«Шымкент қаласында ерікті түрде коронавирусқа қарсы вакцина алушылардың саны көбейді. Яғни бүгінге дейін 46 656 адам екпе қабылдады. Олардың 9 570-і – медицина мамандары, 11 752-сі – мұғалімдер, 4 738-і – полицейлер, 3 332-сі – созылмалы ауруға шалдыққан науқастар, ал 1 326-сы студенттер болса, қалғандары – басқа да санаттағы азаматтар. Бұл ретте халыққа бар жағдайды жасау мақсатында вакцина егу пункттерін көбейтіп, салдыру уақытын ұзарттық», дейді басқарма басшысы.
Бас дәрігердің сөзінше, үшінші мегаполисте вакцина салдыру 38 егу пунктінде жүргізіліп отыр. Олар күнделікті сағат 08.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуде. Оған қоса, бүгін қаланың сауда орталықтарында вакциналау жұмыстары басталған. Яғни №1 қалалық емхана мамандары таңертеңнен әмбебап сауда орталығының қызметкерлері мен дүкенге келуші азаматтарға вакцина салуда. Бұл шара жалғасады. Ендігі кезекте 19 сәуірден бастап «Мега» сауда орталығы мен базарларда егу пункттері ашылады.
Еске салсақ, коронавирусқа қарсы шығарылған вакцина адамға күш-қуат беретін дәрумен болмағандықтан, оны салдыру оразаны бұзбайды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері пәтуа шығарған.
Бақытжан Жолдасбекұлы Шымкент қаласында өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 119 жағдайы тіркелгенін, эпидемиялық ахуалдың тұрақты емес екендігін тілге тиек етті. Осы орайда қаланың Бас дәрігері шаhар тұрғындарына барлық санитарлық талапты сақтауға шақырды.
Шым-шаһарда covid-19 вирусына қарсы вакцина салдыруда білім саласының қызметкерлері белсенділік танытып келеді. Осыған дейін білім саласында жұмыс істейтін 8 мыңға жуық қызметкер вирусқа қарсы вакцина алған. Бұл жалпы қызметкерлердің 30 пайызын құрап отыр. Басқарма тарапынан қызметкерлер арасында қауіпті індетке қатысты вакцинаны жаппай салдыру бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары атқарылып жатыр. Бір күннің ішінде орташа есеппен мыңнан астам қызметкер вакциналанды.
Індет іргеден ін қазған тұста жаны жомарт жандар елге қолұшын беруден аянып қалған жоқ. Жуырда «ПетроҚазақстан» және «Отаумед» компаниясы қан орталығына вакцина сақтайтын құрылғы тарту етті. Компания басшылары орталыққа қажет құрылғыларды шетелден арнайы тапсырыспен алдырған. Медициналық мекемеге тарту етілген тоңазытқыш жабдықтары вакцинаны сақтауға арналған. Орталық бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаев ұжым атынан «ПетроҚазақстан» және «Отаумед» компаниясына алғысын білдірді.
Айта кетерлігі, қалаға бөлінетін індетке қарсы вакциналар тікелей әуежайдан қан орталығына жеткізіліп, кейіннен егу пункттеріне таратылуда.
ШЫМКЕНТ