Әлем • 14 Сәуір, 2021

Дәрігерлер «вакцинадан қайтыс болған» зейнеткерге қатысты мәлімдеме жасады

670 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Литваның Клайпеде қаласындағы емханада 78 жастағы зейнеткер Moderna вакцинасының екінші дозасын қабылдағаннан соң қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz Литва радиосына сілтеме жасап.

Дәрігерлер «вакцинадан қайтыс болған» зейнеткерге қатысты мәлімдеме жасады

«Алдын ала мәліметтер бойынша 78 жастағы ер адамның өлімі вакцинамен байланысты емес, біз мұны егжей-тегжейлі тексеретін боламыз», дейді аурухананың бас дәрігері Лорета Венские.

Дәрігердің айтуынша, қарияға вакцина егілгеннен кейін өзін жақсы сезінген, алайда біраз уақыт өте келе, әлсіздік пайда болған. Өкінішке қарай, жедел жәрдем келгенімен, оны құтқара алмаған.

«Біз өлімнің нақты себебін анықтай алмай отырмыз, тергеудің қорытындысын күтеміз. Бірақ бұл вакцинамен байланысты емес деп ойлаймын. Өйткені қандай да бір нақты белгілер жоқ. Тромбоэмболия да анафилактикалық реакция да жоқ», деді дәрігер.

Ол науқастың амбулаториялық картаға сәйкес бірнеше жыл бойы дәрігердің бақылауында болғанымен, ауыр диагнозы жоқ екенін айтты.

Литвада 27 желтоқсаннан бастап COVID-19-ға қарсы жаппай вакциналау басталды. Вакциналаудан кейін 8 адам көз жұмды. Бірақ мемлекеттік дәрі-дәрмектерді бақылау агенттігінің хабарлауынша, олар екпеден емес, науқастардың жасымен және түрлі созылмалы ауруларымен байланысты деп отыр.

 

Гаухар ҚАПАШ