banki.ru
Ranking.kz ақпаратына сүйенсек, наурыз айындағы көрсеткіш (32 трлн теңге) ақпан айымен салыстырғанда 2,2 пайызға, ал бір жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 19,7 пайызға жоғары. Активтер өсімі бойынша әзірге RBK Bank-ке тең келері жоқ. Аталған банктің өсімі 53,8 пайызға көбейіп, 986,4 млрд теңгені құраған. Тек бір айдың өзіндегі өсім көрсеткіші – 5 млрд теңге.
Үздік үштікке мемлекеттік бағдарлама аясында ипотекалық несиелеуді көзір қылған «Отбасы банк» (+51,8 пайыз) пен ресейлік еншілес «Сбербанк» (+41,3 пайыз) кіреді. Айлық динамикада 6 банк, жылдық динамикада 9 банктің өсімі оң нәтижеге ие.
«Қазақстандық банктердің актив өсімі бойынша биылғы көрсеткіші коронадағдарысқа дейінгі кезеңнің өзін басып озады. Салыстырар болсақ, 2020 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктердің активі 26,7 трлн теңгені құрап, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 8,8 пайызға ғана жоғары болды. 2019 жылдың ақпанында сектордың жылдық өсімі 4,1 пайызды құраған еді. Ал биыл наурыз айында екінші деңгейлі банктердің қарыз портфелі 15,4 трлн теңгеге жетті. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға көп. Несие портфелінің банк активтеріне қатынасы 48 пайызды құрады. Несие портфелінің жылдық динамикасының өсуі бойынша көшбасшылардың ондығына сол үш қаржы институты (RBK Bank, «Отбасы банк» және «Сбербанк») кіреді, бұл олардың несие нарығындағы жетекші позицияларының тұрақтылығын көрсетеді. RBK Bank займ портфелін 32 пайызға, «Отбасы банк» 31,8 пайызға, ал «Сбербанк» 23,5 пайызға арттырған» делінген мониторинг жасайтын жоба зерттеуінде.
Банк секторын банктердің өздері қалай бағалайды? Бұл туралы олардың соңғы жылдардағы есептерінен де анық байқауға болады. Қаржы институттары сектордың экономикаға әсері төмендеп келе жатқанын жасырмайды. «Банк секторының 2019 жылы әлдеқайда қарқынды өсім көрсеткеніне қарамастан оның экономикаға әсері төмендеп жатыр» делінеді «Халық банк» хабарламасында.
«Сбербанк» сарапшыларының айтуынша, 2008 жылғы дағдарыстан еліміздің банк жүйесі әлі оңалып кете алған жоқ. Бұған 2014-2016 жылдардан басталған дағдарыстан туындаған корпоративті несиелеудің тоқырауын да қосып қойыңыз дейді сарапшылар. ForteBank пікірінше, бөлшек займдар несие нарығының басты драйвері болып отыр. Олардың жиынтық қаржы портфеліндегі үлесі 2018 жылдың аяғында 36,3 пайыздан 2019 жылдың аяғында 42,9 пайызға дейін өскен. Бұл ретте бөлшек займның 70 пайызы тұтынушылық несиелерге тиесілі екенін айта кету керек. Ұжымдық несие көлемі 27,8 пайызды құраса, несиелердегі шағын және орта бизнес үлесі 26,9 пайызға төмендеген.
Жоғарыдағы ойды «Банк ЦентрКредит» те қуаттай түседі. «Бөлшек несие беру соңғы үш жылда тұрақты өсу үрдісін көрсетті. Жеке тұлғалардың несие құрылымында негізгі өсім мемлекет ынталандырып отырған ипотекалық несие және тұтынушылық несиелеу есебінен көтеріліп отыр» делінеді банк есебінде.