Өнер • 15 Сәуір, 2021

Ақтоты Райымқұлова Халықаралық мәдениет жəне Дүниежүзілік өнер күнімен құттықтады

878 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 15 сəуір – Халықаралық мәдениет жəне Дүниежүзілік өнер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz 

Ақтоты Райымқұлова Халықаралық мәдениет жəне Дүниежүзілік өнер күнімен құттықтады

«Құрметті достар!
Ардақты ағайын!

Сіздерді 15 сəуір – Халықаралық мәдениет жəне Дүниежүзілік өнер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мəдениетті қорғау халықаралық лигасының ұсынысымен 1998 жылдан бері бүгін атап өтілетін атаулы күннің шынымен мəні зор. Əлем халықтарының дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері мәдениет атты асыл ұғыммен астасып жатыр.

Еңселі, дамыған ел болудың мəйегі болған мəдениеттің мығым тұғыры, алтын қазынасы өнер. Адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі өнерге арнап арнайы күн белгілеу 2012 жылдан бастау алады.

Еліміз Тəуелсіздік алып, еңсе тіктегелі бері мəдениет пен өнерге ерекше ден қойып келеді. Береке-бірлікке жаны құштар, ар-әділетті ту тұтқан халқымызды дамудың даңғыл жолына бастаған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында: «Мәдениет пен өнер - қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды», деп қос саланың жіті назарда болатынын айтқан еді.

Тəу етер Тəуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде сындарлы кезеңдерге, қиыншылықтарға қарамастан аталған салаларда қыруар жұмыс атқарылды. Алдағы уақытта да Мəдениет жəне спорт министрлігі кешенді жұмыс жоспарын жалғастырып, толайым табыстарға қол жеткізеді деп сенемін.

Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне жылы лебізімді жеткізіп, зор алғысымды айтамын. Лайым ізгілік пен жаңашылдық жолындағы еселі еңбектеріңіздің жемісті болуына тілектеспін. Мəдениет пен өнердің көкжиегін кең болсын!», деп жазылған министрдің құттықтау хатында.