Спорт • 16 Сәуір, 2021

Азия чемпионаты: Бүгін аруларымыз үш жүлде алды

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда әйелдер күресінен Азия чемпионатыөз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Азия чемпионаты: Бүгін аруларымыз үш жүлде алды

Жарыстың екінші күні Қазақстан құрамасы үш жүлдеге қол жеткізді. Ең өкінішітісі, біздің арулардың бірде-біреуі алтын тұғырға көтеріле алмады.

53 кило салмақтағы кореялық Ох Хиюнюнг пен өзбекстандық Шахнозахун Махмудовадан мерейі үстем болған Асылзат Сағымбай жартылай финалда тайпейлік Менг Суан Сиенге есе жіберді. Одан кейін ол қайта Оңтүстік Кореяның өкілімен күресуі керек еді. Алайда жарақатын желеу еткен Ох боз кілемге шығудан бас тартты. Осылайша, Асылзат қола медальді мойнына ілді.

57 кило салмақтағы Алтынай Сатылған кореялық Ли Шинху мен сингапурлық Даниеле Чинг Лимді жеңгенімен, жартылай финалда моңғолиялық Батцэцэг Алтанцэцэгтен айласын асыра алған жоқ. Ал қола жүлде үшін бәсекеде Алтынай Шинху Лиге сан соқтырып, үшінші орынға табан тіреді.

72 кило салмақтағы Жамиля Бақбергенова айналмалы жүйе бойынша өткен жарыстың шешуші сайысында моғолиялық спортшыдан басым түсіп, күміс медальді иеленді.

Ал 62 кило салмақта Ирина Кузнецова мен 65 кило салмақта Гауһар Мұқатай айтулы жарыста жеңіліс тауып, ел сенімін ақтай алмады.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 3 қоланы олжалап, командалық есепте үшінші орынды иеленді. Алдымызда – Үндістан (3 алтын, 1 күміс, 2 қола) мен Моңғолияның (2 алтын, 4 күміс, 1 қола) балуандары.