Иә, біз әңгімелеп отырған Исмат Тұрсынқұлұлы аудандық, облыстық партия комитетінде лауазымды қызметтерді атқарып, қазақтың біртуар перзенті Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың көмекшісі болды. Аты аңызға айналған азаматтың жанында жүріп, ел игілігі үшін жасалған істердің куәсі болды, үйренді, өнеге алған тәлімін алдағы еңбек жолында пайдалана білді. 1982 жылы Алғабас аудандық партия комитетінің пленумында Исмат Тұрсынқұлұлы бірінші хатшы болып сайланды. Осы ауданда 6 жылдай қызмет етті. Сол аралықта ауданға берілген жоспарлар да, экономикалық көрсеткіш те, мәдени-тұрмыстық жағдай да өркендей түсті. Бұл жылдар Исматтың өміріндегі елеулі белестердің бірі болды. Ауылдың мәдениетін көтеруге, экономикасын өркендетуге, жастардың еңбекке араласуға деген белсенділігін арттыруға, олардың білімді, шебер мамандар қатарына қосылуына айрықша назар аударды. Мамыт Мыңбаев, Оразкүл Асанғазиева аудандық атқару комитетінің төрағалары болып жүргенде, олардың шаруашылық пен өндірісті басқарудағы оң істері Исматқа айрықша көмек берді. Ақылдасып пішкен тон келте болмайтынындай, ойлары бір жерден шығып, еңбекті ұйымдастыру көрігін жалындата түсуге үлкен жәрдемі тиді. Нәтиже жаман болған жоқ. Ауданның еңсесі көтеріліп, алдыңғы сапқа шықпаса да, ортадан ойып орын алды.
Исекеңнің еңбегін, іскерлігін, тәжірибесінің молдығын жақсы білетін егемендіктің алғашқы кездерінде облысты басқарған М.Үркімбаев, З.Тұрысбеков қолдап, облыстың ауыл шаруашылығын басқаруды тапсырды. Егемендік алғанмен экономикамыз әбден әлсіреген бұрынғы байланыстардың үзілген, сауданың құрдымға кеткен шағында қазақтың күретамыры – ауылды сақтап қалу жауапкершілігі Исекеңнің мойнына жүктелді. 2003-2005 жылдары Елбасының ұйғаруымен «Ауыл жылы» деп аталғанда, облыста осы жылдарға орай аграрлық азық-түлік бағдарламасын жасаудың және жүзеге асырудың басы-қасында болды. Шаруашылықтар тарап, жекешелендіру қызу қарқын алған кезде де азық-түлік өнімдерінің азаймауына айрықша мән берді. Сол қиын-қыстау жылдары 230,5 мың гектарға егілген дәнді дақылдардан 21,6 центнерден өнім алынды. Жалпы, 497,4 мың тонна өнім жиналды. Бір сөзбен айтқанда, Исмат Тұрсынқұлұлының ауылдың өмірін жандандыруға, тұрмысын жақсартуға қосқан үлесінің мол екендігінде дау жоқ.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Исекең де әкесі Тұрсынқұл сияқты өмірін ауылдың әл-ауқатын арттыруға, сән-салтанатын жақсартуға арнап келеді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін үзбей он жыл облыстың ауыл шаруашылығын басқару тізгінін қолында ұстады. Кешегі күнге дейін республикалық «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының облыстағы филиалына жетекшілік етті. Ауыл аманатына адал болды.
Сексеннің сеңгіріне қадам басқан Исекең асқаралы Алатаудың биігінен кең далаға көз жіберген сәттерінде өткен өмірдің белестері көз алдынан өтеді. Өкіне қоймайтын тарих. Құдай қосқан зайыбы Гүлзия екеуінің әрбір күні таң шуағындай нұрлы. Сыйластық пен сырластық, бір-біріне деген тазалық пен адалдық сезімі күні бүгінге дейін сол қалпында. Қайта жастары ұлғайған сайын бір-бірінсіз тұра алмайды. Көзден таса болса, іздей бастайды. Перзенттері мен немерелерін аялы алақандарымен тәрбиелеп өсірді. Немерелерінің аталаған, әжелеген үндері оларға күш-қуат беріп, жандарын жадыратады. Ұзақ, мағыналы, бақытты әрі шуақты өмірдің бар мәні де, қызығы мен шыжығы да осында жатса керек.
Төсіндегі ордендер мен медальдар, Оңтүстік Қазақстан облысының, сондай-ақ Бәйдібек, Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының құрметті азаматы деген атақтары еселі еңбектерінің жемісі екендігін дәлелдеумен қатар, өмір атты ұлы көштің тұлғасы биік азаматы екендігіне көзіңді жеткізе түседі. Достарымен, құрдастарымен, інілерімен кездескен әрбір сәт – Исмат үшін зор қуаныш, үлкен мереке. О баста әкесі қойған аттың киесіне дақ түсірмей өмір сүру қанында тектіліктің шынайы белгісі барын паш етіп тұрғандай.
Байдулла ҚОНЫСБЕК,
Қазақстанның құрметті журналисі
Түркістан облысы