Министрліктің уәжі
Мәжіліс депутаты Альберт Рау жанар-жағармай нарығында баға келісімі және картельдік келісімдер бойынша тергеу жүргізілуі керек деп санайды.
– Жыл басынан бері АИ-92 маркасы Алматыда – 160, Нұр-Сұлтанда – 170, Ақтауда – 172, Атырауда 200 теңгеге жетті. Бұрын ведомство баға қымбаттауын импортқа тәуелділікпен, мұнай өңдеу зауытындағы (МӨЗ) жөндеу жұмыстарымен түсіндіретін. Бұл жолы Атырау МӨЗ-індегі технологиялық қондырғылардың апатты жағдайда тоқтауымен байланыстырады. «Объективті себепті» әрқашан табуға болады. Бірақ бұдан қарапайым көлік жүргізушілері зардап шекпеуі керек. Бензин бағасының өсуі тауар, тариф және қызметтер бағасының өсуіне де әсер етіп, ақырында бұл қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ түсіреді, – дейді депутат.
Энергетика министрлігі мұнай өнімдерінің бағасы нарықтағы ұсыныс пен сұранысқа байланысты реттелетінін айтады. Үкімет неліктен бензин бағасын қолдан арзандатуға қауқарсыз? Мұндай әдіс неліктен тиімсіз? Ведомство былай жауап береді: «Егер баға төмен болса, отандық өнім көрші нарықтарға кетіп, өз нарығымызда тапшылық туындайды. Ал егер баға жоғары болса, профицит туындап, қоймаларға бензин толып, бұл мұнай өңдеу зауыттарындағы қайта өңдеу көлемінің азаюына алып келеді. Жанар-жағармайға төмен бағалар дәлізі жер қойнауын пайдаланушылардың қайта өңделген шикізатқа төмен баға ұсынуы арқылы субсидияланып келді. Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытына жеткізілетін мұнай бағасы тоннасына 20-45 мың теңге аралығында құбылып тұр. Қайта есептегенде барреліне 6,5-15,2 долларды құрайды. Бұл ретте мұнай бағасы барреліне 60 доллардан асып кетті» делінеді министрлік хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша, егер баға қолдан төмендетілсе, онда мұның игілігін қазақстандықтар ғана емес, шекаралас облыстардағы көрші елдер азаматтары да көріп кетеді. Екіншіден, мұнай өнімдері «көлеңкелі» жолмен экспорттала бастайды. Үшіншіден, мұнай-газ саласының тұрақты дамуына үлкен қауіп төнеді. Альберт Рау болса, министрлік жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдап, бензин бағасын реттеудің тиімді тетіктерін әзірлеуі және енгізуі керек деп есептейді.
Баға неге басынды?
Халықаралық рейтингтік GlobalPetrolPrices.com сайтында 12 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстандағы бензин бағасы 171,6 теңге, дизель бағасы 183,4 теңге деп көрсетілген. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бензин бағасы қайта кеш өсіп отыр. Ол 2020 жылы-ақ көтерілуі керек еді деді:
– Елімізде бензин бір жыл бойы өзіндік құнынан төмен сатылып келген. Мысалы, біздің мұнай өңдеу зауыттарына мұнай бағасы барреліне шамамен 30 доллардан, яғни әлемдік бағадан екі есе төмен жеткізіледі. Егер шикі мұнай баррелін литрге ауыстырсақ, қазақстандық мұнайдың бір литрі әлемдік нарықта шамамен 170 теңге тұрады, ал бензин қазір литріне осы бағаға жақындап қалды. Яғни дайын өнім мен шикізаттың бағасы шамалас. Мұнай, кез келген тауар сияқты өзіндік құнға ие және ол жыл сайын валюта бағамына, инфляцияға, соның ішінде жалақының өсуіне байланысты өсіп отыруы қажет.
2019 жылдың соңында бензинді көтерме және бөлшек саудада сатуға акциз салығы көтеріліп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жоғары акциздер қолданысқа енді. Бензин құны сегіз теңгені құрайтын акциз 18 теңгеге дейін өсуі тиіс еді. Бірақ жаңа жылдан бастап жанар-жағармай құю бекеттерінде баға көрсеткіші 10 теңгеге өскен жоқ. Мұны «ескі» қорлардың жаппай сатылуымен немесе нарық қатысушылары маржасының төмендеуімен түсіндіруге болады, дейді сарапшы.
– Негізгі фактор – нарық пен нарықтық қатынастар. Соңғы 9 жылда үкімет пен жанармай нарығының ойыншылары мұнай өнімдері саудасын биржаға шығаруға дайындық жүргізіп келді. Биыл 31 наурызда Қазақстан тарихында алғаш рет АИ-92 және АИ-95 бензиндері биржалық алаңда сатылды. Сәуір айында Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» өндірген АИ-92 және АИ-95 бензиндерін сату үшін 6 сауда сессиясы өткізілді. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына ірі көлемде мұнай жеткізушілер сатушы ретінде қатысты. Бүгінге дейін көтерме бағаның өсуін тежеп келген осы кәсіпорындар болатын. Биржадағы сауда қандай өзгеріс әкелді? 6 сауда сессиясында АИ-92 бензиннің көтерме бағасы 30 пайызға өсті. Ешқандай алыпсатарлық әрекет болған жоқ. Нарықтың барлық ойыншыларына мүмкіндік теңдей ұсынылды. Сатушы сатып алушыны көрмейді, сатып алушы кімнен сатып алатынын білмейді, – дейді М.Халық.
Алдағы болжам қандай?
Телеграмдағы FINANCE.kz каналының бас редакторы Андрей Чеботарёв әзірге біздің бензин бағасының Ресейдегі бағамен теңесе қоюы екіталай деп тұжырымдайды. Дегенмен жазға дейін литрі 200 теңгеге жетуі әбден мүмкін.
– Біздің ЕАЭО аясында энергетикалық ресурстардың ортақ нарығына бірігіп жатқанымызды ұмытпау керек. Жоспар бойынша нарық өз жұмысын 2025 жылдың 1 қаңтарында бастайды. Биржа да сол келісім аясында іске қосылып отыр. Ортақ нарықты құру жобасы биржалық сауданы дамыту және нарықтың барлық қатысушысы үшін сауда-саттыққа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету идеясына негізделген. Бұл олар үшін бәсекелестік ортаны қалыптастырады, бағалардың ашықтығын қамтамасыз етеді, – дейді.
Оның айтуынша, ұзақ уақыт бойы Қазақстандағы бензин бағасы қолдан тежеліп келді. Соның өзінде ішкі нарықтағы сұранысты толығымен жауып қана қоймай, жанармай экспортын ұлғайтуға да мүмкіндік берді. Тіпті былтыр акциздің өсуі де бағаны өсірген жоқ. Ал енді жанар-жағармай биржасында ашық сауда басталып еді, тежеліп тұрған факторлардың «тынысы ашылып», баға еркін өсе бастады. Мұны табиғи заңдылық әрі пайда деп қарау керек, дейді сарапшы. Яғни баға өсуінің арқасында сала модернизация шығындарын жауып, экспорттық потенциалды арттыруға күш салып, отандық мұнай экспортын әртараптандыруға мүмкіндік алады.
– Баға тұрғысынан бәсекелестік арқасында біз Ресейге кім, қанша тонна бензин алып бара жатыр деп шекарада күзетіп тұрмай, оны өркениетті және ашық түрде саудалап, соның арқасында өндірісте жұмыс орнын құрып, жоғары жалақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік алуымыз керек, – дейді А.Чеботарёв.
«Байдильдинов. Нефть» авторлық бағдарламасының жүргізушісі Олжас Байділдинов «мұнай өндіретін елде бензин арзан болу керек деген – қате түсінік» дейді.
– Тауар өзіндік құнынан арзанға сатылмайды. Бұл туралы айтқанда адамдар Парсы шығанағын, Араб елдерін мысалға келтіруге құмар. Мәселен, БАӘ-де АИ-95 бағасы – 255 теңге. Ресейде 250-270 теңге шамасында. Қазақстан мұнайы өз сапасына байланысты барреліне 60 доллардан сатылады. Бір баррелде 159-160 литр мұнай бар. Яғни 1 литр шикі мұнай – 170 теңге. Қазір отандық бекеттерде АИ-92 бағасы шамамен осы бағаға жетті. Одан бөлек мұнайды зауытқа жеткізіп, қайта өңдеп, одан тағы 2-3 мың шақырым жол жүріп жанармай бекетіне апару, еңбекақы, салық, акциз төлеу керек. Қаймақ пен май бағасы сүттен қымбаттап кетсе ешкім таңғалмайды. Ал өндірушілер жанар-жағармай отынын қымбаттатса, наразы болады. Олар үнемі минусқа жұмыс істей алмайды ғой, – дейді сарапшы.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Жанат Мұсабаевтың айтуынша, биржа баға өсіміне тікелей әсер етті деп санауға болмайды. Өйткені биржада бүкіл бензиннің 10 пайызы ғана сатылды. Қалған 90 пайызы әлі дәстүрлі жеткізу және келісімшарт жолымен саудалануда.
Сарапшылардың айтқанынан ұққанымыз, өндірушілер онсыз да жылдан астам уақыт өнімді нарықтағы құнынан төмен бағаға жеткізді. Шығынды экспорттық түсім есебінен жапты. Енді олай жалғастыра беру мүмкін емес. Өйткені әлемдік мұнай бағасының арзандауы экспорттық түсімнің төмендеуіне әсер етті. Былтыр қаңтарда мұнайды қайта өңдеу акцизі литріне 5-7 теңгеге көтерілді. Ал биыл «Қазақстан темір жолы» темір жол тасымалы бағасын 13 пайызға өсірген. Осындай қысымдардың өзіне төтеп беріп, кеш қымбаттап жатқан бензин үшін де тәуба айту керек дегенге саяды сарапшылар пікірі.
Ведомство дерегінше, елде АИ-92 бензинінің қоры жеткілікті. Жыл басынан бері қор 60 мыңнан 270 мың тоннаға дейін көбейген. 15 сәуірдегі дерек бойынша Royal Petrol жанармай бекеттері желісінің ресми сайтында АИ-92 бағасы – 168, АИ-95 – 188, АИ-98 – 212 теңге деп көрсетілген. Ал Sinooil компаниясының бізге ұсынған мәліметі бойынша 15 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында АИ-92 – 166, АИ-95 – 188 теңгеден, Алматыда АИ-92 – 164, АИ-95 – 186 теңгеден сатылған.