Оқиға • 19 Сәуір, 2021

Тасқынға қарсы әзірлік ойдағыдай

126 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанның су қоймаларындағы су деңгейі соңғы кездері қатты көтеріліп келеді. Кеше Сергеев су қоймасындағы платинадан су 119 сантиметрге көтерілген. Ал судың жалпы көлемі болжам бо­йынша 840 млн текше метрдей болып отыр. Алдында, бір тәулік қана бұрын осы қоймадағы судың деңгейі 50 см төңірегінде еді. Мұндағы су деңгейінің ең жоғары көтерілгені 2017 жылы 336 см көрсеткен. Ал Петропавлда Есілдің деңгейі Сергеевкаға қарағанда көп төмен. Сонымен қатар Иманбұрлық, Ақанбұрлық, Қамысақты, Шағалалы сияқты шағын өзендердің де су деңгейі тұрақты, кейбіреуінде тіпті төмен түсу байқалуда.

Тасқынға қарсы әзірлік ойдағыдай

Қазір облыстық ТЖД қызметкер­лері барлық апатқа дайын болу бағытында өздерінің жұмыстарын өрістетуде. Олардың бақылауына қара­ғанда, кейбір көлдерде әлі де қар ери қоймаған. Мұндайлар Есіл, Тимирязев, Шал ақын аудан­дарындағы үлкен көлдерде байқа­лады. Ал департамент бастығы Рамиль Камалов жұмыс сапарымен об­лыстың Уәлиханов ауданына барып, осы аудан ауылдарындағы су тасқынына қарсы іс-шаралармен танысты. Бұл ауданның тұрғындары бірнеше рет су тасқынына тап бол­ды және су тасқыны деген не екенін өз тәжірибесінен біледі. Сон­дықтан аудан аумағындағы осы табиғи құбылысқа қатысты жағ­дай жергілікті атқарушы орган­дардың, департаменттің тұрақ­ты бақылауында. Р.Камалов Құлы­көл ауылдық округінде Уәли­ханов ауданының әкімі Қайрат Пішен­баевпен бірге Сілеті өзенінің арна­сында орналасқан «Екі көз», 13 терезелі «Әлкі» және 5 тере­зелі «№33» гидротехникалық құрылыс­тарын тексерді. Сондай-ақ Қаратал ауылының төңірегіндегі қалпына келтірілген топырақ үйінділерін аралап, беріктігіне көз жеткізді.

Жергілікті атқарушы органдар­дың және департамент күштері мен құралдарының жедел әзірлігін тексеру шеңберінде су тасқыны кезе­ңінде төтенше жағдайды жою­ға арналған техниканы қарау өткі­зілді. Сапар барысында депар­тамент бастығы тек уақтылы қабыл­данған шаралар ғана халықты сенім­ді қорғауға, ықтимал табиғи жағ­дайдың дамуына жол бермеуге қабі­летті екенін атап өтті. «Ең бас­тысы, су тасқыны қаупін азайтып, ауыл­дардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету», деді Рамиль Фаткуллаұлы.

Аудан әкімі Қайрат Пішенбаев та халықтың су тасқынына қарсы кү­реске дайын екендігін айтты. Олар жергілікті күштерді дайын­­дық сапына қойып, ТЖД қыз­меткер­лерімен бірлесіп тас­қынға қарсы күреске дайын тұр екен. Қазір осы ауданда бұрын облыстан жіберілген ТЖД тобы жұмыс істейді, оның құрамында жеке құрамнан 15 адам, 3 бірлік техника, жүзу және су айдау құралдары бар. Олар өзеннің 3 гидротехникалық құрылыстарына («Жыра», «Сегізкөз», «Екікөз») тұрақты мониторинг жүргізеді, мұз кептелісінің алдын ала отырып, оларды мұздан тазартады.

Жалпы, қазір облыстың төрт ауданында (Уәлиханов, Тимирязев, Айыртау және Ғ.Мүсірепов) ТЖД жеке құрамынан 49 адам, 10 бірлік тех­ника, жүзу құралдары мен мото­­помпалардан тұратын топтар жұмыс істейді. Топтың жеке құ­ра­­мын бөлу өткен жылдардың тал­­дауын ескере отырып, су тас­қыны құбылыстарына неғұрлым бейім орындарда – Рузаевка және Чистополье ауылдарына жа­қын Ақан-Бұрлық, Шарық және Жем­барақ өзендері, Жембарақ және Есіл, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Тоқ­сан би ауылы маңында, Айыр­тау ауданы Константиновка ауылы­ның маңындағы Бабық-Бұр­лық өзендерінің учаскелерінде жүргізілді. Оның мақсаты – осы қиын кезеңде жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсету, елді мекендерді осындай қауіпті стихия­лық құбылыстың салдарынан қор­ғау. Жеке құрам су тасқыны жағ­дайына, су басқан аумақтардан суды соруға, өзен арналары мен мұз кептеліс­терін тазалауға мониторинг жүргізеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы