Әлем • 19 Сәуір, 2021

Ақ үйдің алғашқы мейманы

107 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жапонияның премьер-министрі Ёсихидэ Суга өткен жұма (біздің уақытпен сенбі) күні АҚШ-қа ресми сапар шекті. Бұл былтыр күзде үкімет басшысы болып сайланған Суганың АҚШ-қа алғашқы ресми сапары болса, президент Джо Байден үшін де Ақ үйде шетелдік әріптесімен өткізген алғашқы ресми кездесуі болды.

Ақ үйдің алғашқы мейманы

Сөз басында оқырмандарымыздың есіне сала кетсек, өткен жылдың күзінде Байден АҚШ-тың жаңа президенті болып сайланғаннан кейін, 2020 жылғы 10 қарашада «Құттықтау сөзден көп нәрсені аңғарамыз» атты мақаламыз жарық көрген болатын. Сол мақаламызда Байденнің президент ретінде алғаш рет қай мемлекеттің басшысымен кез­десуі мүмкін екені жайлы: «Байден әкім­шілігі үшін Еуропалық Одақтан шығып отырған АҚШ-тың дәстүрлі ең сенімді одақтасы болып табылатын Ұлыбритания маңыздырақ па немесе Еуропалық Одақты одан артық қоя ма, я болмаса премьер-министр Суга меңзеп отырғандай, аймақта және әлемде ықпалы мен әсері күннен-күнге күшейіп отырған Қытайға тосқауыл қоюдың амалын қарастыру мақсатында Азиядағы ең сенімді серігі Жапонияны таңдай ма, әлде G7 форматында дамыған елдердің басшыларының бәрінің басын бірге қосып, бәрімен бірге кездесе ме?.. Сол арқылы Байден әкімшілігінің сыртқы саясат саласындағы басты ба­ғыттары мен келесі төрт жылдағы ха­­лықаралық қатынастар саласындағы негізгі басымдықтар жайлы байқайтын боламыз», деп жазған едік.

Байден президент болып сайлана сала, АҚШ-тың Азиядағы ең сенімді одақтасы болып табылатын Жапония премьер-министрінің арнайы барлық дерлік беделді ақпарат агенттіктері арқылы құттықтау сөзінен «Біз үшін АҚШ – бас­ты мемлекет» дегенді ғана емес, Үнді-Тынық мұхиты аймағында АҚШ-пен бірлесіп әрекет жасауға мүдделі екенін мәлімдеу арқылы аталған аймақта күн санап күшейіп отырған «Қытайға қарсы бірлесіп, бірдеңе жасамасақ болмайды» дегенді білдіріп, ал Байденмен телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ-қа сапар шегуге мүдделі екенін меңзеу арқылы «Байден президент ретінде ең бірінші болып сөйлесетін, бәлкім, ең бірінші болып еліне ресми сапармен шақыратын үкімет басшысы мен болсам екен» деген тілек-ниеттің жатқаны туралы да жазып, халықаралық қатынастар тұрғысынан маңызды мәселені өз тарапымыздан бақылап отыратынымызды айтқан едік.

Міне, айтқанымыздай, Батыстың көшін бастаған АҚШ-тың басшысы алыс-жақын, ірі-кіші елдер арасынан Ақ үйде алғаш мейман қылған мемлекет басшысы – Шығыстағы бас­ты одақтасы Жапонияның премьер-министрі Суга болды. Сапар қарсаңында кейбір сарапшылар Байден мен Суганың жылы қатынасы сакура гүліндей әдемі болғанымен, тез гүлдеп, тез солып қалуы мүмкін екенін жазды. Алайда Байден әкімшілігінің бұл шешімінің астарында Азияның бүгінгі ахуалы жатқаны анық. Әсіресе, либерал-демократиялық және нарықтық экономикалық әмбебап құндылықтарды бөлісетін одақтастар – АҚШ пен Жапония үшін күн санап бас­ты саяси қарсыласқа айналып отырған коммунистік Қытайға қарсы шаралар қабылдау бұл күннің кезек күттірмес өзекті мәселесіне айналып отырғаны ақиқат. Әлемнің бірінші экономикасы мен үшінші экономикасы болып табылатын осы екі ел басшыларының басын қосқан басты саяси мәселе – Жапонияны басып озып, артта қалдырып, АҚШ-тың өкшесін басып, қытығына тиіп отырған Қытай факторы.

Қытай әлемдік ықпал үшін АҚШ-пен текетіресіп, алпауыт елмен таласа бастаса, Азия елдері үшін тіпті экономикалық, білім-ғылым, техника-технологиялық тұрғыдан алып елдер санатына жататын Жапонияның территориялық тұтастығы мен мемлекеттік тәуелсіздігіне қауіп төндіріп отырған ғаламдық саяси күш­ке айналды. Сондықтан АҚШ пен Жапония басшылары келіссөздерінің басты мақсаты да осы Қытайға қатысты мәселелерді талқылау еді.

Мемлекет басшыларының кез­де­суінен бұрын, өткен айдың ортасында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрі Токиоға арнайы барып, «2+2» форматында жапондық әріптестерімен келіссөздер өткізді. Америкалық жоғары деңгейдегі саяси тұлғалардың Жапонияға жасаған сол сапары халықаралық қауым­дас­тыққа Байден әкімшілігінің Қытай ба­ғытындағы саясатында одақтас Жапо­нияның рөлі қаншалықты маңызды еке­нін көрсетті.

Қытай бүгінде Оңтүстік және Шығыс-Қытай теңізінде өзіне тең келер әскери күштің жоқ екенін көрсетіп отырса, Жапониямен шешілмеген жер дауы болып табылатын Сэнкаку (Дяодао) аралдары жанына кемелерін жақындатуын жиілетіп жіберді. Азияны Қытайдың ықпалында қалдырғысы келмейтін Америка болса, аймақтағы өзінің одақтастарын қолдап бағып қана емес, қорғап қалуға да міндетті екенін айтып отыр. Наурыз айында өткізген баспасөз конференция­сында Байден АҚШ пен Қытайдың соңғы кездегі саяси қатынастары жайлы: «ХХІ ғасырдағы либерализм мен автократияның текетіресі» деп ашық атап, демократиялық құндылықтарды бөлісетін одақтас елдермен ынтымақтаса отырып ҚХР-ға қарсы жаңа қырғиқабақ соғысқа дайын екенін білдірді.

АҚШ Азияда, ең алдымен, Тайваньның тағдырына алаңдаса, сол үшін аймақтағы ірі одақтастарымен қауіпсіздік саласында жаңа форматта әріптестікті тереңдетіп отыр. Азия мен Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы бейбітшілік пен еркіндікті қамтамасыз ету үшін Қытайға қарсы тұру мақсатында АҚШ, Жапония, Үндістан мен Аустралия бірігіп, «төрттік» (QUAD) форматын құрып, 12 наурызда алғаш рет төрт мемлекеттің басшысы онлайн-саммит өткізді. Оған Қытай мен Ресей: «Басқа елдерге қарсы бағытталған Азиялық NATO-ның құрылуына қарсымыз», деп айыптап жатыр.

Токио қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қауіп-қатер төндіріп тұр­ған алып елге қарсы тұру үшін АҚШ-пен одақтас әріптестікті одан әрі терең­детуге мәжбүр болғанымен, сауда-эко­номикалық тұрғыдан көрші елмен ты­ғыз қатынаста болуды қалайды. Шың­жаң­дағы «аз ұлттардың» мәселесіне байланысты америкалық тарап «геноцид» терминін қолданып отырса, жапон тарапы адам құқығының қорғалуын қамтамасыз етудің маңызды екенін айтумен шектеліп келді. Батыстық әріптес мемлекеттер қатарласып, Қытайға санкция жариялап жатқан тұста ондай қадамнан қалыс қалған Жапонияға қалғандарының көңілі толмай отыр.

Жапония үшін сыртқы саясат саласында ең күрделі бағыттардың бірі – Солтүстік Корея. Жетпісінші жылдары сол елдің арнайы қызмет органдары ұрлап әкеткен жапон азаматтарын ота­нына қайтару мәселесі осы күнге дейін шешілмей отыр. Ядролық қаруымен қауіп төндіріп тұрған тағы бір осы көрші елмен қалай қатынасу керек – бұл көптен бері жапон үкіметі мен жапон халқының басын қатырып келе жатқан үлкен ұлттық проблема боп отыр. Осы мәселе бойынша да Жапония үшін АҚШ-қа арқа сүйеуден басқа амал жоқ. АҚШ бұл мәселеде жапон тарапын толықтай қолдайтынын, қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтып келеді. Ал Қытайға сенетін Солтүстік Корея болса, енді сүңгуір қайыққа тіркелген зымыран (SLBM) шығарғанына мақтанып, тіпті дәл сол Байден мен Суга кездесіп жатқанда аспанға атып, сынап көруі мүмкін екені айтылды. Дегенмен жалпы Солтүстік Кореяға қатысты АҚШ-тың саясаты қатты өзгере қоймайтын сияқты. Обама әкімшілігі тұсындағы, яғни Байден вице-президент болып тұрған кездегі солтүстікке қатысты стратегиялық сал­қынқанды саясат жалғасатын болар.

Ал әлемді осы күні корейлік зымыран емес, дәл АҚШ пен Жапонияның басшылары кездесер алдында жарияланған Қытай экономикасының биылғы алғашқы үш айдағы өсімі 1992 жылдан бері ең үлкен көрсеткішке жетіп (18,3%), барлық болжамнан артық дамып отырғаны таңғалдырған секілді. АҚШ пен Жапония қытайлық өнімге тәуелсіз экономикалық даму моделін қарастырып отырғанда Қытай экономикасының батыстық санкцияларға қарамастан, экспорттың ұлғаюы арқасында осылай қарқынды дамып отырғаны кімді болса да бұл елмен санаспаудың саяси салдары жайында ойлануға мәжбүр ететіндей. 

АҚШ пен Жапония бірігіп, Үнді-Тынық мұхиты аймағында Қытай үкіметі жүргізіп отырған «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағдарламасына балама тапқысы келгенімен, ол мақсатқа жетудің оңай емес екенін өзге емес, ең алдымен осы екі ел өздері жақсы біледі. Саяси-әлеуметтік құрылымдары мен экономикалық даму деңгейі бір-бірінен тым алшақ аймақта бір мақсат, бір мүддені көздеп, діттегеніне жетудің қиын екені айтпай-ақ белгілі. Кезінде президент Трамптың шешімімен келіссөздерден шығып кеткен Транстынықмұхиттық әріптестік келісімшартына (TPP) қайта қосылуға Байдан әкімшілігінің асықпай отырғаны  да көп нәрсені аңғартса керек.

Әлбетте, Суга мен Байден коронавирус індетімен күресу, жаһандық климаттың өзгеруі, биыл жазға жоспарланып отырған Токио Олимпиадасы сияқты әлемдік және халықаралық өзекті мәселелер жайында да пікір алмасты. Дегенмен Суганың Вашингтонға жасаған алғашқы ресми сапарының бас­ты мақсаты – Жапония мен АҚШ-тың одақтастық қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға екі елдің де мүдделі екенін көрсетіп, Ақ үйге ең бірінші боп шақырған Байден әкімшілігі үшін Жапония басқамен салыстырғанда маңыздырақ екенін көрсету болды. Байден әкімшілігі сол арқылы өзінің сыртқы саясатында Азия мен Үнді-Тынық мұхиты аймағын басты бағыт ретінде қарастырып отырғанын білдірді.  Сондықтан қалай десек те, Азиядағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі мен осы тұрғыдан басты фактор болып табылатын Қытай мәселесі Жапония үкіметі басшысы сапарының негізгі мақсаты болғаны рас. 

Алдымен 9 сәуірге жоспарланған Суганың АҚШ-қа сапары америкалық тараптың өтінішімен бір апта кейінге шегерілгеніне байланысты жапон қоғамында түрлі әңгіме айтылып, сан алуан саяси болжамдар жасалып, жапон жұрты біраз әбігерге түсіп еді. Жапондық кейбір саясаткерлер: «АҚШ үшін Қытай – ең басты қарсылас ел, Американың мақсаты сол елге жедел жететін зымыран құрылғыларын біздің елде орналастыру. Премьеріміз сондайға келісім беріп келмей ме деп қорқамыз», деп үрей танытты.

Зымыран жайлы, басқа жайлы нақты мәселелер жабық кездесулерде айтылып жатса, айтылып жатқан да болар, ал осы жолғы Байден мен Суга келіссөздері нәтижесінде қабылданған бірлескен мәлімдеменің екі ел арасындағы бұған дейінгі «дәстүрлі» мәлімдемелерден ерекшелігі, ол – Тайваньның қауіпсіздігі жайлы ашық айтылғаны болды. Тайвань туралы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлі Жапония мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынастар қайта орнатылмаған жарты ғасыр бұ­рынғы сонау 1969 жылғы бірлескен мә­лімдемеде айтылғаннан кейін алғаш рет осы жолы аталып отыр. Солай болуы мүмкін екенін алдын ала болжай білген Бейжің Байден мен Суганың келіссөздері қарсаңында тараптарды ондай қадамға бармауға шақырған-тұғын. Вашингтон мен Токионың бұл шешімінің саяси салдары қалай болар екен, Қытайға қарсы тосқауыл күш бола ма екен немесе керісінше Бейжіңнің Тайваньға қарсы нақты іс-әрекеттер жасауына түрткі болар ма екен – алдағы уақытта көре жатармыз. Бірақ басқасы – басқа, бұл мәселе бойынша Қытайдың енді үнсіз қалуы мүмкін емес екені анық.

АҚШ пен Жапония басшыларының алғашқы ресми кездесуі мен келіссөздер нәтижелері осылайша екі ел арасындағы достық және одақтастық қарым-қа­тынастардың Байден әкімшілігі тұ­сында тұрақты болатынын көрсетті. Биыл күзде (немесе күзге дейін) өтетін билік басындағы Либерал-де­мо­кра­тиялық партия төрағасының кезекті сайлауына түсіп, премьер-министр боп қайта сайлануды көздеп отырған Суга мен оның командасы үшін бұл сапардың мәні зор. Алғашқы ақпараттарға сүйене отырып айтар болсақ, сапар нәтижесін жапон жұрты жаман бағаламайтын сияқты.

Ал біз өз тарапымыздан АҚШ пен Жапонияның одақтастық қарым-қа­тынасы расымен Азияның ғана емес, әлемнің тұрақтылығы тұрғысынан маңызды фактор екенін ескере отырып, алдағы уақытта да осы бағыттағы басты мәселелер туралы оқырмандарымызды хабардар етіп отыратын боламыз.

 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

шығыстанушы, Халықаралық қатынастар саласы бойынша PhD докторы,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін