Тарих • 16 Сәуір, 2021

Бақылаудағы тарих: Біз одан арыла алдық па?

1269 рет көрсетілді

Ұлы тарихи тұлға Ахмет Байтұрсын­ұлының «асықпаңдар, артымызда қазы бар!» деген сөзі бүгінгі тарихшылар қауымына тікелей қатысы бардай ұғы­лады. Бұл халқымыздың тарихының күр­делі де қайғылы сәтінде жасалған тұжы­рым. Ел өміріндегі сол бір ауыр жағдайды зерттеп, болған жағдайды ұлтқа жеткізетін ұрпақтың келетіндігіне сенім білдіру.

Ұлттың жүріп өткен жолын зерделеу ісіне байланысты аға ұрпақтың күткен сәті тәуелсіздікпен бірге жетті. Бұл қайсыбір отандастарымыздың айтып жүргеніндей өткен өмірге тым көп қарайлап, одан шыға алмағандық емес. Кез келген халық өз тарихын ғылыми тұрғыдан қорытуға мұқтаж. Ондай ең­бек кемелділіктің өлшемі. Тура қоры­тыл­маған тарих қисық айна сияқты, адас­­тырады. Ал адасқан жұрт алдауға және арбауға түседі.

 Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты ма­қаласында осы ойды қадап айтты. Сондай-ақ тарихты жазудың сенімді жолы әрбір халыққа өз тарихын өзі қорыту екендігін ескертті. Мұн­дай ұстаным, әсіресе, біздің қазақ сияқ­ты төл тарихы идеологиялық ықпал жағ­дайында жазылған ұлт үшін аса маңызды. Ұлт тарихына қатысы бар мамандар бұл ұста­нымды мемлекет, оның басшылығы тарапынан жасалып отырған қолдау есебінде қабылдағаны абзал. Осы ретте мынадай жағдайды еске алуға тура келеді. Кеңестік кезеңде қазақ тарихы төрт рет орталықтағы идеологиялық органдардың талқысынан өтіпті. Мұндай «мәртебені» ешқандай да басқа ұлттық республикалардың тарихы иеленбеген. Мұндай қызығушылықтың астарында қандай мақсат-мүдделер болды, осы сұрауға жауап іздеп көрейік. Сонымен, 1935 жыл Мәскеудегі Ком­мунистік академия жанындағы Тарих институты. Осында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Очерки по истории Алаш-Орды» аталатын кітабы талқыға түсті. Кітапқа редакторлық жасаған осы аталған институт директорының орынбасары Н.Н.Ванаг, ал кітап авторлары «Поалей Цион» атты еврей жұмысшылары партиясының бел­сенді мүшелері болған, Қазақстанға Ф.Голощекиннің шақыруы бойын­ша зерттеу жұмысын жүргізуге келгендер еді. Олардың қазақстандық тарихнамада қалдырған ізі де осы Алашорда очерктерімен шектелді. Арнайы ша­қырылған қос зерттеушіге жүктелген мін­дет 1928-1930 және 1930-1932 жылдары жүргізіліп, Мәскеу Бутыркасында аяқталған алаш қайрат­керлеріне байланысты қабылданған жазалау шараларына идеологиялық негіздеме беру болды. Бірақ Брайнин мен Шафироның бұл әрекеті сәтсіз болып шықты. Олар кітапта жа­са­ған тұжырымдарына «іргелілік» беруді көздеп, оның екінші жартысында Қарқаралы пети­циясынан (1905) бастап 1917 жылғы Жалпықазақ съездерінің шешімдері мен Алаш партиясының бағдарламасын (1917) да келтірген еді. Өз ретінде бұл құжаттар мазмұндық тұрғыдан Алаш қозғалысының анти­колониалдық сипаттағы азаттық қоз­ғалыс екендігін куәландыратын материалдар болатын. Кітап авторларының бұл «қателігін» әшкерелеуге арналған мақалалар орталық басылымдарда жарық көрді. Мәселен, Э.Генкин мен А.Ломакиннің «Историк - марксист» журналында «Против Алашордынской контрабанды» аталатын мақаласы жария­ланды (1935, №4.с.108-110).

Қорыта айтқанда, бұл жолғы тал­қы­лау 1923 жылы мәскеулік эмиссарлар
Е.М.Ярославский мен А.И.Вайн­штейннің ІІІ партия конференциясында асау қазақ басшылығы үшін жүр­гізген теориялық «сабақтарының», 1925 жылы Ф.Голощекин билікке келген соң басталған қазақ қоғамын оппозициялық күштерден тазалаудың, Алаш (яғни, ұлт-азаттық) элитасын сотқа тарту ар­қылы жою­дың логикалық жалғасы, сол арқылы қазақ қоғамын социалистік құ­рылыс және пролетарлық интернационализм жолына салудың сол бір тарихи кезеңге тиесілі көрінісі еді. Орталықтың тікелей басшылығымен мақсатты түрде жүргізілген бұл пер­ма­нентті әрі жүйелі әрекеттер екіжүз­ді, қитұрқы идео­логия­лық шаралар және зорлау әдіс-құралдары ар­қылы іске асырылды.

Қазақ тарихына байланысты мәсе­ленің келесі, екінші мәрте Мәскеуде тал­қыға түсуі 1944 жылы мамыр-шіл­де айларына тиесілі. Коммунистік пар­тияның Орталық Комитетінің идеология бойынша хатшысы А.С.Щербаковтың төрағалығымен, сондай-ақ ОК-нің хатшылары А.А.Андреев пен Г.М.Мален­ковтың қаты­суымен «КСРО тарихының мәсе­лелеріне арналған» бұл кеңестің өтуіне себеп болған 1943 жылы жарық көрген «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» кітабы­ның төңірегінде қалыптасқан жағдай еді.

Кітапқа тән бір ерекшелік, онда қа­зақ халқының отарлық езгіге қарсы, өз тәуел­сіздігі үшін күресі он шақты тарауда (барлығы 31 тарау) баяндалып, ұлттың еркіндік сүйген тұлғасының шынайы сомдалуында еді. Академик Н.М.Дружинин кейінірек өз естелігінде мәскеулік және ленин­градтық ғалым­дардың «қазақтардың өз отанына деген сүйіспеншілігіне, өткен та­рихына, сондай-ақ болашағы үшін үлкен жігерлі жүргізген күресіне» қолдау жасай отырып, кітапта баяндалған оқиғалар мен процестерге «қазақ көзілдірігімен» қа­рауға тырысқандықтарын ашық айтып жаз­ды
(Н.М.Дружинин. Воспоминания и мысли историка. М., 1967, с.64-65).

Кітап авторларының бұл ұстанымы Орталықтағы идеологиялық органдар мен ескі көзқарастағы тарихшы ға­лымдарға ұнаған жоқ. Мәселен, кітап Сталин сый­лығына ұсынылғандықтан, Сыйлықтар бо­йынша комитетке ресми пікірін білдірген А.И.Яковлев деген тарихшы кітапта Ресей үкіметінің империялық территориясын кеңейту әрекеті қорғаныстық мақсатта жүр­гізілген «прогресшіл» сипаттағы әрекет ретінде көрсетілуі тиістігіне көңіл аударып, ал керісінше қазақ халқының орыс отаршылдығына қарсылығы соншалықты маңызды нәрсе еместігін бөле айтып, еңбекте жағымды көзқарас Ресей импе­риялық мемлекеттігіне ғана емес, тіптен орыс халқының өзіне де жоқ деген қорытындыға келеді (Бранденбергер Д.Л. Национал большевизм... СПБ., 2009, с.149).

Талқылау барысында тарих­шы А.В.Ефи­мов, мәселен, А.М.Пан­кра­това­ның кітабында қазақтар таңдаулы халық («избранный народ») ретінде көрсетіледі деген мысқылды пікірін білдіріп, әлсіз және аз халықтардың тәуелсіз және дербес өмір сүру құқына күмәнмен қарай­­тындығын ашық та анық жеткізіп, империяның көрші халықтардың жері­не байланысты жүргізген саясатына легитимді сипат беруге ыңғай таныт­ты (Вопросы истории, 1996, №4, с.70).

А.И.Яковлев, А.В.Ефимов, Е.В.Тарле сияқты ғалымдардың ұстанымының негізінде күшті мемлекеттердің әлсіз көршілерінің есебінен өз территориясын кеңейтуі тарихи тұрғыдан прогресшіл құбылыс, ал бұл отарлау процесіне жер­­гілікті халықтың қарсылық танытуын асыра дәріптеу дұрыс емес, мұн­дай әрекет кері патриархалдық және фео­дал­дық қатынастарға шегеретін ұстаным есе­бінде бағалануы тиіс деген тұжырым болды.

Тарихшылар кеңесі (1944) қоры­тынды құжат қабылдаумен аяқталған жоқ. Орталық Комитет ондай құжат қабылдау мәселені ушықтыра түсуі мүм­кін деп тапты. Дегенмен дискуссия бұдан былайғы уақытта Одақтағы қазақ сияқты халықтардың тарихын жазу ісінде методологиялық негізге сол елдің қайталанбас жүріп өткен тарихи жолы емес, орталықтағы идеологиялық аппараттың талап-тілегі алынатындығын байқатты. 1943 жылы жарық көрген қазақ тарихын идеологиялық тұрғыдан жарамсыз кітап ретінде пайдалануға тыйым салынды.

Қазақ тарихының Мәскеуде ке­лесі үшінші рет талқыға түсуі маз­мұндық тұрғыдан бұдан бұрынғы (1944) талқылаумен өзектес еді. 1948 жылы 28 ақпанда КСРО Ғылым академия­сының тарих институтында академик Б.Д. Грековтің төрағалығымен Е.Бек­махановтың Кенесары Қасымұлы бас­таған азаттық қозғалыс тарихына арналған «Казахстан в 20-40-е годы ХІХ века» (1947) аталатын монографиялық еңбегі партиялық органдардың тапсырысымен дискуссия тақы­ры­бы ретінде қарастырылды.

Академик Б.Д.Греков кіріспе сөзінде Е.Бекмахановтың монографиялық еңбегін талқылаудың қазақ тарихының келесі екінші басылымын даярлау ісіне, «жалпы қазақ халқының тарихын қорыту ісінде негізге алынбақ концепцияға қатысы болатындығын» ескертті. Бұл арада беделді академиктің партияның Орталық комитетінің идеологиялық тапсырысын орындауға мәжбүр екендігін түсіну қиынға соқпайтын еді.

Бұл жолы Е.Бекмахановтың ғы­лы­ми ұс­танымын «буржуазиялық ұлтшылдықтың» көрінісі ретінде айып­тау ісінде қазақ тарихшылары Шойынбаевтың, Ақынжановтың және Айдарованың белсенділік танытқанын атап айтқан жөн. Абырой болғанда бұл аталған азаматтардың ұстанымы мәскеулік ғалымдар тарапынан қолдау таппады. Талқылауда сөз алған ғалым А.П.Кучкин, мәселен, К.Қасымұлы бас­таған қозғалыс «ұлт-азаттық сипат алғандықтан ұлт-азаттық күресте тап­тық мүдде кейінге ысырылып, алға жал­пыұлттық мүдде шығатындығы» толық табиғи құбылыс екендігіне тоқталды. Ол «Бекмахановтың ұста­нымы, концепциясы негізді» екендігін ашық қорғап, Айдарова мен оның серіктерінің «Бекмахановты жойып жіберуге» әзір тұрғандықтарын айыптады.

А.П.Кучкиннің Бекмаханов еңбе­гіне берген бағасы Н.М.Дружинин, С.В.Бахрушин, М.П.Вяткин және А.Ф.Якунин сияқты ірі зерттеуші ғалым­­дардың тарапынан қолдау тауып, идео­логиялық органдардың тапсырысы орындалмады. Дегенмен пар­тиялық тапсырыс Алматыда іске асырылды. 1951-1952 жылдары қазақ тарихы мен руханиятын зерттеу ісінде «буржуазиялық ұстаным» танытқандары үшін арасында Е.Бекмаханов бар жаңа буын (Б.Сүлейменов, Е.Исмаилов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов және басқалар) шығармашылық иелері абақтыға жабылды.

Қазақ тарихына қатысты соңғы төртін­ші талқылау. 1976 жылы 13 ақпанда КСРО ҒА Тарих және әдебиет пен тіл бөлім­дері бюро­ларының бас қосқан мә­жілі­сін­де өтті. Бұл жолы талқыға ақын және ғалым О.Сүлейменовтің «Аз и Я» (1975) кіта­бы түсті. Кеңестік кезең­нің күзінде өткен «Аз и Я» кітабын талқылау нені көрсет­ті? Дәстүрлі Орыс демократиясының соңғы өкілдерінің санатындағы академик Д.С.Лихачев О.Сүлейменовтің кітабына байланысты білдірген пікірінде «Көңілінің терең түбінде өз халқына, оның мәдениетіне сенбейтін ұлтшылдар ғана елінің мәдениетке қосқан үлесін жасанды түр­де үлкейтіп көрсетеді» деген пікірін біл­дірді. Бұл, әрине, кезінде саяси репрессия құрбаны болған ғалымның қатыгез ұлыдержавалық тәртіптің құрсауындағы мәдениетке араша түсудің орнына, керісінше оны табалауы, сол арқылы өзінің де империялық идеологияның қуыр­шақ құралына айналғандығының көрінісі еді.

Соңғы талқылау сонымен бірге 1941-1945 жылдары соғыс тұсында кеңестік кеңіс­тікте қалыптасқан ұлтшыл-боль­шевизм идео­логиясының өрлеу шегіне жетіп, ғылым­ның гуманитарлық салала­рымен өзара кірігіп кеткендігінің де айға­ғы болды. Өз ретінде бұл мазмұндағы озбырлық ұлттық сана тарапынан қарсы­лық туғызбай қоймайтын еді және оның сәті түскенде кезекті бір серпіліске ерік беретіндігі де анық-тын.

Сонымен, 1935, 1944, 1948 және 1976 жыл­дары ұлттық тарихнамаға байланысты болып өткен бұл талқылау­лардан шығатын тұжырым қандай болмақ?

Ең алдымен байқалатыны, әрине, кеңестік кезеңде өмірге келген ұлттық тарихнаманың гуманитарлық ғылым саласы ретінде орта­лық билік тарапынан мұқият бақылауда болғандығы. Сондай-ақ ол алғашқы жасаған қадамынан бастап-ақ мынадай мазмұндағы концеп­туал­дық тұжырымды берік ұстануға міндеттенді.

  1. Қазақ елінің Ресей империясының құрамына «өз еркімен қосылуы» оның жер бетінде ұлт ретінде сақталып қалуы­­ның баламасыз алғы шарты есе­бінде көрсетіліп, бұл шешімнің тура екен­дігі, әсіресе Ресей қоғамының «революциялық» перспективасынан анық байқалып, тарих ғылымына міне осы «шындықты» жан-жақты дәріп­теп, баяндау жүктелді. Ал Ресей би­лігі құрамындағы өмірге қарсылық таныт­қан (Исатай Тайманұлы, Кенесары Қа­сым­ұлы, Алаш қозғалысы және басқалары) азаттық қозғалыстар прогреске қарсы әрекет есебінде баяндалуға тиіс болды.

Империялық, ұлыдержавалық күш­тер­дің қа­зақ мем­лекеттілігін ыдырату (XVIII-XX ­­ғғ.), қазақ халқының санасы­нан ұлттық мем­лекеттілік идея­сын ығыс­тыру әрекеті, оның есесіне керісін­ше руаралық, жүзаралық алауыздықты өр­шіту ұстанымын зерттеу жабық тақы­рып­қа жатқызылды.

Оқу бағдарламаларында ашық және басым түрде Ресей империясының жетіс­тіктері мен жеңістеріне басымдық беріл­ді. Түркі және қазақ халықтарының тарихи құндылықтары мүмкін болғанша ұмыт қалуға тиіс болды. Осы мазмұндағы сұрыптау тарихи тұлғалардың қызметіне де байланысты жүргізілді.

  1. Отан тарихын зерттеу және баян­дау ісінде мейлі ол патшалық немесе кеңестік кезең болсын басымдық жа­ғымды құбылыстар мен нәтижелерге берілуі тиіс еді. Биліктің жүргізген ре­фор­­малары қазақ халқының тек өсіп-өркендеуіне жол ашқандай көрсетілді. Ал осы империя құрамындағы қазақ хал­қы­ның өміріне байланысты не керектігін оның өзінен сұраған ресейлік шенеунік бол­мағандығы, мұндай отарлық күйдің жинақы көрінісі қазақ қоғамынан бір­де-бір реформатор тұлғаның шық­па­ғандығы, бұл шындықтың мақтаулы ком­мунистік кезеңге де тән екендігі қа­пер­ге алынбады. Қазақ халқының ХХ ғасыр­да сан жағынан да, сапа жағынан да кеміп кетуіне соқтырған трагедиялық кезеңдердің қай­талануы соған байланыс­ты екендігі құпия ұсталды.

Басқаша айтқанда, ұлт тарихнамасында ұлттық өсіп-өркендеуге байланыс­ты балама жол мен жоба туралы ауыз ашып, мәселе көтергізбеу қалыпты, үйрен­шікті жағдайға айналды. Кенесары Қасымұлы мен Әлихан Бөкейхановтың ұлттық мемлекеттік идеясын жаңғырту әрекеті ұлт тарихнамасындағы ең даулы тақырыпқа айналуы осы жағдайға байланысты еді.

Қорыта айтқанда, жоғарыда баяндал­ған концепцияның астарында қазақ қо­ғамы өз бетінше еркін өмір сүре алмайды, оған Ресей билігі ұсынған өмір сүру салтын қабылдаудан басқа балама жол жоқ деген тұжырым болды. Би­лікке тән бұл ұстаным 1951-1952 жыл­­дары сотқа тартылған қазақ тарих­шылары, әдебиеттанушылары және жазушыларының тағдырынан анық байқалды. 1952 жылы 25 жылға абақтыға кесілген тарихшы Е.Бекмахановтың ісін қайта қарауға байланысты КСРО Ішкі істер министрлігінің аса маңызды істер бойынша тергеу бөлімінің қаулысында (Мәскеу қаласы, 1954 жыл, 16 ақпан) біз қарап отырған мәселеге сәуле түсіретін мынадай мазмұндағы фактілерді кез­дестіруге болады:

«Бекмаханов Ермұқан Қазақ КСР Мем­лекеттік Қауіпсіздік министрлігі тара­­пынан 1952 жылы 5 қарашада ұлт­шылдық қызметі үшін тұтқындалған. Тергеу барысында анықталғандай, Бекмаханов тарих саласында ғылыми қызметкер бола жүріп, 1942-50 жылдары баспа жүзінде жариялаған жұ­мыстарында, ашық сөздерінде, таныс­тарымен арадағы әңгімеде тарихи фак­тілерді бұрмалап және реакциялық көзқарастағы ақындардың, сондай-ақ халық жаулары – алашордалықтардың шығармаларын пайдаланып, Қазақстан тарихына қатысты Кенесары Қасымов қозғалысын буржуазиялық ұлт­шылдық ұстаным тұрғысынан баяндады, өз кезегінде оның бұл әрекеті КСРО халық­тары, әсіресе орыс және қазақ халық­тары арасындағы достықты ыды­ратуға бағыт­талып, қазақ жастары мен зиялы­ларының белгілі бір бөлігін буржуазия­лық ұлтшылдықтың уымен улады».

Ал енді осы тарихтың немен аяқтал­ғанына назар аударған артық емес. Ол, әрине, тарихшыны рухани және физикалық тұрғыдан азаптаумен және сындырумен, сол арқылы оны билік қала­ған жолға салумен аяқталды. Жо­ға­рыда аталған қаулының соңында Е.Бек­махановтың абақтыдан кейінгі көзқарасындағы өзгеріске байланысты мынадай жолдарды оқимыз: Бекмаханов «после критики ошибочной буржуазно-национальностической концепции в оценке движения Кенесары Касымова, в течение 1951-1952 г.г. подготовил монографию «Присоединение Казахстана к России в ХІХ веке», свободную от националистических ошибок».        

Е.Бекмаханов 1953 жылы 15 шілдеде партияның бірінші хатшысы Н.С. Хрущевқа жолдаған хатында «Әрбір таза кеңес адамының міндеті – өзінің қателігін мойындап, оны іс жүзінде түзеу болып табылады. Мен неге ондай мүмкіндіктен бас тартуым керек? Мені түзелмейтін адам дегенге кім сенеді? Ленин-Сталин партиясы мен сияқтылардың талайын ақиқат жолына салған еді ғой!» деп жазды.

Мұндай «ақиқат» жолына салудың нәтижесі қандай? Жақында ғана өзім қа­тысқан онлайн жиналыс болып өтті. Осы басқосудағы әңгіменің біздің тақы­рыбы­мызға  тікелей қатысы болған­дық­тан тоқ­талуға тура келеді.

Сәуірдің алғашқы күндерінің бірін­­де енді жазылмақшы көптомдық Отан тарихының алтыншы кітабының кон­цеп­циясы талқыға түсті. Оны жазуға қатысатын авторлардың бірі отырған көпшілікті кітаптың жобасымен таныстырды. Бұл арада елеусіз қалдыруға болмайтын екі ғылыми ұстанымның өзара қарсы келгенін атап айтқан жөн. Жобаны ұсынған авторлардың пікірінше, ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы 1917 жыл­ғы қос революция және азамат соғы­сы­ның жай-жапсарын, яғни кітаптың алғашқы тарауы осы іргелі тақырыпты баян­даудан басталғаны жөн екен. Кітап­тың жобасына түсінік берген, өзім сыйлайтын әріптесім, рас, қазақ қоғамында бұл тарихи кезеңде ұлттық зиялылар буыны болды, дегенмен ол толыққанды интеллигенция деңгейіне жетпей, бөлініп-жарылып, әлеуметтік күшке айнала ал­маған күйінде сөнді деген ойды жет­кізді.

Кеңестік кезең тарихына арналған осы алтыншы томның жоба авторлары ұсынып отырғандай 1917 жылғы қос революция және азамат соғысының тарихын баяндаудан басталғаны ғылыми тұрғыдан қаншалықты ұлт тарихының осы кезеңіне үйлесімді болмақ? Бұл, әрине, ұсақ-түйек нәрсе емес. Анығырақ айтқанда ел тарихының кеңестік кезеңін тура түсініп, қорытуға қатысы бар өзекті мәселе. 1917 жылғы буржуазиялық-демо­кратиялық аталған Ақпан революциясы мен социалистік аталған Қазан революциясы қаншалықты қазақ халқы­ның төл тарихынан қайнап шыққан құбы­лыстар еді?

Кітап жобасын даярлаған авторлар кеңес­тік кезеңде таптаурын болған жолға түсе салудан бұрын өздеріне бір сәтке осы сауалды қойып, оған өзге емес, өз тарихымыздан жауап іздегені дұ­рыс еді.

Бұл қойылған сауалға өткен ғасырдың 20-ншы жылдары-ақ сол аталған тарихи оқиғаларға куә болып, оларды қазақ өмірімен байланыста қорытып, жүрегінен өткізген ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлері жауап беріп үлгерген-ді. А.Байтұрсынұлы, мәселен, қазақтар үшін Ақпан революциясын соншалықты түсінікті көрініп, оны қуанышпен қарсы алған болса, Қазан революция­сы соншалықты түсініксіз көрініп, оны үреймен қарсы алуға мәжбүр бол­ға­нын жазды. Мағжан Жұмабайұлы Қазан төңкерісін Ресей арқылы жеткен еуро­палық құбылыс ретінде бағалады.

Қорыта айтқанда, қазақ қоғамы ХХ ға­сырдың басында әлеуметтік-таптық күрес арнасында емес, антиколониалдық, ұлт-азаттық күрес арнасында тұрды. Яғни бұл тарихи кезеңде жерінен, салт-дәстүрінен, тілі мен ділінен, дінінен айырылып қалу қаупі алдында тұрған қазақ халқына қажеті таптық жіктелу жолына түсу емес, ұлт тұтастығы мен ауызбірлігін сақтау арқылы ұлттық мемлекеттігін жаңғырту еді. Ал таптық жіктелу жолын таңдап, рево­лю­ция­лық төңкеріс иіріміне тартылған халық берекесіздікке ұрынып, арандап қала­тынын Ә.Бөкейханов бастаған азаттық қозғалыс басшылары жақсы түсінді, халық­ты бұл жолдан іргесін алыс ұс­тауға үндеді. Осы тұжырымға келген азаттық қозғалыс басшылары қазақ мәсе­лесінде большевиктер партиясы жетекшілерінен жоғары тұрды. Қазақ хал­қының жүріп өткен жолы бұл тұжырымға негіз бола алады.

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамдық өміріндегі негізгі мәселе ол ұлт болашағы үшін күрес алаңына жаңа сапа және маз­мұндағы ұлт-азаттық қозғалыстың көте­рілуі еді. Оның басында ұлт оқығандары тұрды. Басқаша айтқанда, 6-томда негізгі өзекті мәселе ретінде алға большевиктер партиясы тарапынан қазақ қоғамына енгізілген таптық жіктелу және тап күресі мәселесі емес, ұлттық құндылықтарды сақтау үшін ақтық күрес жолына түскен ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбы шыққаны тарихи шындыққа сәйкес келмек.

 

Мәмбет Қойгелдиев,

академик

Соңғы жаңалықтар

«Егеменге» жазылыңыз – сыйлық ұтып алыңыз!

Егемен Қазақстан • Бүгін, 19:08

Курчатовта АЭС салынуы мүмкін

Қазақстан • Бүгін, 18:02

Вакцина салдырғандар саны артты

Коронавирус • Бүгін, 09:35

905 адамнан коронавирус анықталды

Коронавирус • Бүгін, 09:08

Ұқсас жаңалықтар