Технология • 16 Сәуір, 2021

Қолөнерші әйелдер цифрлы сауданы меңгеруде

676 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нарық сұраныстарын игеру және өнімнің сапасын жақсарту мақсатында USAID Ауғанстан мен Орталық Азиядағы қолөнерші кәсіпкер әйелдерге арналған «Қолөнер саласындағы әйелдер: байланыс және цифрлы сауда» вебинарын өткізді.

Қолөнерші әйелдер цифрлы сауданы меңгеруде

Ауғанстан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан іскер әйелдер қауымдастықтарының, үкіметтік емес ұйымдардың, электронды коммерциялық алаңдар және сауда-өнеркәсіп палатасының жүзден астам өкілі қатысқан вебинарда бәсекеге қабілеттілікті арттыру, сауда ісін жолға қою мен жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

Ұлттық киім, кілем тоқу және қолдан жасалған бұйымдар өн­дірісіндегі мәдени мұраларды за­манауи маркетингтік білім­мен, электронды сауда мүм­кін­діктерімен және онлайн-сату платформаларымен біріктіретін тренинг барысында бизнес на­рығында тәжірибесі бар амери­калық қолөнершілер де өз тәжі­рибелерімен бөлісті.

Соңғы жиырма бес жыл ішінде Қазақстан қолөнершілер одағының еліміздің түкпір-түк­піріндегі сегіз жүздей мүшесі дәс­түрлі техникаларды пайдалану арқылы ұлттық бұйымдардың нақышын келтіріп жүр. Атал­ған одақтың төрағасы Ай­жан Бекқұлованың айтуынша, жа­ңа болмысқа бейімделу үшін қолөнерші әйелдердің ықпал­дас­тығы аса қажет. Мысалы, Ал­­матыда пандемияға байланысты жұмысы баяулап қалған қол­өнершілер жергілікті тұты­нушылар үшін бетперделер және басқа қорғаныс заттарын тіге бас­таған. Енді олар цифрлы плат­формаларды пайдалану арқылы өз өңірлерінен тыс нарыққа шы­ғар жол іздестіруде.

USAID алдағы уақытта Ор­талық Азия мен Ауғанстанда қолдан жасалған ерекше бұйымдар туралы ақпаратты кеңейту үшін электронды каталог әзірлейтін болады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл жаңа бизнес модельдер мен электронды плат­фор­малар арқылы нарыққа қол­жетімділікке ықпал етіп, дәстүрді сақ­тауға, өнімнің сапасын жақ­сартуға және инновациялық технологиялар арқылы қоршаған ортаға зиян келтіру әсерін азай­туға мүмкіндік берумен қатар, ай­мақтағы қолөнерші әйелдердің ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығына ықпал ететін болады.