Руханият • 15 Сәуір, 2021

Сарыала қаздың қаңқылы естілді

911 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еміл өзенінің аңғарынан ерте көктемде-ақ сарыала қаздың қаңқылы естіледі. Бітімі үйрекке ұқсас қасиетті бұл құс жаздай Үржар, Қатынсу, Еміл өзендерінің саздауыт тұсын мекен етеді.

Сарыала қаздың қаңқылы естілді

Көнекөз қариялар оны италақаз деп те атайтын. Олай дейтіні, аңыз-әңгімелерде «сарыала қаз жұмыртқасын елсіз биік төбелерге, айда­ла­дағы мазарларға салады. Жұ­мыртқадан төстері қара ала құмай тазы шығады. Өсе келе шапшаңдығымен, еп­тілігімен ерекшеленеді» деп айтылатын. Рас, құмай қуған аң қашып құтыла алмасы анық. Аңыз-әпсанаға сенбейін де­сең, Сауыр-Сайханның бір биігінде күркенің көлеміндей итала қаздың ұясы әлі тұр екен.

Тарбағатай қорығының аумағына қонған сарыала қаз қыстың күні Арыс өзенінің Сырдарияға қосылатын саға­ларын мекендейді. Әдетте күн жылына Үржар өңіріне ке­ліп қонады. Оларды ұлттық парк қызметкерлері санап, журналға тіркеп отырады. Тір­шіліктерін байқап, бақылап қайтқан аңшы-биолог Елена Красон ұшып-қонып жүрген әдемі құстарды суретке де түсірген.

Үйрек тұқымдас құс өзге­лерге ұқсамайды, ерекше жа­ратылған. Денесі қызыл-сары, бас жағы ақшылдау келеді. Қанаттарының ұшы қара. Шағын көлшіктерде, саздауыт жерлерде де кездеседі. Ұя­сын түлкі, қарсақ, суыр сынды аңдардың ініне салады. Бос қалған ін табылмаса, жартастың қуысын да ордасына айналдырып жібереді. Бір басқанда, 9-12 жұмыртқа басады екен. Жұптасып өмір сү­ретіндіктен, аталығы да ұядан ұзап кетпейді. Мамырдың ор­тасына қарай балапандары шығып, тамызға қарай қара қанаттанады. Шығыста көбей­ген құстар салқын түсе оң­түс­тік өңірге бағыт алады.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы