Білім • 19 Сәуір, 2021

Серекбол Тоқмолдин: Қазақстан іргелі және қолданбалы ғылымымен дамиды

689 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

– Серекбол Жарылғапұлы, Президент табысты экономиканың негізі ғылымды қажет ететін технологиялар екенін айтып, осы бағытта ғылымның зияткерлік әлеуетін көтеру, инфрақұрылымды дамыту мен цифрландыру, әлемдік ғылыми кеңістікке ықпалдасу сияқты маңызды мәселелерге көңіл аударған болатын. Алайда қоғамды «Қазақстанда ғылым жоқ» деген пікірлер жиі мазалайды. Оған себеп болатын дәлелдер бар ма?

– Президент атап өткендей, ғылым экономикаға қызмет етуі керек. Бұл жерде қызмет ету мен қызмет көрсетудің ара-жігін ашып алған жөн. Экономиканы әртараптандыру арқылы тұрақтылыққа, бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізе аламыз. Мемлекетке, қоғамға, экономикаға қызмет ету бүгінгі қолданбалы ғылымның міндеті. Ал Қазақстанда «ғылым жоқ» дегеніміз шартты түрде айтылған пікір. Елімізде аграрлық сала, химия, физика, тарих, экономика, математика және басқа да салаларда жетістікке жеткен ғалымдар баршылық. Сонымен бірге миллиардтаған қаржы әкелген Джон Нештің мәртебесіне ие болған қолданбалы жекелеген ғылыми жетісіктеріміз де бар. Бірақ макроэкономикалық деңгейде экономиканың, қоғамның дамуына айтарлықтай ықпал ететін ғылыми әлеуетіміз өте төмен. Бүгінде ғылымның мәселесі қоғамға жақсы таныс. Мәселе осыларды шешуге тырыспайтынымызда болып тұр. Алайда жағдайы мүшкіл ғылымның мәселелерін тиімді шешуге болатын жолдар жеткілікті.

– Ғылыми қауымдастық тарапынан осы жағдайды өзгертуге байланысты ұсыныстар болды ма?

– Қазақстан ғылымындағы жағдайды түзетуге байланысты ұсыныстар болмады деп айта алмаймын. Оған дәлел ретінде Ұлттық ғылыми кеңестер институтының құрылғанын айтып өтуге болады. Бірақ Ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысына кедергі болатын бірқатар төтенше жағдай болды. Оның ішінде Ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысын сынап, мүшелерін тексеріп, оның құрамына ыңғайлы адамдарды енгізу сияқты әрекеттер орын алғаны белгілі. Ешкім Ұлттық ғылыми кеңестердегі жоғары кәсіби, адал, патриоттардың үніне құлақ аспады. Бүгінде нақты айтқанда, Қазақстан ғылымындағы көкейкесті мәселе екі жайтпен байланысты, біріншіден ғылымға бөлінетін қаржының ІЖӨ-нің 0,12 пайызын құрауы және стратегиясы мен қадамдарының жаппай бюрократтануы. Сондықтан да осыларды шешуге назар аудару керек.

– 2025 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаржыны ұлғайту жоспарланып отыр. Егер қаржы көлемі ұлғаятын болса, біріншіден қандай салаларға көңіл бөлу қажет?

– 12 сәуір барша қазақ елі Ғылым қызметкерлерінің күнін атап өтті. Бұл күні бірқатар ресми шара, байқау, онлайн жиын өтті. Жақсы делік. Бірақ осылай атап өтуге қандай негіз бар? Мен «негіз жоқ» деп жауап берген болар едім. Өйткені Қазақстандағы ғылымның деңгейі төмен. Осы тұрғыда статистикаға назар аударып көрейік. Scimago Journal & Country Rank деректеріне сүйенсек, Қазақстан ғылыми көрсеткіштері бойынша Хирш индексінде әлемдік рейтингте 111-орында тұр (Scopus деректер базасы бойынша). Бұл ІЖӨ Қазақстаннан бірнеше есеге төмен Конго-Мозамбик және Габон-Жаңа Каледония елдері аралығындағы көрсеткіш. Ал ғылыми және ғылыми-техникалық жарияланымдардың жалпы саны жағынан Эквадор мен Эфиопия арасында 61-орында тұрмыз. Осылайша, әлемдік рейтингте бір ғылыми мақалаға сілтеме жасау жағынан Кирибати мен Ауғанстан арасында 204-орынды алып, Қырғызстан (86-орын) және Тәжікстаннан (112-орын) кейінгі көрсеткішке ие болдық. Бұл қазақстандық ғылымның төмен деңгейін және ғылыми зерттеулердің қажетсіздігі мен тиімсіздігін көрсетеді. Осы орайда Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауына орай «Ғылымды дамыту бойынша ұлттық жоба» дайындауға байланысты еліміздегі ғылымның деңгейіне алаңдаушылық білдіре отырып, талантты ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты Эльдар Кнармен бірлесіп «Ұлы ғылым жолы» доктринасын әзірледік. Ресми құжат болмағанымен, бүгінгі ғылым саласындағы көзқарастарды, саяси ұстанымдар жиынтығын көрсетеді. Доктринаның негізгі мақсаты – отандық ғылымның кемшіліктерін көрсету ғана емес, тың ұсыныстар мен оның дамуына ықпал ететін механизмдерді ұсыну.

– «Ұлы ғылым жолы» доктринасында осындай көкейкесті мәселелерді шешуге байланысты нақты қандай талаптар мен ұсыныстарды негізге алдыңыздар?

– Доктринада Президент жанындағы реформа бойынша жоғары кеңестің мүшесі болып табылатын және еліміздің Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқаратын әрі жаңа жоғары деңгейлі Ұлттық ғылыми кеңесті басқаратын ғылым спикері институтын енгізуді ұсынып отырмыз. «Ұлы ғылым жолы» доктринасында қазақстандық ғылымның мәселелерін түбегейлі шешудің жолдары көрсетілген. Бүгінде бұл құжат ғылыми қауымдастықтың талқысында. Қазірдің өзінде еліміздің және шетелдің ғалымдарынан көптеген пікір келіп түсуде. Енді ұлттық ғылымды дамыту үшін не істеу керек дегенге келетін болсақ, біріншіден бөлінетін қаржыны ІЖӨ 0,12-ден 3-5 пайызға көтеру (3 пайыз – сапа, 5 пайыз – даму мен алға озу); ғылыми-зерттеу тәжірибелік конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) басқару формасын бюрократтықтан қарапайым (ғылыми) басқару деңгейіне жеткізу. Бүгінде ғылыми-техникалық даму жөніндегі органды басқару құрамының 80 пайызын шенеуніктер құрайды. Мұндай жағдайда елдің ғылыми-техникалық дамуын басқару ісін құрамы 80 пайыз ғалымдардан, 20 пайыз шенеуніктерден тұратын Ұлттық ғылым кеңесіне беру керек. Сонымен бірге «Ғылым туралы» заңды жаңа сапалы деңгейге жеткізу, ғылыми ұйымдастыру мен ғылыми әдістемеге негізделген ғылым жөніндегі НҚА-ны (нормативтік құқықтық актілер: регламент, ережесі, құжаттары және т.б.) өзгерту; ғылыми интенданттық қолдау қызметін құру есебінен 25:4:1 ғалымдардың, инженерлердің және өндірістік персоналдың ара қатынасын әлемдік 1:2:42 стандарттарға жақындау етіп қайта құрылымдау. Бізге студент кезімізде «тарихта жеке тұлғалардың, әлде қалың бұқараның, ал мұны ғылымға қатысты айтатын болсақ, ғылыми көшбасшының, әлде ғылыми ұжымның рөлі маңызды ма?» деген сұрақ қоятын. Жауап белгілі: ғылыми көшбасшы басқалармен бәсекеге түсе отырып тек ғылыми ұжымда ғана өсіп жетіледі. Осы ғылыми көшбасшылар қатарынан қазақстандық ғылымға керекті білікті, жауапты сарапшылар, мықты басшылар өсіп жетіледі. Сондықтан да ғылыми-техникалық сала еліміздің ғылыми-техникалық даму бағдарламасын жоспарлау мен жүзеге асыру үшін жүйелі түрде ұйымдасқан болуы керек. Ғылыми ұйым мен ғалым – жүйеқұраушылар болып саналады. Ғылыми-техникалық даму бағдарламасын жоспарлау мен жүзеге асырудың басты құралы – іргелі және қолданбалы ғылымның бюджеттен қаржыландырылуы. Осылайша, қаржыландыру құрылымы үш тармақтан тұруы керек: базалық жоғары деңгейдегі конкурстық және базалық жүйеқұраушы қаржыландыру ғылым саласын қаржыландырудың басты құралына айналуы тиіс. Сонымен бірге конкурс жариялаған кезде гранттардың көлемін нақты белгілеп әрі санын шектей отырып, қосымша гранттық қаржыландыру мен жекелеген ғалымдардың ізденістегі жобалары қаржыландырылуы керек. Материалдық-техникалық базасын жетілдіруді субсидиялау үшін Centers of Excellence – Алдыңғы қатарлы тәжірибе деп аталатын ұжымдық орталықтарды құру конкурстық өтінімде көрсетіліп, негізделуі тиіс. Осылайша, субсидиялау бойынша шешімді Ұлттық ғылыми-техникалық комитеттер қабылдауы қажет. Ұлттық ғылыми-техникалық комитеттер қазіргі Ұлттық ғылыми кеңестер атқаратын жұмысты атқаруы тиіс. Бұл – ғылым мен экономиканы дамытуда ескеретін басты қадамдар.

– Соңғы жылдары сарапшылар елімізде ғылымның әлеуеті төмендеп барады деген пікір айтуда. Ал ғылыми әлеуетімізді дамытудың қандай жолдары бар?

– Елімізде жыл сайын ғылымның деңгейі төмендеп барады. Тіптен Қазақстан ғылымы қартайып барады деуге болады. Олардың популяциясы жаңарады деп айту қиын, ал жастардың ғылымға келуі қиын. Бізде ғалымдардың саны (22 мың) шенеуніктерден (97 800) бес есеге аз. Ал нағыз ғалымдарды, зерттеушілерді, инженерлік-техникалық мамандарды ғылымда ерігіп жүргендерден ажырату үшін 22 мыңды 2-3 есе азайтып жатсақ, соның өзі жеткілікті. Алайда сапасыз ғалымдармен сапалы ғылым жасау мүмкін емес. Ғылымға жай ғана жастар емес, креативті ойлай білетін мамандар керек. Ал ол білімнің еншісінде. Мектеп пен жоғары білім деңгейіндегі білімнің базалық деңгейі дамуы керек. Ал ғылымда маман сол алған білімі мен қабілетін пайдалана алады. Ғылымды білім үрдісіне белсенді енгізу уақыт күттірмейтін мәселе. Яғни алдағы жоспарымызда жас таланттарды көшеден емес, өзіміз оқытып, даярлау қажеттілігі тұр. Тағы айта кететін маңызды мәселе, елімізде ғылыми пікірталастың жоқтығы. Ешкім ешкіммен пікір таластырып жатпайды. Себебі ол қабылданбайды немесе олар қорқады. Бакалавр көрнекті профессормен айтысып жатпайды, ал PhD академикпен таласпайды, өйткені бакалавр мен PhD ғылыми мансабы профессор мен академикке тәуелді болатын себептен де осындай дауларда профессор мен академиктің жеңетіні сөзсіз. Пікірталас бола қалған жағдайда жас маманның пікірі бұл жерде керек болмай қалуы да мүмкін. Жастардың елден кетіп жатқан себептерінің бірі де осымен байланысты. Батыс елдерінде 30 жаста профессор дәрежесін алу қалыпты жағдай. Ал біздегі профессорлардың орташа жасы 50-60 жас. Алдына мақсат қойғыш жастар 5-10 жыл күткенімен, 20-30 жыл бойы ғылыми дәрежесін күте алмайтыны анық.

– Соңғы жылдары ғылыми ортада «аралас ғылым» деген ұғым жиі қолданыла бастады. Оның мәнісі неде?

– Бүгінде таза ғылым ұғымы жоқ. XX ғасырға дейін ғалымдар тарихшы, генетик, физик, химик болып бөлінсе, ХХI ғасырда әртүрлі ғылыми пәндер шегінде ғылыми зерттеулер жасайтын «аралас ғылымдар» пайда болды. Мысалы, бионика, кибернетика, биофизика, биохимия, математикалық физика, эконометрия, социометрия және т.б. Тарихты генетикасыз, биологияны математикасыз зерттеу мүмкін емес. Сондай-ақ экономикалық ғылым түсінігі қарқын алып барады. Ал математикалық немесе әлеуметтік аппаратсыз мықты экономисті елестету мүмкін емес. Іргелі және қолданбалы социология психология, физика, математика және химия саласындағы заманауи зерттеулер мен жетістіктерсіз дами алмайды. XXI ғасырдың ғылымы – бұл шекарасыз таным және мамандықтардың құзыреті. Жаңа заманның ғылымы бір-бірінсіз жасауға келмейтін бірыңғай және синтетикалық ғылым.

– Пандемияға қарамастан былтыр елімізден 30 мыңға жуық маман, оның ішінде техника саласы, экономистер мен мұғалімдер кеткен екен. Мамандар миграциясының бұлайша белең алуы қалыпты құбылыс па, әлде алаңдаушылық білдіретін мәселе ме?

– Қазақтар мен қазақстандықтар интеллектуалды ұлтқа жатады. Ал ұшқыр ойлау – ол болашақ нарықтың ойлауы. Ресми деректер бойынша «Қазақстан оқушылардың математика мен жаратылыстану рейтингінде (TIMSS) топ-10 тұрса, ал материалды оқу мен түсіну жағынан (PIRLS) 27-орында». Жас шахматшылар, киберспортшылар дотада, лигада алдыңғы орында жүрсе, виртуалды ойындарда, сауаттылығы мен білім жағынан Vouchercloud версиясында жасөспірімдер интеллекті бойынша алдыңғы ондықта жүр. Мысалға вокалды алайық. Бұл жай ғана өнер емес, акустика, физиология және психологияның тоғысындағы салмақты және жоғары деңгейдегі прецизионды ғылым. Ресей федералды қызметінің деректері бойынша Қазақстан ғылымының мақтанышы болатын жастар Американың мақтанышы болуы үшін Америкаға ұмтылуда. Соңғы жеті жылда жоғары білімі бар 300 мыңнан астам жас елден кеткен. Алдағы уақытта да бұл көрсеткіш көбеймесе, азая қоймайды. Халықаралық миграция ұйымының деректері бойынша, жастар елдегі жемқорлық, бюрократия, қажетсіздік, болашағы жоқ болғандықтан, сондай-ақ тоқыраушылық, кедейлік сияқты кереғар үрдістерден қашып барады. Интеллектуалдардың елден кетуі бұл интеллектуалдық миграция ғана емес, болашағымыздың миграциясы. Бүгінде конкурстар да, ғылыми пәндердің саны да көбейген. Тапсырыстар да көбейді, сәйкесінше ғалымдардың саны артты. Жастардың мыңдаған жобалары ғылымды жаулап алды. Ал «алтын жастарымыз» физиктер мен лириктердің пікірталасын тыңдап клубтарда жүргені алаңдатады. Ғылым мен инновацияның исі де шықпайтын гранттар қандай да бір әлеуметтік көмекке айналып барады. Осы тұрғыдан алғанда нағыз ғылымды жалған ғылыммен алмастырып жатырмыз. Ғылыми шығармашылықты есеп беру мен тапсырыс беруге, ғылыми идеяларды гранттық фантазияларға, ғылыми трендтерді космостық қиялға, таланттарымызды ғылымға, технологияға, инновацияға еш қатысы жоқ жастармен алмастырып жатырмыз. Бұл жалған ғылыми атаққа малынған жаппай немқұрайдылықты қолдау деп білемін. Қазақстан квазиғылыми, жалған ғылыми фантомдар мен фантазиялар мен елестің еліне айналып кете ме деп алаңдаймын. Ғылымның бюрократиялық сипаты сапалы ғылыми өнімді жасайтын тиімді технологиялық циклды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан да еліміздегі бизнес саласы қазақстандық эрзац-өнімді емес, сапалы шетелдік өнімді қажет етеді. Ғылым – синергетика мен резонанс заңдарына бағынатын ең мықты энергия көзі, қалпына келтіруге болатын қор. Алайда бюрократиялық қадамдар ғылымның да, экономиканың да дамуына кері ықпал етіп отыр. Елімізде ғылыми және технологиялық ағымдар шенеуніктердің бақылауында. Ал олардың арасында ешқашан патриот бола алмайтын жауапкершіліксіз шенеуніктер көп.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»