Тағдыр маған халыққа қадірлі, елге елеулі атақты адамдармен таныс, біліс қана емес, дәмдес, сырлас болу бақытын бұйыртты. Сондай алтындай аз, алмастай асылдың бірі – Ишанбай Қарақұлов еді. Кейінгі жастар біле бермеуі мүмкін, аға ұрпақтың жадында жатталып қалған азамат ол!
Ишанбай аға Қарақұлов орта бойлы, ақсары өңді, қызылшырайлы кісі болатын. Балалық шағы жалшылықта, түнгі боздақ жұлдыздай өткелді тұсы жоқшылықта, ес біліп, етек жиып, азамат болып атқа мінген, ірі қызметке қолы жеткен кемеңгерлік кезеңі қиыншылықта өткен адамға ұқсамайтын, көңілді, аса ақжарқын еді, әзіл-қалжыңға өте шебер, жүрген жері күлкіге көміліп, отырған орны нұрға толып кететін.
Өмір мектебінен майыспай, тағдыр сынағынан сынбай күрескерлік мінез, қажырлы қайрат танытқан Ишанбай аға Қарақұлов ел назарына ерте ілікті, билікке де тез танылды. Жас дәрігер Қазақстан Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Басшылық жұмыста кісілігі мен кішілігінен танбаған ол одан соң бірыңғай ғылыммен айналысты, өз саласында маңызды жаңалықтар ашты. Ғылыми еңбектер жазды. Шәкірт тәрбиеледі.
Талантты адам сан қырлы. Ишанбай Қарақұлов сегіз емес, сексен қырлы десек жарасар. Оның бәрін тізбелей беруге жазбамыздың көлемі көтермейді және қажет те емес. Бастыларын айтсақ – ол айтулы мемлекет қайраткері, министр, депутат болған адам. Бұл – бір. Асыл ағамыздың екінші қыры – Қазақ-Үнді достық қоғамы сынды біраз жұмыстарды ақысыз, пұлсыз, мінсіз атқарған көрнекті қоғам қайраткері. Үшінші қыры – көптеген аса құнды еңбек жазған ғұлама ғалым. Төртінші қыры – шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Бесінші қыры – әдебиет пен өнердің білгірі эстет қана емес, өзі де әр жанрда қалам тербеген жазбагер. Бұл тұста тілге тиек етеріміз ұлы ұстаз Мұқаң – Мұхтар Әуезовтің Ишанбай ағаның «У индейских друзей» еңбегіне жазған: «Профессор Ишанбай Каракулов, будучи в Индии, много видел, много сумел подметить внимательным глазом взыскательного друга. Об этом он рассказывает в своей книге живо и увлекательно» деген алғысөзі және «Сырласу» атты «Қырық сұрағына» жатық тілмен жауап берген «Жас та, жасамыс үшін де тәрбиелік мәні зор» кітабына: кірпияз талант Ғабит Мүсіреповтің: «Өмірде бар нәрсені айтпай жасырып, оны үнемі жатсына беруіміз, шынына келсек, артық та, ағат іс» дей келіп осы елеулі еңбекті жоғары бағалағаны дәлел.
Түйіп айтсақ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, академик, профессор Ишанбай Қарақұлов сан қырлы талантымен халық үшін қалтқысыз жұмыс істеп, елге еңбегі сіңген тұғыры биік тұлға.
Ел тарихынан ойып тұрып өз орнын алған көрнекті мемлекет қайраткері өмірден озғалы отыз жылдан асып барады. Әйтсе де әлі күнге дейін оның атында не бір көше, не бір мектеп, өзгедей де еш белгі жоқ.
Ишанбай Қарақұловты неге ұмыттық?.. Осындай тұлғалы тұлғаны ұмытуға бола ма? Оны ұмытпайық, еңбегіне орай құрметтейік. Көше, мектеп, жоғары оқу орындарына атын беріп, Алматыда еңселі ескерткіш орнатайық!
Ишанбай Қарақұловты ұмыту – басшыларға сын, азаматтығымызға мін емес пе?
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Махмұд Қашқари атындағы халықаралық сыйлықтың иегері