15 Сәуір, 2021

Вакцина салдырғандар қайтадан коронавирус жұқтыруда

6419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Covid-19-ға қарсы вакцина салдырғандар қайтадан вирус жұқтырып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ресми сауалға берген жауабында айтты, деп  хабарлайды Egemen.kz  Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Вакцина салдырғандар қайтадан коронавирус жұқтыруда

«Қазіргі таңда вакцинадан кейін (бірінші және екінші кезең) коронавирус инфекциясын жұқтырған 16 жағдай тіркелді. Вакцинадан кейін вирус жұқтырудың ең ұзақ мерзімі екінші компонентін салдырғаннан кейінгі төртінші аптада тіркелген», деді комитет өкілі. 

Ведомство короновирус инфекциясына қарсы иммунитет вакцинаның екінші кезеңін алған уақыттан бастап алты аптадан кейін қалыптаса бастайтынын айтты.

Осыған дейін алматыда вакцина салдырған дәрігер вирус жұқтырғанын хабарлаған еді. Алайда ол жұқтыру қаупі бар екенін білгенін және де алдағы уақытта вакцинаның екінші кезеңін де қабылдайтынын айтқан.

Медицина докторы, биолог және Medsupportkz басшысы Ботагөз Каукенованың айтуынша, адам вакцинациядан кейін, вакцинация салынған күні де коронавирус жұқтырып алуы мүмкін.

«Вакцинада антиденелер жоқ. Оларды вакцинаға жауап ретінде сіздің ағзаңыз жасайды. Антиденелер жасау үшін денеге уақыт қажет. Бұл әдетте 2-3 аптаға созылады. «Спутник V» бірінші дозасынан кейін 3 аптадан кейін екінші дозаны салдыру керек. Одан кейін 2-3 аптадан соң денеде антиденелердің жақсы деңгейі пайда болады», деп түсіндірді ол.

Гаухар ҚАПАШ