Руханият • 14 Сәуір, 2021

Алтын Орда – түркітілдес халықтардың ортақ мұрасы

1167 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

– Юлай Шамилоғлы, әңгімені алдымен өмір жолыңыздан өрбітсек, қайда тудыңыз, қайда оқыдыңыз?

– Әкем – Башқұртстанда туып-өскен Қазан татары. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, 1952 жылы Германиядан Америкаға барады. Шешем Қытайдың шекарасында туып, Манчжурияда өскен. Кейін сондағы төңкерістен соң анамның отбасы Түркияға қоныс аударды. Екеуі 1957 жылы Түркияда танысып, бас қосады. Мен 1958 жылы Нью-Йорк қаласында өмірге келдім. АҚШ азаматымын. 1986 жылы Таяу Шығыс және Орталық Азия тарихы бойынша Колумбия университетінде оқып, докторлық дәрежесін алдым. 1983-1989 жылдары Индиана университетінде сабақ бердім. 1989 жылдан 2017 жылға дейін Висконсин Мадисон университетінде оқытушылығымды жалғастырдым. Сонымен қоса осы оқу ордасында Орталық Азия зерттеулер бағдарламасы мен Таяу Шығыс бағдарламасының төрағасы қызметін атқардым.

– Қазақстанға қашан келдіңіз?

– Алғаш қазақ жеріне табаным өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында тиді. Онда ғылыми конференцияға қатысуға келдім. Одан кейін АҚШ-тың шетелдермен байланыс департаментінің аудармашы-консультанты ретінде тағы жолым түсті. 2009 жылдан бастап Назарбаев университетінің құрылысына қатыстым. 2010 жылы бір топ маманмен бірге осы оқу орнындағы гуманитарлық және әлеуметтік пәндер мектебінің жобасын жасадым. 2016 жылы Қазақстаннан тағы да дәм бұйырды. Ал 2017 жылы Назарбаев университетінде қазақ тілі және түркітану кафедрасы ашылып, соның меңгерушілігіне шақырылдым. Қазір осы қызметімді атқарып жатырмын.

– Сіз полиглот көрінесіз, неше тіл білесіз?

– Мақтанғаным емес, біраз шет тілін білемін: француз, орыс, венгр, аздап итальян тілінде сөйлеймін. Ал түркі халықтары арасында татар, түрік, өзбек, қазақ тілдерін еркін меңгергенмін. Араб, парсы тілдерін үйренуге біраз уақытымды жұмсадым. Қытай, моңғол тілдерін де оқыдым.

– Қазақшаны қайдан үйрендіңіз?

– Оның тарихы қызық. Жас кезімде түркі халықтарының тілдеріне қызығушылығым оянып, Қазан татарларының әдеби тілін оқуға күш салдым. Ал қазақ тілінің емлесі өте күрделі болғандықтан, онша түсінбедім. 1991 жылы Мәскеуде тұратын тілші-ғалым, танымал түрколог Кеңесбай Мұсаев Америкаға келіп, қазақ тілінен сабақ берді. Сол кісіден көп нәрсе үйрендім. Тілдің табиғатын түсіндім. Одан кейін де Америкаға Қазақстаннан тіл мамандары жиі келіп жүрді, солармен әңгімелесіп жүріп, тілімді ұстарта бастадым. Әсіресе қазақ тілін еркін меңгеруге Қытайдың Шыңжаң өлкесінде өмірге келген Талант Мауқанұлы деген ғалым досымның көмегі көп болды. Содан біраз тәлім алып, онымен қазақша сөйлесетін деңгейге жеттім. Сосын жоғарыда консультант болғанымды айттым ғой, сол кезде орысша-қазақша сөздікпен жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Осының бәрі қазақшаны таза сөйлеуіме септігін тигізді.

– Алтын Орда дәуірінің тарихын зерделі зерттеп жүрген ғалымсыз, бұл салаға бет бұруыңызға не себеп болды?

– Ұлтым татар болғандықтан, Алтын Орда тарихына қызығушылығым ерте оянды. Университетте оқып жүргенде Орта ғасыр дәуіріне зер салып, әсіресе Алтын Орда мен Моңғол империясының тарихына біраз үңілдім. Жасыратыны жоқ, алғашында онша түсінбедім. Сосын қолыма Б.Греков пен А.Якубовскийдің 1950 жылы шыққан «Золотая Орда и ее падение» деген кітабы түсті. Оны сүзіп шықтым. Сонда да Алтын Орданың тарихына терең бойлай алмадым. Одан кейін де бірқатар көне кітап пен деректі шолдым. Бірте-бірте Орта ғасыр дәуірінің тарихы тарта бастады. Содан «Алтын Орданың ру-тайпа саясаты және әлеуметтік құрылымы» жайында докторлық диссертациямды жаздым. Оны 1986 жылы табысты қорғадым. Бірақ сол кезде аталған ғылыми еңбегіме ешкім назар салмады, қазір оған зерттеушілердің қызығушылығы артты. Кейін ол кітап Қазанда орысша басылды, Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен ағылшынша жарық көрді.

Алтын Орданың құрамындағы Қырым, Қазан, Қасым, Түмен және тағы басқа да хандықтардың жеке билік жүйесі болған. Оны әрбір ру-тайпаның көсемдері басқарған. Осы жүйе қайдан пайда болды деген оймен XIII-XIV ғасырдағы тарихи деректерге үңілдім. Соның нәтижесінде Алтын Орда дәуіріне қатысты біраз мәселе алдымнан шықты.

– Солардың аражігін ашып, тарқатып берсеңіз?

– Біз көбінесе Алтын Орда тарихына тереңдегенде, Ресей тарихшыларына тоқталамыз. Олар Орта ғасыр дәуіріндегі дереккөздерге сүйенеді. Онда тек қысқа-нұсқа мәлімет берілген. Мысалы, одан «Моңғолдар келді» деген тақ-тұқ деректі ғана оқисыз. Ал XV-XVI ғасырдағы «Патриаршая» немесе «Никоновская летопись» сияқты жазбаларында олар тарихты ұзақ қып жазған. Бірақ олардың дені кейін жазылған, шын мәніндегі тарих деп айтуға келмейді. Өзім ол тарихқа сенбеймін. Олардан идеологиялық сарын байқалып тұрады. Ярослав Пеленский деген ғалым өзінің кітабында ол деректердің Қазан хандығын жаулау үшін жазылғанын айтады. Сонымен бірге Алтын Орда туралы араб, парсы, түрік тілдерінде хатталған дереккөздер бар, оларды зерттеуге көп уақыт қажет, бір жағынан тілді білу керек. Меніңше, Ресейдегі Алтын Орда мен Моңғол тарихын зерттеп жүрген ғалымдар оған мән бермейді. Олар алдымен өздерінің тілдерінде жазылған мәліметтерге жүгінеді. Алайда Карамзиннен бастап орыстардың академиялық емес, ұлттық тарихы жазылды. Әр ұлттың тарихы жазылғанда оның мифологиясы қоса жүреді, оны жадыдан өшіре алмайсыз. Сондықтан бүгінге дейін Ресейдің академиялық тарихын жазудың негізінде ұлттық көзқарас тұрады.

– Алып империяның тарихтағы орны мен рөлі қандай болды, соған тоқталсаңыз?

– Біріншіден, XIII ғасырда құрылған Моңғол империясы сонау Шығыс Еуропаға дейін созылған кең-байтақ жерді алып жатты. Ол Орталық Азиядағы Шағатай хандығынан, Батыстағы Алтын Ордадан, Ирандағы Ильханида билігі мен Қытайдағы Юань династиясынан тұрды. Бұдан бұрын дәл осындай үлкен империя болды ма, болмады ма, оны айту қиын. Себебі VI ғасырдың ортасында Түркі қағанаты 552 жылдан бастап Қара теңізге дейін жерді иеленсе де, оның ғұмыры қамшының сабындай қысқа болды. Ғұндар мен скифтер кезеңінде де дәл осындай үлкен мемлекет болды деп айта алмаймын.

Екіншіден, Османлы империясын құрған түрік ағайындардан алыста өмір сүрген, әсіресе Ресей империясының қол астында болған түркітілдес халықтардың көбісін Алтын Орда мемлекеті бір шаңырақтың астына біріктірді. Олардың бәрі ислам дінін қабылдады, ортақ әдеби тілі болды. Сондықтан XIV ғасырдан кейінгі Қырым, Қазан, Астрахань, Түмен, Қасым және Ноғай Ордасы, Шайбани әулеті мен Қазақ хандығы, қысқасы бәріміздің ата-бабаларымыз осы империядан шықты. Сондықтан Алтын Орданы түркітілдес халықтардың ортақ мұрасы деп айтуды дұрыс көремін.

– Енді экономикалық-әлеуметтік жағдайын айтсаңыз.

– Шыңғыс хан құрған Моңғол империясы сауда-саттыққа негізделген, сондықтан ол жаулап алған елдермен немесе көршілес мемлекеттермен сауда жүргізуге келісімшарт жасап отырған. Тарихи деректерде Шыңғыс ханның үлкен керуендері болғандығын айтады, ол сол арқылы мемлекетінің сауда жүйесін кеңейтуді көздеген. Мәселен, қазақ жеріндегі Отырар Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолия мен Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Бірақ осы Отырарға жіберген Шыңғыс ханның елшілері өлтіріліп, керуені қолды болғаннан кейін ол ашуланып, өш алу үшін Отырарға шабуыл жасады.

Алтын Орда мемлекеті де сауда-саттық жүйесін жақсы жолға қойды. Бату мен Берке хандар көшпелі болып жүрсе де, олардың Сарай Беркеде сауда орындары жұмыс істеді. Оны сол дәуірдегі саяхатшылардың жазбаларынан білеміз. Мысалы, Қырымнан тұз алып шетелдіктерге сатқандығы, сол үшін саудагерлердің келгендігі жазылған. Оларды моңғол әскерлері алып жүріп отырған. Кейін бас қала Сарай Батудан Сарай Беркеге көшкенде Дон өзеніне жақын орналасқан. Өзен-көлдер сауда жүргізуге тиімді болды. Айталық, Алтын Орда аумағына италиялық саудагерлерге келуге рұқсат берілді. Алтынордалықтар бидайдың экспортын жасап, оны Италияға кемемен жіберді. Италиялықтар Азов теңізінен балық аулады. Құл саудасы да жүрді. Осы сауда-саттық арқылы Алтын Орда империясы біраз байыды. Бату хан өзі бас болып үлкен сарайлар салдыра бастады. XIII ғасырда Алтын Орданың сауда жүйесі күшті болған деп айтады. Бір тарихшы Италияның отарындағы елдер мен Венеция, Генуя және Пизаның саудасы Алтын Орда мемлекеті арқылы Ақ теңіз бен Қара теңізге шықты дейді. Меніңше, осы дұрыс байлам.

– Мемлекеттің басқару жүйесі қалай болды?

– Бұл ұлан-ғайыр аумақты Жошыға әкесі Шыңғыс хан алып берді. Жошы хан ұлысы тек қана XVI ғасырда жазылған Қазан тарихында бірінші рет Алтын Орда деп аталған. Алайда Жошы әкесінен бұрын, яғни 1227 жылы қайтыс болды, сол жылдары Шыңғыс хан да дүниеден өткен. Сөйтіп Жошы иеленген аумақ ұлдарына қалды. Алтын Орда мемлекеті Зайсаннан бастап, Шығыс Еуропаға дейінгі аймақты алып жатты. Сондай-ақ Жошы ұлысының батысы Ақ Орда, шығысы Көк Орда деп аталды. Жошы өлгеннен кейін Ақ Ордада әкесінің жолын Бату хан жалғастырды, одан соң Берке хан болды. XIV ғасырда Өзбек хан салтанат құрды. Одан кейін Жәнібек, Бердібек хан тағында отырды. Әрине, арасында Жошының басқа ұрпақтары да хандық билікті жүргізді.

Ғылыми еңбегімде Қырым, Қасым, Қазан, Астрахань, Сібір хандықтарының ел басқару ісін қарап, XIII-XIV ғасырдағы Алтын Орданың билік жүйесін зерттеуге тырыстым. Мен одан не таптым дейсіз ғой, XV-XVI-XVII-XVIII ғасырларда Қырым хандығында, ал XV-XVI ғасырдың ортасына дейін Қазан хандығында хан билікті бөлісіп отырған. Шыңғыс хан ұрпақтары хан болып сайланса да, сол кездегі төрт ру-тайпаның көсемдері де елге билік жүргізген. Мәселен, Қазан, Қырым хандығына Шірін, Барын, Арғын, Қыпшақ секілді тайпалар Тоқтамыс ханмен бірге келді. Олар ханды да өздері тағайындайтын беделге ие болды. Әскер басқару ісіне араласып, шет мемлекеттермен хат алмасып, қарым-қатынас жасады. Қысқасы, аталған хандықтарда төрт ру-тайпа көсемдерінің бұйрығынсыз ешкім артық қадамға барған жоқ. Соған қарағанда, ханның билігі шектеулі болған секілді. Аталған ру-тайпалардың көсемдері Шыңғыс хан ұрпақтарымен қыз беріп, қыз алысып, құдандалы араласты. Бұл жайында XIII-XIV ғасырдағы араб, парсы, түрік тілдеріндегі дереккөздерде баяндалған. Осы ғасырда төрт ру-тайпа көсемдері «ұлыс бегі» атанып, сондай жүйені орнатты. Олардың басшысы бір деректе «беклері бек» деп айтылған. Менің Алтын Орда тарихына қосқан алғашқы үлесім осы. Қазан қаласындағы тарихшы әріптесім Дамир Исхаковтың «Осыларды білмей, Алтын Орданың тарихын түсіне алмайсыз» деп айтқаны бар еді.

– Алтын Орда кезеңінде Жібек жолы қалай дамыды?

– «Жібек жолы» тұжырымдамасын  XIX ғасырдың тұжырымдамасы деп айтуға болады. Меніңше, Моңғол империясының кезеңінде сауда жолдары мемлекет тарапынан қорғалды. Мысалы, Ибн Баттутаның қысқаша айтқан бір сөзі бар: «Олар жылқыларды жинап, Үндістанға жіберді» деген. Соған қарағанда, Алтын Орда мемлекеті Италиямен, Византиямен ғана емес, Үндістанмен де сауда-саттық жасаған. Мәселен, Марко Поло және басқа да саяхатшылар Италиядан келіп, Қытайға дейін сапарлап барған. Олар жолда ешқандай қауіп-қатер көрмеген. Жібек жолы бойында жібек қана емес, Еуропадан түрлі маталар әкелініп саудаланды. XIV ғасырда Еділ бойындағы тұрғындар жайқалтып егін салып, қазіргі тілмен айтқанда, экспортқа шығарды. Қысқасы, Алтын Орда кезінде сауда-саттықтың бірнеше түрі өркендеді.

– Орта ғасыр дәуірінде елді қынадай қырған індеттер болған деп айтады, бұл жайында не білесіз?

– XIV ғасырдың ортасынан, яғни 1330 жылдардан бастап, мүмкін одан ерте, оба індеті пайда болды. Оны Еуропада «қара өлім» деп айтқан. Аталған індет Қытай Халық Республикасындағы Тибет үстірті мен Ыстықкөл арқылы Орталық Азия қалалары, Хорезмге, Қазақ даласына және 1346-1347 жылдары Қырым өлкесіне жайылды. Сосын Константинополь арқылы Сирияға, одан әрі бүкіл Еуропа, Солтүстік Африка мен Оңтүстік Африкаға дейін тарады. Осының салдарынан 1346-1347 және 1351-1353 жылдары аралығында Еуропа халқының алпыс пайызға жуығы көз жұмды деп айтады. Әсіресе тұрғындары көп қалаларда індет тез тарады. Індетті кеміргіштер таратқан. Осы індетті былтыр бір америкалық тарихшы XIII ғасырда басталған деп жазыпты. Әсіресе Сарай, Еділ бойындағы Бұлғар қаласында да біраз адам қаза болған. Бір дерек көзінде Қырымда індеттен сексен мың адам өлген дейді. Бұл бір жылда болған оқиға ма, уақытын нақты білмеймін. Жошы ұлысының батыс бөлігінде де көп адам қырылған.

 

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Соңғы жаңалықтар