату келісімі жасалған. Бұл қаңтармен салыстырғанда 90,5 пайызға, 2019 жылдың ақпанымен салыстырғанда 78,9 пайызға көп. 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында тұрғын үй сатып алу бойынша 62 678 келісім жасалыпты.