Спорт • 19 Сәуір, 2021

Польшада 13 боксшымыз қарсыластарын жайпап келеді

576 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Польшаның Кельц қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінің ширек финалына шыққан боксшылар толықтай анықталды.

Польшада 13 боксшымыз қарсыластарын жайпап келеді

60 кило салмақта сынға түскен Елнұр Сүйінбай словакиялық Адольф Станекті сабап тастады. Төреші кездесуді бірінші раундта тоқтатуға мәжбүр болды. 75 кило салмақтағы Диас Молжігітов венесуэлалық Джереми Александр Альварес Леонды бәсекенің басынан аяғына дейін төмпештеп, келесі кезеңге еш қиналмай өтті. Ал Санжар Тәшкенбай (49 кило), Ерболат Сабыр (56 кило), Сабыржан Аққалықов (64 кило) және Мәди Әміров (91 кило) сынды сайыпқырандар өз жекпе-жектерін айқын жеңіспен аяқтағаны жайында біз бұған дейін де жазғанбыз. Сөйтіп, ұлдар сайысында алты өреніміз ширек финалға шықты.

Қыздар арасындағы бәсекеде аса ауыр салмақтағы Елдана Тәліпова украиналық Виктория Левчукты екінші раундта есінен тандырып, жартылай финалға жолдама алды. Сондай-ақ, осы жарысқа қатысқан 10 аруымыздың тағы алтауы өз қарсыластарын қапы қалдырды.