Ежелгі гректер мен римдіктер «Эзоп әңгімелері» деп атайтын мысалдар бес жүзге жуық. Бұл әңгімелер сюжеті мен көркемдік желісі жағынан Хеминцер, Дмитриев, Крылов шығармаларына сан жылдар арқау болды. Эзоп мысалдары әлемнің әр тілінде жарық көргенімен, түпнұсқаға сай, мазмұны дәл, толықтырылған нұсқасы 1962, 1965 жылдары орыс тілінде жинақ болып жарық көрді.
Эзоптың бізге жеткен мысалдарының біршамасы қазақ тіліне де әр жылдары аударылып жатты. Солардың алғашқы аудармашысы Абай екенін анықтап отырмыз. Абай Эзоп мысалдарының сюжетін толық білген. Ол мысал жанрына қалам тартуда, аудармашы ретінде шебер меңгерді.
Эзоптың «Дуб и Тростник» мысалы мазмұнына, түйініне көз жүгіртсек, Абайдың «Емен мен шілік» аудармасы ойға оралады. Абай аудармасында:
Басы көкке, сирағы жерге енсе де,
Ақырып долданғанда алып ұрды.
Майысқаннан шіліктің несі кетті,
Батыр, мақтан күйлеме, сен де, о ғұрлы,
деп оқырманына ой сілтейді. Абай аудармасы мен Эзоп мысалының үндес екендігі белгілі болды.
Ә.Жиреншиннің әзірлеуімен сөз соңы, түсініктерімен басылған 1961 жылғы ақынның бір томдық шығармалар жинағында: «...шығарманың тексті 1909 жылғы жинақ және Мүрсейіт қолжазбалары (1905, 1907, 1910) бойынша берілді. И.Крыловтың «Дуб и Трость» деген мысалының аудармасы...», деп түсініктеме берілген. И.Крыловтан аударылған мысал екендігі ақынның кейінгі басылған жинақтарында да аталып көрсетіліп, қайталанып, басылып келеді. 1988 жылы Мәскеуде «Детская литература» баспасынан шыққан И.Крыловтың мысалдар жинағында берілген «Дуб и Трость» мысалы Эзоп мысалымен жете үндес. Абай Эзопқа Крылов арқылы келген. Крылов мысалдарын аудару арқылы Эзоп мысалдарының қазақ арасынан кеңінен тарауына зор үлесін қосқан. И.Крылов мысалының мазмұнымен Абай аудармасы сәйкес келетініне көз жеткіземіз.
Абай аудармаларының аударылу тарихы туралы біз жанрлық жағынан, хронологиялық тұрғыдан осы уақытқа дейінгі абайтану зерттеулерінен білеміз. М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов, Ә.Жиреншин, М.Мырзахметов, Ғ.Есім, Т.Жұртбай зерттеулері мен ғылыми еңбектері әрдайым өзекті.
Көркем аудармаларды оқу барысында зерттеуді қажет ететін келесі сұрақтарға жауап іздеуімізге тура келеді: Крылов Эзоптан қандай мысалдарды аударды? Әлде бұл шығармалар Крыловтың төл туындысы ма? Абай аудармасының өзегі неден бастау алады?
Әлемдік әдебиет теориясында «сюжеттердің ауысуы» деген ұғым бар. Кейін «сюжеттердің ауысуы» ұғымы театр қызметкерлері мен суретшілердің сахнада ойналатын шығармалардан балалар үшін жаңа шығарма жазып шығуы деген түсінікке ауысты. Бұл ақынның шығармашылық зертханасымен де тығыз байланысты. «Сюжеттердің ауысуы» дәлірек айтсақ, уақытпен бірге әр ақынның шығармашылық лабораториясында өзгеруі де мүмкін.
Теория шарты бойынша, ақын өзіне дейін жырланған шығармалардағы оқиға мазмұнын қайталауын «реминисценция» деп атасақ, «сюжеттердің ауысуында» шығарманың мазмұны сәл де болса (жанрлық өзгеріс, баяндалу тәсілі) өзгеріске ұшырайды. Авторы әртүрлі шығармаларда бір сюжеттің қайталануы, бұл – сол сюжеттің жаңғыруы. Сюжеттің жаңғыруы уақыт пен кеңістік ұғымымен қатар дамып отырады.
Мысал жанрының атасы атанған Эзоп шығармалары дүние жүзіне кең таралуының өзі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдеби трансформациядағы «реминисценция». Ал кез келген реминисценцияға әсер етуші шығарма сюжеті кімнің шығармасынан бастау алса, ол сол сюжеттің авторы саналады да, қалған шығармалардағы сюжет реминисценция тудырушы сюжет болып есептеледі. Сюжеттің жаңғыруында да, автордың дүниеге келу, өмір сүру жылдары маңызды саналады.
Эзоп мысалдары әлемнің 100-ге жуық тіліне аударылған. Сөзіміз дәлелді болуы үшін кейбір тілдердегі Эзоп мысалдарын тақырыбына байланысты зерделеп көрдік. Мысалы, орыс тіліндегі Крыловтың аудармасындағы «Лягушка и Вол» мысалы ағылшын тіліндегі «Frog and Ox» мысалымен үндес. Тақырыбы да, сюжеттік желісі де біте қабысқан. Тек Крыловтың қолымыздағы шығармалар жинағында бұл мысал ақынның төл туындысы деп көрсетілсе, ағылшын тілінде жарияланған бұл мысалдың авторы Эзоп екендігін көріп отырмыз. Крылов мысалында бақа өзінің шамасынан тыс әрекет етеді. Мысалдың ағылшын тіліндегі нұсқасы да Эзоп авторлығымен беріледі әрі түйер ойы да осы оқиға түйінімен үндес. Мұны Абай «Бақа мен өгізде» былай жырлайды:
«Қарасаң, тым-ақ көп
Көре алмас іші тар.
Несі артық, бізден деп,
Салыспақ жұрт та бар.
Өз-өзінен бір бақа
Күшенді де, бөртінді.
Қарны үлкейді қампайып,
Өгіздей болам деп ісінді.
Қасындағы жолдасқа
«Қарашы, – деді,– сен бізге!
Қиын ба екен үлкею,
Жеткем жоқ па өгізге?..».
«Ezop masallari» деген атпен жарияланған өзбек тіліндегі «Baqa va buqa» нұсқасы да бар. Өзбек әдебиетінде бұл мысал авторы Эзоп екендігі кеңінен таралған. Бұл жерде мысалдың кейіпкерлері бір әрі ой саларлық мақсаты да айқын. «Әркім өз күшіне қарауы тиіс» деген тәлімі зор ойдың мағынасын ашады.
Өз оқырманына ой салатын Крылов өзінің мысалында: «пример такой на свете не один» дейді. Абай: «Ісіндің, кебіндің, Сонда да не пайда? ...Таласпа, жаным-ай, Қолыңнан келмеске. Боларсың бақадай, Көп түссең егеске» деп келетін мысалдың өзбекше нұсқасында оқиға түйіні «Baqa va shu payt paq etib yorilib ketibdi» деп келтірілсе, ағылшын тіліндегі нұсқасының түйіні: «Self-conceit may lead to self-destruction». Бір сөзбен қорытындыласақ, өзін өзі зорықтыру, қолдан келмес іске ұмтылу.
Өмірдегі түрлі мінез-құлықтағы адамдарды, олардың іс-әрекетін көрсету барысында аң-құстарды, жан-жануарларды мысалға ала отырып, жағымсыз бейнелерді әшкере етуде мысал жанрының орны зор. Эзоптың 124-мысалында қарға мен түлкі образы арқылы ақыл таяздығы, қулық суреттеледі. Бұл сюжет Крыловта да, Абайда да бар.
«...Іс бітті, қу кетті», деп түйінделетін Абай аудармасының айтар ойы да «құр мақтанға бой алдырмау». Ағылшын тіліндегі осы «The Fox and the Crow» мысалының сюжеті де «Do not trust flatterers!» дегенді анық айтады. Берілген мысал мәтінін қазақ тіліне аудару қажеттілігінің жоқтығы – Абайдың аударма сюжетімен тұтас үндес екендігін көрсетеді. Түлкі мен қарғаның әрекеті арқылы ақылсыз істелген іс өкінішке апаратынын, мақтану көңілге жел бітіретіндігін көрсетеді.
Зерттеуіміздің нысанына айналып отырған сюжет ұғымының әдебиет теориясында алатын орны зор.
Өлең – тауыс құсындай көркемсөздің бағында,
Кемел көрінісіне кемел сана ынтығар.
Қара сөз – тотықұс тәттілігі көңілдің гүлзарында,
Ұғым оның нығметінен пайда болар,
– деген шығыс жырларынан жеткен сюжет туралы сөз бар . Сюжет – шығарманың жаны.
Сюжеттің ең маңызды функциясы – коллизияны табу. Бұл арқылы өмірлік қарама-қайшылықты білуге жол ашылады. Хроникалық сюжет пен концентрлі сюжет ерекшеліктеріне қарай, кез келген көркем шығарма сюжеті келесі бір көркем шығарма сюжетіне ұқсас болуы мүмкін. Бұл сюжетті құрайтын оқиғалардың өзара ұқсастығы мен айырмашылығына, жазылған (жырланған) уақыты мен себеп-салдарына байланысты.
Сюжеттер кейіпкерлер үшін іс-әрекет алаңын тудырып, сонымен қатар авторға олардың мінез-құлықтарын ашуға, өзіндік пайым жасауға мүмкіндік береді. Кейде сюжет арқылы ақындар кейіпкер тұлғасының қалыптасуын тудырады.
Оқиғалар арасындағы таза уақыттық байланыстың басымдығына құрылған сюжеттер хроникальды (уақыттық) болып саналады. Хроникальды сюжеттің бір ерекшелігі саз, ырғаққа құрылады. Егер белгілі оқиғадан сюжет толықтай ауыспай (көшпей), /әдеби теориялық тұрғыда: «көшпелі немесе ауыспалы сюжеттер»/ белгілі бір мысалдар алынып, ой келесі бір шығармада қолданылса, бұл сюжеттің мотиві деп аталады. Мотив шығарма құрылысы арқылы, ой арқылы, идея, тіпті болмаса, бір баяндалатын жайттың тақырыбы арқылы да берілуі мүмкін.
Тек Абай аудармалары ғана емес, А.Байтұрсынұлының 1922 жылы Қазан қаласында «Қырық мысал» жинағында жарық көрген мысалдардың бірқатары И.Крыловтан аударылғаны белгілі болса да, бұл шығармалардың Эзоп мысалдары сюжетімен үндес екендігін анықтап отырмыз.
Біз Эзоп мысалдарынан бастау алатын ойларды Абай аудармаларымен салыстыра отырып зерттеуде көз жеткізгеніміз: Абай мысалдардағы әрбір ойды қазақтың дүниетанымына сай, еркін баяндайды. Әйтсе де, форма мен идеясы мысал жанры қалыптарына толық сай келеді. Бұл жерде әрі сюжет, әрі мотив бар.
Арай ЖҮНДІБАЕВА,
философия докторы (PhD), әдебиет сыншысы, абайтанушы, Шәкәрім университетінің қауымдастырылған профессоры
СЕМЕЙ