Экономика • 15 Сәуір, 2021

Бай мен кедейдің арасы алшақтап барады

500 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ертегілер мен мысалдарда кездесетін ескі бір тәмсіл бар ғой, жақсы һәм жаман жаңалығым бар, қайсынан бастайын дейтін. Біздікі де тура сол кеп. Сүйініш және күйініш. Сүйінетініміз – еліміз бай адамдардың саны бойынша ТОП-10 ел қатарына кіріпті. Әрине, олар кімдер, қайтіп байыды, бұл енді басқа сауал.

Бай мен кедейдің арасы алшақтап барады

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Күйінетініміз – елде кедейлер саны да артқан. Та­бысы ең төменгі күнкөрістен де (34 мың теңге шамасы) тө­мен азаматтар саны 20 па­йызға өсіпті. Дәл осы тұр­ғыда Қазақстанды «әлеу­меттік алшақтық» бо­йынша да ТОП-10-ға кір­гізіп жіберсе әбден
лайық.

Сөзіміз дәйекті болу үшін аздап сандарды сөйлетелік. 2020 жылдың төртінші тоқ­сан­ында табысы ең төменгі күн­­көріс деңгейінен де аз үй шаруа­шы­лықтарының саны 140,6 мыңға жеткен. Ондай үй шаруа­шы­лықтарында 5 жә­не одан да көп адам бар. Дү­ние­жүзілік банк былтыр жыл соңын­да Қа­зақ­стандағы кедейлер саны 1,5 млн адамға жетуі мүмкін деп болжам жасады.

«2015 жылғы экономикалық құлдырау кедейлік деңгейін өсіріп жіберді. COVID-19 дағ­дарысы мұндай әлеуметтік тең­сіздікті одан әрі асқындыра түсті. 2020 жылы әсіресе Нұр-Сұл­тан, Алматы қалаларының тұр­ғындары қатты зардап шек­ті. Өйт­кені қонақүй, мейрам­ха­на, сау­­д­а, көлік секілді қыз­мет көрсету секторлары осы қала­­ларда қатты дамыған» деліне­ді Дү­ние­жүзілік банк баян­дамасында.

17 жыл бойы мониторинг жүр­гізіп келе жатқан «Стра­тегия» әлеуметтік және саяси зерт­­теулер орталығы қазақ­стан­дықтардың үштен бірі өз өмір­леріне риза емес­тігін анықтаған. Аталған орталық басшысы Гүл­мира Ілеуованың айтуынша, респон­денттердің көбі мемлекет саясатты жекелеген топтардың мүддесі үшін жүргізеді деп санайды екен. Сауалдамаға қатысушылардың 44 пайызы елдегі экономикалық ахуалды нашар және өте нашар деп бағалаған.

– Респонденттердің 26 па­йызы отбасындағы материал­дық жағдайды нашар дейді. 2008-2009 жылғы әлемдік экономика­лық дағ­дарыс кезінде бұл көрсеткіш 14 пайыз деңгейінде еді. 13 пайызы ақшамыз азық-түлікке жетпейді дейді. Киімге де, тамаққа да қинал­май ақша табатын, бірақ қаржы­сы ірі тұрмыстық тауар сатып алу­ға жетпейтіндер үлесі – 31 па­йыз. Мұны біз үрейлі қоңырау деп қабыл­дадық. Өйткені салынып жат­қан үйлер мен шығып жатқан қым­бат техникаларды сатып алушылар күрт азаяды, – дейді орталық басшысы.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сма­йылов халықтың әдемі цифр мен сөздерге алданбайтынын, сондықтан Конституцияда жазыл­ған «әлеуметтік мемлекет» мәр­те­бесі негізінде жұмыс істеу керек­тігін айтады.

– Біз үш айдан бері Парламентте балаларға жәрдемақыны, мүгедек­терге төлемдерді, зейнеткерлерге зейнетақыны көтеруді ұдайы ұсынып келеміз. Біресе ақша жоқ, біресе минималды деңгейде көтеріп жатырмыз деген жауап келеді. Осы кезде есеп комитеті триллиондаған теңгенің тиімді жұмсалмағаны туралы хабарлайды, – дейді депутат.

Қазір көпшілік тұрғын үй мен қымбат көлікті біржола несиеге рәсімдеуге көшті. Қолма-қол төлеп сатып алатындар сирек. Дәл қазір қарапайым халыққа керегі – инфляцияның төмендеп, азық-түлік бағасының арзандағаны. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ақпанда 7,4 пайызға көтерілген инфляция наурызда қайтадан 7,0 пайызға төмендеген. Бұл 2020 жылдың қыркүйегінен бері тірке­ліп тұрған төмен көрсеткіш. 2020 жылдың қорытындысы бойынша инфляция – 7,5 пайыз болып, азық-түлік тауарлары бағасы – 11,3, азық-түліктік емес тауарлар – 5,5, ақылы қызметтер 4,2 пайызға өскен. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуінің жалпы инфляцияға қосқан үлесі 60 пайыздан асқан.

«Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайыновтың айтуынша, ұсыныс аясы кеңейгенде ғана инфляция төмендейді.

– Бәсекелестік артқан сайын, инфляция азая түседі. Ал бәсекеге қабілеттілік өндірілген тауардың, жұмыстың немесе қызметтің өзіндік құнына немесе тауар, жұмыс, қызметтің бірегейлігіне тәуелді. Өзіндік құн еңбек өнімділігіне, біре­гейлік азаматтық қоғам мен білім­нің дамуына тәуелді. Ең­бек өнімділігі транзакциялық шы­­­ғы­н­­­дар мен білімге тәуелді. Тран­­­зак­­­­циялық шығындар инфра­құ­ры­­лым мен инвестициялық кли­матқа тәуелді. Сондықтан еңбек өнімділігін арттыру үшін жақсы инфрақұрылым, жақсы білім және қолайлы инвестициялық климат керек. Инвестициялық климаттың жақсы болмағы жақсы жұмыс істейтін заңға, әділ сот жүйесіне, жетілген салық жүйесіне, сапалы қадағалауға және дұрыс ақша-несие саясатына тікелей байланысты. Біз егер ыңғайлы инвестициялық климат қалыптастырып, білімге жол ашып, азаматтық қоғамды дамыта алсақ, онда бұл еңбек өнімділігінің артып, бірегей өнімдердің жасалуына негіз болады, – дейді банк басшысы.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы, эконо­мист Рахым Ошақбаев «мемлекеттік органдар пайдаланып отырған инфляцияны есептеу механизмі дүкендер мен сауда үйлеріндегі бағадан әлдеқайда алшақ түсіп жатқан болуы ықтимал» деді. Оның сөзінше, азық-түлік бағасы­ның қымбаттауы теңге бағамының әлсі­реп, соның салдарынан азық-түлік импортының қымбаттап кетуі туындап отыр.

Statista.com ақпары бойынша, UHNWI (бүкіл әлемде байлығы 30 млн доллардан асатын адамдар) саны өсіп жатыр. Соңғы 12 айда 2,4 пайызға өсіп, 520 мың адамды құраған. 2025 жылға таман UHNWI саны 27 пайызға дейін артпақ. Ал Қазақстанда бай адамдар саны 33 пайызға жетеді деген болжам жасалған.

Статистикасы мен шынайы өмірі қабыса бермейтін, кез келген сала­да қызмет көрсету ақысы тек қым­баттай беретін, Президент тапсырмасына қарамастан, бюрократия мен жемқорлық дауы басылмай тұрған елде бай адамдардың көбеюі парадокс сияқты. Бір ойланып қарасаң, заңды құбылыста секілді...