Қоғам • 16 Сәуір, 2021

Суицидтің көптігі – елімізге сын

10 рет көрсетілді

Қазақстанда алғаш рет «Қазақ­стан жастары арасында суицидтің алдын алу бойын­ша профилактикалық іс-шара­лардың сапасын бағалау атласы» және «Жас адамның әлеумет­тік-психологиялық әл-ауқат индексі» әзірленетін болды.

Қоғамды алаңдатып отыр­ған кө­кей­кесті мәселеге психо­лог­тер­дің, әлеуметтану­шылар­дың, психиатр­лардың назар аударып отырғаны кездейсоқ емес. Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша әлемде үшінші орында тұр. Суицидтің барлық жағдайларының 60 пайыздан астамына 15-17 жас ара­лығындағылар барады. Екін­ші қауіпті топ – 25-29 жас аралығындағы жастар. Статис­тикаға сәйкес, жастар арасында суи­цид жағдайларының 90 пайыздан астамы мектеп пен отбасында болады. Былтыр Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты жүргізген зерттеуге сәйкес, өзіне-өзі қол жұмсау туралы ой әрбір төртінші жас қазақстандықты мазалайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы тұрғыдан неғұрлым қолайсыз өңірлер қатарына Алматы қаласы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстары енген.

Қоғамды толғандырып отырған жас­тар арасындағы суицидтің алдын алу, ақпараттық шаралар аясын кеңейту мәселесі «Жастар арасында суицидтің алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасының басталуына арналған онлайн баспасөз конференциясында қаралды.

Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Лима Диас, «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері инс­титуты» қоғамдық қорының прези­ден­ті Маргарита Ускембаева, жоба үй­лес­тірушісі Айгүл Беймишева қатыс­ты.

Онлайн баспасөз конференциясына қатысушылар биылғы жылдың 1 наурызынан бастап «Жастар арасында суицидтің алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» республикалық жобасының іске қосылғаны туралы айтты. 9 айда жүзеге асуы тиіс жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және «Азаматтық бас­тамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық қолдауымен еліміздің 17 өңірінде Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты іске асыруда.

Оның басшысы Маргарита Ускем­баева қор 2010 жылдан бастап қазақстандық жастар арасында суицидтік көңіл күйге түрлі әлеуметтік зерттеулер жүргізіп келе жатқанын жеткізіп, республикада суицидтің алдын алудың жалпыұлттық бағдарламасын құрудың маңыздылығын, бұл мәселенің  жасөспірімдер үшін де, олардың отбасылары үшін де оңай тақырып емес екенін атап өтті. Қор мамандары он жыл ішінде ағымдағы жағдайды баға­лау үшін ғана емес, сонымен қатар мем­лекеттік құрылымдар мен нысаналы топтар – ата-аналар мен қамқоршылар, оқу орындары үшін жастар арасында суицидтік әрекеттердің алдын алу, сондай-ақ олардың психикалық денсау­лығын сақтау және нығайту бойынша ұсы­нымдар әзірлеу үшін де мол тәжірибе жинақтаған.

Жобаның үйлестірушісі Айгүл Бейми­шеваның айтуынша, осы жылы жоба аясында республикада алғаш рет жасөспірімдердің «тәуекел тобына» кіруін талдау мақсатында «Қазақстан жас­тары арасында суицидтің алдын алу бо­йынша профилактикалық іс-шаралардың сапасын бағалау Атласы» және «Жас адамның әлеуметтік-психо­логиялық әл-ауқат индексі» әзірле­неді. Бұдан басқа, аталған құжат­тар­ды әзірлеуді ескере отырып, жобаға қатысушылар Қазақстанның әрбір өңірі үшін суицидтің алдын алу бойын­ша арнайы іс-қимыл жоспарын дайындап, осының негізінде  жасөспірімдерге психологиялық кө­мек көрсету мақсатында жергілік­ті дең­гейдегі 100-ден астам жаттықтыру­шыны, бір мың шамасында ата-аналар мен қамқоршыларды оқыту ұйымдас­тырылады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істе­рі комитетінің төрағасы Шахмардан Бай­манов жобаны қорытындылау барысында халықаралық ұйымдардың тәжірибесін де, министрлік атқарып жатқан жұмыстарды да ескеру қажет­тігін алға тартты. Ал нәтижелер респуб­ликаның барлық өңірлеріне таратылуы қажет. Сондай-ақ министрліктің жыл сайынғы «Қазақстан жастары-2021» баяндамасын дайындауы аясында сараптамалық деректер келтіріп, жас­тар тобындағы суицидтік ахуал бо­йынша ақпарат енгізуді ұсынды.

Жобаны іске асыру кезінде 20 мың­нан астам қатысушыны тікелей және 50 мың адамды мүмкіндігінше қамту көзделіп отыр. Осы шара аясында 1 млн жас қазақстандықты ақпараттандыру жұмыстары жоспарланған. 

Соңғы жаңалықтар

Амманға аттанды

Спорт • Кеше

Қадір түнінің қасиеті

Руханият • Кеше

Алматы қаласында жер сілкінді

Аймақтар • 06 Мамыр, 2021

Ұқсас жаңалықтар