Қазақстан • 18 Сәуір, 2021

Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы

3610 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы онжылдықта саяси және әлеуметтік-экономикалық прогресс жолында бауырлас түркітілдес мемлекеттердің ынтымағы жарасып, қарым-қатынасы жоғары деңгейде дамып келеді. Осы орайда Елбасы кітапханасында өткен «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» халықаралық онлайн-конференциясында отандық, шетелдік қайраткерлер мен ғалымдар биылғы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бейресми саммитін және бір қорытындылап, түркі бірлігі интеграциясының маңызын пысықтады.

Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы

– Түркі өркениеті өзін өзі толық қам­та­масыз ете алады. Мәдени бірегейлік пен ортақ құндылықтар негізінде ол одан әрі дамудың барлық мүмкіндіктеріне ие. Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев түр­кі әлемін ХХІ ғасырдың аса маңыз­ды экономикалық, мәдени және гумани­тар­лық өңірлерінің біріне айналдыруды көздейтінімізді саммитте атап өтті. Мәде­ниет саласындағы жетістіктердің қан­дай да бір экономикалық пайдамен өлшен­бейтіні көпшілікке мәлім. Алайда бұл же­тіс­тіктер экономиканың жақындасуына өз сеп­тігін тигізетіні рас. Еуропа, Азия, Афри­ка және Латын Америкасындағы интегра­циялық бірлестіктер мәдени және құнды­лық ортақтығында дамып келеді. Түрлі елдер мен өңірлерді мекен еткен 175 мил­лион түркінің тағдыры мықты мәдени біре­гей­лігінің арқасында тарих толқынында адаспай, жаһандану заманында алға қадам басуға мүмкіндік алды. ТҮРІКПА, ТҮРКСОЙ, Түркі академия­сы мен Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қажырлы еңбегі Түр­кі кеңесін беделді ұйымға айналдырса, «түр­кі әлемі» ұғымы көпшілік мойындаған халық­аралық дискурсқа айналды, – деді жиын­ды ашқан конференция модераторы, Ел­басы кітапханасының директоры Б.Темір­болат.

2000 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Түркістан қаласының 1500 жыл­дығына арналған ғылыми конференцияда: «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айнал­дырудың басы», деген еді. Осы ретте Елбасының Түркістанға тарихи мәр­тебесін қайтару ісіне баса назар ауда­руында үлкен мән жатқандығына тоқ­тал­ған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан – бауырлас елдерді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бағдар болуы тиіс деп біледі.

– Себебі Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жі­бек жолының күретамыры, Қазақ ханды­ғының астанасы болған киелі қала. Түркі жұртының Орталық Азия мен Қазақ­стандағы теңдессіз тарихи жәдігері – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен жер. Тәуелсіздік алған жылдардан бас­тап Түркістанды түлету, Түркі халық­тарына ортақ рухани орталық дәрежесіне лайықты ету – Елбасының арманы әрі мақсаты болатын. Сол арман бүгінде ақиқатқа айналып отыр, – деді Ө.Шөкеев.

Орталық Азиядағы өңірлік туризмнің орталығы

Түркітілдес мемлекеттер ынты­мақ­тастығы кеңесінің бейресми саммиті аясында Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған-ды. Бұл ретте Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркістанның саяси, рухани және мәдени қайта жаңғыруының тарихи сәтіне куә болып отырғанымызды айта келіп, басты мақсат – Түркістанның Орталық Азиядағы өңірлік туризмнің ірі орталығы ретінде дамуы үшін барлық жағдайды жасау екендігін жеткізді.

– Түркістан мұсылман әлемінің зиярат ететін киелі жері ғана емес, маңызды тарихи шешімдер қабылданған қазақ хандарының ірі мемлекеттік резиденция­сы болған. Қаланы қайта жаңғыртуға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі мол. Ол 2018 жылғы 19 маусымда орталығы Түркістан қаласы болатын Түркістан облысын құру шешімін қабылдады. Тарихи шешімнің арқасында ғасырлық тарихы, көптеген тарихи-мәдени, туристік және діни ескерткіштері бар ежелгі қала жаңа келбетке ие болып, әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаланың бірегей сәулет элементтері мен ерекшеліктерін сақтай отырып, Түркістанның тарихи орталығын қайта жаңғырту бойынша жұмыс атқарылып жатыр, – деген министр бірқатар бағ­дарламалық құжаттар әзірленіп, сондай-ақ Түркістанда туризмді одан әрі танымал ету мақсатында маркетинг стратегиясы құрылып жатқандығын атап өтті. Министрдің айтуынша, бай тарихты, заманауи инфрақұрылымды, көп­теген тарихи-мәдени объектілерді және табиғи ерекшелікті ескере отырып, өңірдің туристік әлеуеті күннен-күнге артып, 2025 жылы туристер ағынының 3,5 млн адамға дейін ұлғайту қарастырылып отыр.

 

Түркі ренессансы

Сыртқы істер министрінің орынбасары Шахрат Нұрышев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммит қорытындыларына тоқтала келе, кеңес құрамындағы мемлекет басшы­ларының салиқалы саясаты түркі интеграциясын жаңа деңгейге көтеріп, «түркі ренесансына» мұрындық болғанын атап өтті.

– Ортақ тамыры, тарихи, мәдени және ұлт­тық құндылықтары бар түркі мемлекет­терінің өсіп келе жатқан беделі мен эко­номикалық қуаты халықаралық және өңірлік ауқымда ынтымақтастықты барған сайын тартымды ете түсуде. Энер­гетикалық ресурстардың болуы және қолайлы географиялық орналасуы, біздің елдерді жаһандық экономиканың маңызды құрамдас бөлігі ретінде айқындауда, – деді Ш.Нұрышев. Ал Түркия Республикасы Президентінің кеңесшісі Ялчин Топчу саммитте қабылданған шешімдер түркі әлемімен қатар өзге өңірлер үшін де ма­ңызды екенін, мүмкіндік орайында түркі әлемін біріктіруге күш жұмылдырып, әр қадамды сеніммен бірге басуымыз қажет екендігін айтты.

– Біз рухани мәдениетімізді жаң­ғыртуға, түркі әлемін нығайтуға бағыт алып келеміз. Осы жолда зор еңбегін сіңірген, Түркістанға жаңа мәртебе беру идеясын ұсынған түркі әлемінің ақса­қалы, Түркітілдес мемлекеттер ынты­мақтастығы кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымды білдіргім келеді. Түркістанның гүлденуі мен ортақ құндылықтардың дамуы түркі әлемінің бірегейлігін нығайтары анық, – деді Түркия Республикасы Президентінің кеңесшісі Ялчин Топчу. Бұл орайда тұшымды ой қосқан Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев Елбасы Н.Ә.На­зар­баевтың бастамасымен жүргізілген түр­кітілдес мемлекеттерді жақындастыру сая­саты жолында кешегі саммитте қабыл­данған декларацияның маңызы зор екенін атап өтті. 

– Түркістан – түркі әлемінің бесігі, рухани астанасы. Бұл сөзімді түркі тілдес халықтардың толық қолдайтынын саммиттің өзі дәледейді. Оның барысында қабылданған декларация бұл ақиқатты ресми бекітті. Себебі Түркістан көптеген жүз жылдықтар бойы тарихи, экономикалық, мәдени, рухани маңызды рөл атқарған, – деді Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев. Әзербайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің депу­таты, Әзербайжандағы Ататүрік орталы­ғының төрағасы Низами Джафаров та Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бейресми саммитінің түркі әлеміндегі өзекті мәдени, экономикалық, саяси мәселелерді қозғағанын алға тартып, Түркі мемлекеттері басшыларының шешімімен ресми халықаралық және озық деңгейде ұйымдастырылған кездесулердің түркі халықтарының мүддесін толықтай қамтитынына ризашылығын білдірді.

Түркістан – күллі түркі жұртының мәңгілік жүрегі

Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Қазақ­стан бастамасымен өткен Түркі кеңесінің
бейресми саммиті тарихи жиын бол­ған­дығына баса назар аударып, мұндағы Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы, ын­тымақтастықтың архитекторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша рөлі турасындағы пайымды пікірін білдірді.

– Саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі әлемін ХХІ ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыруға әрі түркі өркениетін жаңғырту үшін Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытуға шақырды. Бұл бағытта Мемлекет басшысы «Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерт­теу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды», деп қолдап отыр. Мем­­лекет басшысының саммиттегі тапсыр­­маларына сәйкес, Халықаралық Түркі академиясы Түркістанның терең тарихы мен бай өркениетін зерттеу жұмыс­тарына кірісіп кетті, – деді Халық­аралық түркі академиясының прези­денті Дархан Қыдырәлі. Осыған жалғас ойды сабақтастырған ТҮРІКСОЙ бас хат­шысының орынбасары Билал Чакыд­жи жаңа дәуірге қадам басып жатқан бауырластық мұратындағы Түркі ел­дерінің болашағын баянды ету жолын­дағы игілікті бастамалар мәдени-ру­хани құндылықтарымызға негізделіп отырғанын және Түркістан шаһарының Қазақ­станның ғана емес, күллі түркі жұрты­ның мәңгілік жүрегі болып қала беретінін үлкен сеніммен жеткізсе, «Елбасы академиясы» бірлескен қорының жетекші директоры Мұрат Жұманбай біртұтастыққа бет бұрған түркі халықтарының ортақ та жарқын болашақ құруы үшін мүмкіндік пен әлеуеті жеткілікті екенін айтып өтті.

Алқалы жиын барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, археолог Зейнолла Самашев, Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің «Философия және руханият негіздері» кафедрасының меңгерушісі Нигинахон Шермухамедова, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Саяси зерттеулер орталығы директоры Айдар Әмребаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Жақсылық Сәбитов мазмұнды баяндама жасап, түркі әлемінің рухани астанасы ұғымының тарихи тамыры тереңде әрі үлкен мағыналы мәнге ие деген үндес пікірлерін ортаға салды.