Білім • 16 Сәуір, 2021

Эльдар Уркумбаев Массачусетс технологиялық институтының грантына ие болды

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлемдегі ең беделді оқу орнының  білім гранты тағы да Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысына бұйырды, деп хабарлайды Еgemen.kz.

Эльдар Уркумбаев Массачусетс технологиялық институтының грантына ие болды

Елордадағы  NIS оқушысы Эльдар Уркумбаев АҚШ-тың Массачусетс технологиялық  институтының толық грантына ие болды.

Білім гранты Эльдардың оқу, қалада тұру және жол жүру шығындарын, медициналық сақтандыру және оқулықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Грантқа ие болғаным туралы хабарлама келгенде қуанышымда шек болмады. Мен және менің отбасым арманымның шынымен орындалғаны туралы түпкілікті растау алдық. Мектебім мен ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Ұстаздарымның арқасында биология пәнінен алған білімім мақсатыма қол жеткізуге, көптеген сайыс, олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болуыма көмектесті. Ендігі кезек, МІТ университетінде жалпы биология бағыты бойынша білім алып, біліктілігімді шыңдау. 1-курстан кейін биологиялық инженерия мамандығын таңдауды жоспарлап отырмын. Оқумен қатар, менің университет аймағында орналасқан зертханаларда, орталықтар мен бөлімшелерде және қоғамдастықтарда жұмыс жасауыма жақсы мүмкіндік бар. Кейін 11 000-нан аса студенттер білім алатын шетелдік жоғары оқу орнына магистратураға тапсыруды көздеймін. Мен үшін сапалы білім алып қана қоймай, тұлға ретінде қалыптасу, өз мүмкіндіктерімді жетілдіру, кейін лайықты жұмысқа орналасу маңызды», дейді Эльдар Уркумбаев.

Массачусетс технологиялық институты QS университеттерінің әлемдік рейтингінде тоғыз жыл қатарынан бірінші орында. Ол беделді Гарвард, Стэнфорд, Калифорния, Оксфорд және Кембридж университеттерін басып озды.