Тарих • 15 Сәуір, 2021

Сайлау Батырша-ұлы: Қазақтың көші тоқтамауы тиіс

1593 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Сайлау Батырша-ұлы ғүмы­рының елу жылын мемлекеттік қызметке, соның ішінде ел мен елді табыстырған дипломатия саласына арнаған тұлға екенін ел жақсы біледі.

Сайлау Батырша-ұлы: Қазақтың көші тоқтамауы тиіс

Қазақ дипломатиясының ақсақалы жиған-терген мол тәжірибесін жастарға үйретіп, қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор болып жүр. Айтулы азамат тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жауапты қызметтер атқарып, еліміздің егемендігі жолында ерен үлес қосқан еді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерімен әңгімеміз де осы төңіректе өрбіді.

 

Тәуелсіздік үшін бүкіл қоғам күресті

– Сайлау Батырша-ұлы, та­рихқа үңілсек, мызғымастай көрінген Кеңес Одағы ыдыраған сәтте оның құрамындағы елдер­дің ішінде алдымен Балтық жа­ғалауы елдері – Литва, Латвия, Эстония егемендігін алды. Одан кейін Украина, Белоруссия, Кав­каз мемлекеттері кетті. Олар­­дың ізін ала Орталық Азия елде­рі дербестігін жариялады. Ал Қазақстан КСРО құрамынан ең соңынан шықты. Көптің к­ө­ңілін күпті еткен сұрақ: «біз неге күл­лі одақтас елдердің соңы­нан тәуелсіздік алдық?».

– Кеңес Одағы құрамында бол­ған 15 республика өз еркімен одақ құрды деп айтылады. Шын­дығында олай емес. Одақ сол ел­дердің еркінен тыс, қүшпен құ­рылған болатын. Әсілінде бір-бірімен тең мемлекеттер ғана одақтас болады. Ал КСРО кезінде ешқандай теңдік болған жоқ. Билік Мәскеудің қолында болды. Бір коммунистік партия ғана бүкіл елді басқарды. Ал М.Гор­бачев билікке келгеннен кейін көппартиялы жүйеге рұқсат берді. Сол-ақ екен, республикаларда демократиялық партиялар, ұлттық ұйымдар құрыла бастады. Елдер демократияның жолына түсті. Міне, осы көппартиялы жүйе қы­зыл империяны ыдырату­дың ал­ғашқы баспалдағы еді. КСРО экономикалық, өндірістік дағ­дарысқа душар болды, сырт­қы қарыздары көбейді, халық­тың тұрмысы нашарлады. Осы ұрым­тал тұсты республикалар ұтым­ды пайдаланды. Олар Консти­туция­сын­дағы «егемен республика» де­генді қанағат тұтпады. «Бізге мем­лекеттік тәуелсіздік керек» деп та­лап қойды және сол мақсатына жетті.

Қазақстанға келсек, тәуел­сіз­дікті бірден алып кетуге шикі­затқа байланған әлсіз экономикамыз бен демографиялық жағдайымыз тос­қауыл болды. Еліміз КСРО экономикасына тәуелді еді. Машина жасайтын зауыттардың көпшілігі Ре­сей, Украина, Белоруссияда са­лынды. Ал өзіміздің дайын өнім­деріміз небәрі 10% еді. Қал­ғанының бәрі өзге республикалардан келіп отырды. Оның үстіне қазақ халқының саны да аз − 44%-ға жетер-жетпес болатын. Есесіне, өзге этнос өкілдері, соның ішінде орыстардың үлесі қазақтардан асып түсті. Әсіресе, солтүстік өңір­лерде көп шоғырланған славян ұлттардың ішінен «егер Қазақстан тәуелсіздігін алса, біз жерімізбен бірге, Ресейге қосыламыз» дегендер табылды. Егер сол кезде еліміз әй-шәйға қарамай, дербестігін жариялай салғанда азаматтық соғыс оты тұтанып кетуі мүмкін еді. Сондықтан Елбасы – Тұңғыш Пре­­зидент Н.Назарбаев жан-жа­ғымызды барлап, төңірегімізде болып жатқан қиын жағдайларды жіті бақылап барып, шешім қа­былдады. Оның соңы сәтті болды. Қазақстан тәуелсіздікке бей­біт жолмен жетті. Ең басты жетіс­тігіміз де осы еді.

– Еліміз тәуелсіздігін ала ма, жоқ па деген елең-алаң шақта сіз Сыртқы істер министрінің орынбасары, кейін министрдің міндетін атқардыңыз. Демек, сол кездегі аумалы-төкпелі жағ­дай­ды да жете білесіз. Енде­ше, Қазақ­станның дербес ел болу­дағы ұмтылысы жайында, еге­мен­­дігіміздің қалыптасу жолдары жөнінде өз аузыңыздан есті­сек...

– Бізге тәуелсіздігімізді жа­рияламас бұрын алдымен ха­лықаралық қолдау табу қажет болды. Азаттықты бірден жа­рия­лауға сол кездегі мүшкіл жағ­дайымыз мүмкіндік бермеді деп жоғарыда айттым. Өйткені халық санының аздығына байланысты қазақтардың саяси күш ретінде бірігуі де қиынға соқты. Сондықтан әлемдегі өзге мемлекеттер еліміздің тәуелсіздігін мо­йындауы күн тәртібінде тұрды. Мысалы, Литва, Латвия, Эстония елдері Кеңес Одағы ыдырамаса да бостандыққа қол жеткізе алатын еді. Себебі, олар 1940 жылға дейін тәуелсіз мемлекет болып келді, алпауыт АҚШ, Еуропа мемлекеттері де оларды қолдады. Ал біздің дер­бестігімізді қорғайтын, қол­дайтын кім бар? Сондықтан дипломатия алдымен әлемдік қауымдастықтан қолдаушыларды іздестірді.

Тәуелсіздік жариялаудан бір жарым жыл бұрын, 1990 жылдың шілдесінде сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы, Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдым. Жүздесу барысында Кеңес Одағы ыдырайтыны туралы, сондықтан ерте бастан қам жасап, тәуелсіздікке дайындық жасау керектігіне келістік. Ол кісі «дипломатия саласында тәжірибең бар, халықаралық ахуалды білесің, Республиканың сыртқы байланысын нығайт» деп, мені Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындады.

Сол кезде Қазақстанның тәуел­сіздігі үшін бүкіл қоғам болып кү­ресіп жатты. «Азат», «Жел­тоқ­сан» қозғалыстары, көптеген қоғамдық ұйымдар, патриот жас­тар ерекше белсенділік танытып, бостандық алу жолында үлкен іс тындырды. Еліміздің тезірек дербес мемлекет атануы үшін ха­лықтың қаншалықты асық­қанын көзімізбен көрдік. «Бос­тандық! Тәуелсіздік!» деп ұран көтерген жұртшылық Үкімет үйі ғимаратының төңірегін босатпады. Ал сол кезде қазақ дипломаттары тәуелсіздігімізге қолдау білдіретін мемлекеттермен жан-жақты байланыс орнатып жатқан еді.

1991 жылы қыркүйек айында Президент Н.Назарбаевтың тап­­сырмасымен Сенегалда өт­кен Ис­лам конференциясы ұйы­мының саммитіне қатыстым. Сол жерде он шақты мұсылман мем­­­лекетінің басшыларымен кез­десіп, Қазақстан тәуелсіздігін жа­риялауға дайындалып жатқанын хабарлап, олардан қолдау таптым.

Ал 1991 жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына КСРО делегациясының мүшесі ретінде қатысқан кезде Нью-Йорктен Вашингтонға барып, АҚШ Конгресінің сыртқы саясат жөніндегі комитеті мен Мем­лекеттік департаментінде кез­десу өткіздім. Онда Қазақстан «Мем­лекеттік егемендік туралы» декларациямен шектеліп қал­май, тәуелсіздікке баратынын мәлімдеп, АҚШ-тың қол­да­уын сұрадым. Одан кейін Аме­рика Құрама Штаттарының Мем­лекеттік департаментінде болдым. Осы департаменттің Кеңес Одағы басқармасының Орталық Азия бойынша басшысымен кез­дестім. Онда да Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан тәуел­сіздігі жөніндегі ойын АҚШ бас­шылығына жеткізуді сұрадым.

1991 жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясына қатысқан сәтте «Қа­­зақ­стан тәуелсіз мемлекет болса, мұндай ықпалды ұйым­ның мүшелігіне кірудің жолдары қандай?» деген ой кетпей қойды. Ұйымның құрылымын, мүшелікке алу тәртібін, жар­ғысын зерделедім. Шетел жур­на­листеріне арналған баспасөз конференциясында «Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына Ресей, Украина, Белоруссия секілді кіре алады, егемендік декларациясымен шектелмейді, тәуелсіздігін алады» деп мәлімдедім. Бұл жө­нінде ТАСС (Кеңес Одағының Телеграф агенттігі) тілшісіне де сұхбат бердім. Мәлімдеме агенттік арқылы әлемге таралды. Бірақ өз елімде бұл туралы бірде-бір ақпарат жарияланбады...

− Неге?

− Оның себебін кейін білдім.  «Не болса да аяғына дейін барайын» деп бекіндім. Сол күні сұх­батты «Егемен Қазақстан», «Казах­стан­ская правда», «Алматы ақ­шамы», «Вечерняя Алма-Ата», «Огни Ала­тау», «Жетісу» газеттеріне Нью-Йорктан факспен салып жі­бер­дім. Бұл басылымдар жария­лап жіберді. Сұхбат шыққан күні маған Алматыдан телефон қо­ңыраулары көп соғылды. Бәрі қуанып, бір-бірін құттықтап хабарласып жатты.

Міне, тәуелсіздік алу жолында сыртқы елдермен жарасымды байланыс орнатып, халықаралық қатынасты дұрыс жолға қойғанның арқасында көптеген ел бізді тез арада тәуелсіз ел ретінде мойын­дады. Жаңа мемлекетті әлем мо­йындаған соң ішкі славян диас­пора өкілдерінің сепаратистік ойы іске аспай қалды. Осылайша қантөгіссіз-ақ ұлы күнге қол жет­кізген жайымыз бар.

Өз қазағымызды өзекке тебу – елдігімізге сын

− Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен қатар, шетелдегі қазақтардың Отанына оралуына жол ашылғанына да 30 жыл толып отыр. Азаттықтың ал­ғашқы жылдарындағы есте қалған ерекше оқиғалардың бірі – елімізде Дүниежүзі қазақ­та­рының алғашқы құрыл­тайы­ның өтуі. Мұндай айтулы жиынның басы-қасында өзіңіз бо­лып, оның жоғары деңгейде өтуі­не атсалысқаныңызды бі­леміз...

− Алғашқы құрылтайдың бас­ты мақсаты – шартарапқа тарыдай шашылған қандастарымыздың басын қосып, елге шақыру еді. Мұндай алқалы жиынды бізден бұрын көптеген ұлттар өткізді. Украин, беларусь, латыш, грузиндер жан-жақтағы қандас бауырларын шақырып, съезд ұйымдастырды. Тіпті Ресейдің құрамындағы татар, башқұрттар да олардан қалыспай, өзге елде жүрген бауырларын өз­деріне тартты. Ал біз елдегі өзге ұлттың көңіліне қаяу түсіріп аламыз ба деп жалтақтап, ұзақтау жүріп қалдық. Тіпті құрылтаймен қабаттастырып, өзге этностардың достық фестивалін де өткізбекші болдық...

Алғашқы алқалы жиынға әлем­нің 33 елінен қазақтар қа­тыс­ты. Еліміздің шын мәнінде тә­уелсіз мемлекет болғанын өз кө­зімен көрген қандастарымыз өзегі жарыла қуанып, атажұртына оралуға ниетті екенін жеткізді. Құ­рылтайдан кейін елімізге қан­дастарымыздың алғашқы көші ағы­лып, көңіліміз тасыды. 1991 жылдан бері елге оралған ағайын­дардың саны 1 миллионнан асты. Олардың ішінде мәдениет, білім, ғылым және тағы басқа салаларда үлкен табыстарға қол жеткізген бауырларымыз көп. Мысалы, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авто­ры, белгілі сәулетші Жандар­бек Мәлібеков, әйгілі суретші Әб­ді­мәлік Бұқар­баев, опера жұл­дызы Майра Мұха­медқызы, белгілі тұлғалар З.Қи­наятұлы, Қ.Сартқожаұлы, Т.Зә­­кенұлы, Д.Мәсімханұлы, А.Ах­­мет­бек, биші Шұғыла Сапар­ғалиқызы, боксшы Б.Сәрсекбаев, тағы басқа да көптеген азамат­тардың еліміздің дамуына қосқан үлесі үлкен.

− Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары қазақтардың елге оралуы бәсеңсіп қалды. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп болуы мүмкін?

− Оның басты себебі, билік азаматтық алуды қиындатып жі­берді, бюрократияға жол берді, төрт жыл бойы азаматтық алу туралы арыздарды көш-қон полициясы қабылдамай қойды. Тарихи Отанына көшіп келгендерге қазақ екеніңді дәлелде дегенді шығарды. Азаматтығы жоқ адамдарға жер телімі, балаларына және өздеріне жәрдемақы берілмеді.

Біздің осалдығымыз – еліміз­де қазақтың саны көбейсе, ұлт ретіндегі, мемлекет ретіндегі тұғырымыз да нығая түсетінін ұғынбай жатқанымыз. Қазақ­станның жері ұлан-ғайыр, оған көз алартатындар әлі де бар. Оларға тойтарыс беру үшін елге шын жаны ашитын, қорғайтын азаматтар қажет. Бұл ең алдымен ұлттың қауіпсіздігі үшін, кең-байтақ жерге ие болу үшін керек.

Алғашқы көш тым жақсы бас­талған еді. Бірақ оның соңы бәсеңсіп қалды. Билікте жүр­ген атқамінерлер арасында қан­дастарға деген теріс көз­қа­рас қа­лыптаса бастады. Қан­дас­тарды бауырға тартудың ор­­ны­на шетқақпайлап сыртқа тебу, бюджеттің ақшасына ор­тақ­та­сатын масыл адам ретінде қарау олардың сағын сындырды. Егер мықты ел боламыз десек, мұндай тар ниетті түзетуіміз керек. Бір­тұтас ұлтты «сырттан келген қазақ, ішкі қазақ» деп бөлуге жол бермегеніміз абзал. Туған жер, Отан деген кең ұғым. Біз кезінде күш­пен қоныс­тандырылған өзге этностың өкілдерін де құ­ша­­ғымызға тарттық қой. Ал шет­­елдегі қандастарымыз – өз қаза­ғымыз, өз қанымыз. Олар­ды өзекке тебу − елдігімізге сын. Қа­зіргі таңда сырттан көшіп келген ағайындарға аза­мат­тық бермей, сандалтып қойды. Қазақтығыңды дәлелде деген не сөз?! Ақылға қон­байтын заңдар шығарып ал­дық та, қандастарымыздың елге келуін тежеп тастадық. Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың өзі соңғы жылдары қандас­та­рымыздың тарихи Отанына оралуы бәсеңдеп кеткенін, осы мәселеге мән беру керектігін айтты. Сондықтан қазақтың көші тоқтамауы тиіс. Егер тағы бір миллион қазақты елге тартсақ, «қазақстандық мемлекет» емес, «қазақ мемлекеті» болар едік.

− Соңғы кездері өңірлерге этностық қазақтардың көшіп келуіне арналған квота саны күрт азайып кеткені де жиі айтылып жүр...

− Квота деген – қандас­тары­мыздың келуін шектеу. Бұл белгілі бір саннан артық адамды елге қабылдамаймыз деген сөз. Мысалы, бір отбасында орта есеппен бес адам болады деп есеп­тесек, квота соларға ғана есеп­телген. Ал ол адамның туыс-туған­дары жоқ па? Кім жақын туыстарын алыс елге тастап кеткісі келеді?! Сондықтан өзі аз квота орындалмай жатыр. Квота дегенді алып тастаған жөн. Атамекеніне оралғысы келген қандастардың бәріне жол ашық болуы қажет. Жалпы квота деген бізде ғана бар. Отандастарын көп қабылдайтын Ресей, Германия, Израиль, Гре­кия­да квота деген атымен жоқ. Олар келген қандастарының бәрін қабылдай береді.

Кеңес кезінде кейбіреулер «қа­зақ азсыңдар, елдеріңде тұрған өзге халықты қалай басқарасыңдар?» деп мұқататын еді. Ал қазір ешкім олай айта алмайды. Өйткені хал­­­­қымыздың үлес салмағы басым. Тәуелсіздік алдында қа­зақтар 44% болса, бүгінде 70%-ға жет­ті. Де­мографияны кө­те­ру­ге әлі де күш салуымыз қа­жет. Көш­ті уақытты оздырмай, қазір жал­ғас­­тырғанымыз абзал. Кейін кеш болады. Өйткені шеттегі қазақ­тар ассимиляция­ланып жатыр. Мысалы, тілін, дінін сақтаған деп түркиялық қа­зақтарды көп мақ­таймыз ғой. Олардың өзі атасы қазақ болса, баласы шала қазақ, ал одан туған ұрпақ ана тілінде кібіртіктеп әрең сөйлейді. Демек, енді 15-20 жылда олар жергілікті ұлтқа жұтылып, ассимиляцияға ұшырап, мүлде қазақ болудан қалу қаупі бар. Сон­дықтан шеттегі 6 млн-нан астам қазақты уыстан шықпай тұр­ғанда елге әкеліп алуымыз керек. Қытайдағы қазақтар − қытай тілінде, Өзбекстандағылар өзбекше оқып жатыр. Ресейде 1 миллионнан астам қазақ бар, бірақ бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Соңғы өткен Дүниежүзі қа­зақтарының құрылтайында Ре­сейдегі қазақ мектебінің дирек­торы сөз сөйлеп, «бізге жәрдем беріңіздер, жалғыз қазақ мектебі жабылғалы жатыр» деп айтқаны есімде. Ал Қазақстанда әр ұлт­тың тілін, дінін, мәдениетін да­мы­туға жағдай жасалған. Тіпті атын тарихтан естісек те түрін көр­меген, ұлт ретінде жойылған ассириялықтардың өзі елімізге келіп, тілімізді дамытамыз деп үкіметтен ақша алып отыр деп естиміз. Біз де шетте жүрген қа­зақ­тарға қолұшын беріп, олардың тілін, ділін ұмытып қалмауына жағдай жасауымыз керек.

 

Қауымдастықтың міндеті – қиырдағы қазақтарға қамқор болу

− Сіз ұзақ жыл бойы Тель-Авивте дипломатиялық қызмет атқардыңыз. Еврейлердің репатрианттарды қабылдау ере­жесі керемет деп естиміз. Осы туралы айтып берсеңіз?

− Израильдің жері шағын. Соған қарамастан отыз жылдың ішінде бұрынғы Кеңес Одағынан бір миллионнан астам еврейді жинап алды. Тель-Авив халықаралық аэропортына кіре қалсаңыз, үлкен әріп­термен иврит және орыс тілін­де жазылған «Всем желающим принять гражданство государства Израиль, просим пройти в зал» деген хабарландыру бірден көз­ге түседі. Залға келушілерді аяғын жерге тигізбей күтіп алып, шай, кофесін ұсынып жатады. Азаматтар төлқұжатқа «еврей» деп жаздырса, Израиль үшін ол − үлкен олжа. Анасы не әжесі еврей болса жеткілікті, бірден сол адамға Израильдің азаматтығын береді. Басқа ешқандай құжат талап етпейді. Содан кейін жаңа азаматтарына бар жағдайды жасап береді: үй немесе пәтерге көлікпен апарып тастайды, жәрдемақыны қолма-қол банк чегімен қолына ұстатады. Иврит тілін тегін үйре­теді. Оған қажетті құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етеді. Со­ның нәтижесінде сырттан келгендер әрі кетсе бір айдың ішінде иврит тілін меңгеріп шығады.

− Дүниежүзі қазақтары қа­уымдастығының қазіргі жұ­мы­сына қандай баға берер еді­ңіз? Қауымдастық қандай мәсе­лелерге ден қойғаны жөн?

− Әлбетте, Дүниежүзі қа­зақ­­тары қауымдастығының ті­келей міндеті − елден тысқары жүрген қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнатып, мәдени-рухани, оқу-білім бо­йын­ша жәрдемдесу. Отанына оралған қандастарға қолұшын беріп, қоғамға бейімделуіне қамқорлық көрсететін де осы қауымдастық болуы тиіс. Қазір бұл ұйым жұмысын мүлде тоқ­татқан секілді. Хабар-ошар жоқ. Өткенде Қауымдастық төр­аға­­­сының бірінші орынбасары З.Тұрысбековке кіріп, зиялы қа­уымды шақырып, отырыс өткізуге сұранып тұрғанын айттым. Қазір шеттегі қандастарымыздың тағ­­дырына байланысты көп­те­ген мәселе түйдектеліп тұр. Қы­тай­дағы қазақтарға жәрдем­десу керек. Соңғы жылдары қан­дастарымыз көп тұратын елдерде қазақ мек­теп­терінің саны 30%-ға азайып кеткен. Мысалға, Түркияда Абай атындағы тү­рік мектебі бар. Ондағы оқу­шы­лардың 20%-ы − қазақ­тар. Мен осы мектепте болып, дирек­торына «неге балаларды қазақ­ша оқытпайсыздар?» десем, Түр­кияның заңы бойынша барлық бала түрікше оқуға міндетті екен. Тіпті факультативті сабақ ретінде де өткізуге болмайтын көрінеді. Міне, осындай мәселелерді шешуге Ыстанбұлдағы консулдық, Қауымдастық үн қосып, қиырдағы қазақтардың тілі, мәдениетіне қатысты туындаған түйткілдерді Үкіметке жеткізуі керек. Қазақ­тарды Отанға шақыратын да, кел­тіретін де – қазақ елшілі­гінің, Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының міндеті. Сондықтан Қауымдастықтан жүйелі жұмыс пен іргелі істер күтеміз. Қазір ел­іміздің Үкіметі тарапынан этнос­тық қазақтарды қолдайтын «Отандастар» деген қоғамдық қор құрылды. Қандастарды қолдауға арналған қаржы осы қорға келіп түседі екен. Бірақ шет­­тегі қандастармен жұмыс істейтін елшілік, консулдықтарда бұл қордың өкілі жоқ. Биыл Сырт­қы істер министрлігінде Қазақ диас­порасымен жұмыс жүр­гізетін басқарма қайта құрыл­ды. Сондықтан «Отандастар» жұмысын ширату, қандастарға қамқорлық көрсету үшін бұл Қорды Сыртқы істер минис­тр­лігінің басқаруына берген жөн. Сондай-ақ қысқартылып кеткен Көші-қон және демография агент­тігін де қайта ашу керек. Қан­­дастарымыздың мәселесімен тікелей айналысатын жеке агенттік болуы керек. Сонда бір­талай мәселе шешімін тапқан болар еді.

 

Әңгімелескен

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Еgemen Qazaqstan»