Олар қазақ тілінде сөз синтездеу немесе басқаша айтқанда, қазақ мәтінін дыбыстық сигналға түрлендіру технологиясын жасады. Синтез технологиясы компьютерге кез келген қазақша мәтінді адам дауысына өте ұқсас дауыспен оқып шығуға мүмкіндік береді. Әзірлеушілердің айтуынша, мұндай технология Қазақстанда бұрын болмаған.
«Қазақстанда бұл технология ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін, виртуалды көмекшілерде және қазақша мәтінді дыбыстау қажет болатын қызметтер үшін пайдаланылуы мүмкін. Мұндай технология – компьютердің қазақ мәтінін дыбыстауды қажет ететін интерактивті виртуалды ассистенттер, навигациялық жүйелер, хабарлау жүйелері сияқты көптеген қосымшалардың маңызды құрамдас бөлігі. Жаңа технология көзі нашар көретін адамдар үшін де пайдалы болуы мүмкін. Бұл қазақ мәтінін аудиоға айналдыру арқылы адам мен роботтың өзара іс-қимылын реттеуге мүмкіндік береді, – дейді ISSAI постдокторанты Ерболат Хасанов, – біздің жобамыздың басты мақсатының бірі – цифрлы технологияларды қазақшалау. Бұған дейін біз қазақ тілінде осыған ұқсас технологияларды кездестірмедік».
Ғалымдар бұл технологияны қазақша дұрыс интонация және қарқынмен әйел және ер дауысына салып сөйлейтін екі нұсқасын жасады.
Бүкіл әлемде бұл технология денсаулық сақтау, электронды оқыту, дауыстық көмекшілер сияқты салаларда кеңінен қолданылады. Ғалымдар жаңа технология цифрлы кеңістікте қазақ тілінің қатысуын арттыруға мүмкіндік беретініне сенімді.
Ғалымдар жиналған мәліметтер базасын, алдын ала дайындалған модельдерді және жоба кодын ашық түрде ұсынады. Осының көмегімен кез келген ұйымдар мен компаниялар қазақша сөз синтездеу жобаларын жасай алады.