Атамыздың тақиясын мұражайға, 2015 жылы Қызылорда қаласында өткен Ұлттық музейге сый тарту іс-шарасы аясында баласы Сейітбек тапсырған. Сонымен бірге ол кісі әкесінің қолының табы қалған кетпенінің басы мен орағын да өткізіпті.
Бүгінде ерен еңбегімен елге үлгі болған тұлғаның өмірдегі өнегелі жолын аға буын өкілдері жақсы білгенімен кейінгі жастар онша білмейді. Оған енді түрлі себеп те бар. Сонда да даңқы күріш өсірумен жалпақ жұртқа жайылған Ыбырай атамыздың жөні бөлек. Ол кісі 1944 жылы күріштің әр гектарынан 110 центнер, 1945 жылы 156 центнер күріш алса, ал 1947 жылы өзіне бекітіліп берілген тәжірибе учаскесінің әр гектарынан 172 центнерден өнім алып, әлемдік рекорд жасады. 1949 жылы осы еңбегі жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Сондай-ақ еңбек майталманы соғыс кезінде Отан қорғау қорына арнап танк колоннасын жасауға 150 мың сом қаржы берді.
Ыбырай Жақаев республикада алғаш болып күріш егісін жоңышқа атызына орналастырған. Оның ашқан жаңалығы өндіріске енгізіліп, ол әдіс «Жақаев агротехникасы» деп аталды. 1971 жылы атамыз кеудесіне екінші Алтын Жұлдызын тақты. Мұндай жоғары дәрежелі атақты қатарынан екі рет алғандар елімізде сирек. Сол марапатты тапсырар кезде қария: «Бір рет алдым ғой, екінші рет не керегі бар еді, онан да анау күріш егіп жүргендерге бермедіңдер ме?!» деп басшыларға айтыпты деген сөз бар. Жалпы ол кісі өмірде өте қарапайым, иманды адам болған дейді. Егер де Ұлттық музейге жолыңыз түсіп жатса, Ыбырай атамыздың тақиясын көруге болады...
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»