Қоғамды алаңдатып отырған көкейкесті мәселеге психологтердің, әлеуметтанушылардың, психиатрлардың назар аударып отырғаны кездейсоқ емес. Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша әлемде үшінші орында тұр. Суицидтің барлық жағдайларының 60 пайыздан астамына 15-17 жас аралығындағылар барады. Екінші қауіпті топ – 25-29 жас аралығындағы жастар. Статистикаға сәйкес, жастар арасында суицид жағдайларының 90 пайыздан астамы мектеп пен отбасында болады. Былтыр Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты жүргізген зерттеуге сәйкес, өзіне-өзі қол жұмсау туралы ой әрбір төртінші жас қазақстандықты мазалайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы тұрғыдан неғұрлым қолайсыз өңірлер қатарына Алматы қаласы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстары енген.
Қоғамды толғандырып отырған жастар арасындағы суицидтің алдын алу, ақпараттық шаралар аясын кеңейту мәселесі «Жастар арасында суицидтің алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасының басталуына арналған онлайн баспасөз конференциясында қаралды.
Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Лима Диас, «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» қоғамдық қорының президенті Маргарита Ускембаева, жоба үйлестірушісі Айгүл Беймишева қатысты.
Онлайн баспасөз конференциясына қатысушылар биылғы жылдың 1 наурызынан бастап «Жастар арасында суицидтің алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» республикалық жобасының іске қосылғаны туралы айтты. 9 айда жүзеге асуы тиіс жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық қолдауымен еліміздің 17 өңірінде Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты іске асыруда.
Оның басшысы Маргарита Ускембаева қор 2010 жылдан бастап қазақстандық жастар арасында суицидтік көңіл күйге түрлі әлеуметтік зерттеулер жүргізіп келе жатқанын жеткізіп, республикада суицидтің алдын алудың жалпыұлттық бағдарламасын құрудың маңыздылығын, бұл мәселенің жасөспірімдер үшін де, олардың отбасылары үшін де оңай тақырып емес екенін атап өтті. Қор мамандары он жыл ішінде ағымдағы жағдайды бағалау үшін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік құрылымдар мен нысаналы топтар – ата-аналар мен қамқоршылар, оқу орындары үшін жастар арасында суицидтік әрекеттердің алдын алу, сондай-ақ олардың психикалық денсаулығын сақтау және нығайту бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін де мол тәжірибе жинақтаған.
Жобаның үйлестірушісі Айгүл Беймишеваның айтуынша, осы жылы жоба аясында республикада алғаш рет жасөспірімдердің «тәуекел тобына» кіруін талдау мақсатында «Қазақстан жастары арасында суицидтің алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралардың сапасын бағалау Атласы» және «Жас адамның әлеуметтік-психологиялық әл-ауқат индексі» әзірленеді. Бұдан басқа, аталған құжаттарды әзірлеуді ескере отырып, жобаға қатысушылар Қазақстанның әрбір өңірі үшін суицидтің алдын алу бойынша арнайы іс-қимыл жоспарын дайындап, осының негізінде жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті деңгейдегі 100-ден астам жаттықтырушыны, бір мың шамасында ата-аналар мен қамқоршыларды оқыту ұйымдастырылады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов жобаны қорытындылау барысында халықаралық ұйымдардың тәжірибесін де, министрлік атқарып жатқан жұмыстарды да ескеру қажеттігін алға тартты. Ал нәтижелер республиканың барлық өңірлеріне таратылуы қажет. Сондай-ақ министрліктің жыл сайынғы «Қазақстан жастары-2021» баяндамасын дайындауы аясында сараптамалық деректер келтіріп, жастар тобындағы суицидтік ахуал бойынша ақпарат енгізуді ұсынды.
Жобаны іске асыру кезінде 20 мыңнан астам қатысушыны тікелей және 50 мың адамды мүмкіндігінше қамту көзделіп отыр. Осы шара аясында 1 млн жас қазақстандықты ақпараттандыру жұмыстары жоспарланған.