Қоғам • 15 Сәуір, 2021

Медиаторлар қатары қалыңдай түседі

531 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алған, ескі байланыстар үзіліп, экономика дағдарысқа тап болған өтпелі кезеңде жас мемлекеттің ертеңі үшін қоғамдағы саяси тұрақтылықты сақтау ауадай қажет болды. Осы орайда, Елбасының этносаралық келісім егемендікті нығайтудың іргетасы болатынын ескеріп, ұлт пен ұлыстардың басын біріктіруге күш салған саясаты бірден-бір дұрыс бағыт болғанын уақыт көрсетіп отыр.

Медиаторлар қатары қалыңдай түседі

Халық бірлігін күшейте түсу мақсатында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) еліміздегі этностарды бір шаңырақтың астында топтастырып, рухани бірлік идеяларын қалыптастырып және іске асырып келеді. Бүгінде тәуелсіз Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың то­лық­қанды мүшесі және бар әлемге этносаралық және конфессияаралық тату­лық пен бірлікті сақтаудың нақты үлгісі болып отыр.

ҚХА қызметінің бір маңызды бағыты – медиация институтын дамыту. Ассамблеяның XXV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев медиацияның маңыздылығы мен дамуы туралы ерекше атап өтіп, ҚХА-ға қоғамдық келісімді нығайту, қайырымдылық және медиация кеңестері жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын. 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» заң бұған құқықтық негіз болып отыр.

Бүгінде еліміздің әр өңірінде, әр қалада медиаторлар ұйымдары мен кәсіби медиаторлар жұмыс істейді. Олар сот немесе өзге де құқық қор­ғау органдарына жүгінбестен, бел­гілі мәселелер бойынша дау-жан­жал­дарды шешуде тиісті кө­мек көрсете алады. Осы орайда, Қазақ­стан халқы Қарағанды облыстық ассамблеясының, оның ішінде об­лыстық ішкі саясат басқармасы жа­нындағы «Қоғамдық келісім» ме­ке­месінің тарапынан бірталай игі іс-шаралар атқарылу үстінде.

«Қоғамдық келісім» ММ-нің медиация кабинеті жергілікті медиаторлар қауымдастығымен және өңір­де­гі 200-ден астам қоғамдық медиа­тор­мен тығыз байланыс орнатқан. Елімізде орын алған эпидемиялық жағдайға қарамастан, өткен жылы да тұрғындарға медиация институтын насихаттауға, қоғамдық медиаторларды оқытуға байланысты түрлі іс-шаралар қашықтықтан өткізіліп, тиісті нәтижесін берді. Халықаралық, облыстық деңгейдегі жаттықтырушы-медиаторлардың қатысуымен Ұлытау ауданында, Сәтбаев, Жезқазған, Теміртау қалаларында болған семи­нарлар мен онлайн форматта тұ­рақты түрде өткізілетін кеңес беру отырыстарының тұрғындар үшін маңызы зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жол­да­уында соттарда дауларды ше­шудің балама түрлерін, медиация институтын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлуі облыс медиаторлары үшін тың серпіліс тудырды. Қазіргі уақытта облыс медиаторлары облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге медиацияны дамытуға байланысты іс-шараларды жүзеге асыруға кірісті. Осы орайда облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесі мен волонтер-медиа­тор­лардың алатын орны ерекше. Аймақтағы медиация кабинеттерінде жұмыс істейтін қоғамдық медиаторлар, Аналар кеңесінің мүшелері отбасылық дау-дамайларды шешуде нәтижелі жұмыстар атқарса, волонтер медиаторлар медиацияны насихаттау жұмыстарымен айналысуда.

Биыл алға қойған мақсатымыздың бірі – облыстық Қазақстан халқы Ассам­блеясы медиаторларының қа­та­­­рын көбейту. Өйткені медиация – азаматтарды өзара сыйластық пен кешірімділікке тәрбиелеуге, тұрмыста туындап жататын кикілжіңдерді өр­­кениетті шешуге ықпал ететін бір­ден-бір құрал. Ұлтымыздың то­лерант­тылығының құпиясы – хал­қы­­мыздың даналығын, төзімділігі мен сабырлылығын дәріптей отырып, қазақстандықтар санасында ынтымақтастық менталитетін қа­лып­тас­­тыруға атсалыса бермекпіз.

 

Светлана ШАРДАРБЕКОВА,

Қарағанды облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы Татуласу орталығының басшысы,

облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіби медиаторы