Руханият • 20 Сәуір, 2021

Тарбағатайдың таңбалы тастары

1038 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көк түріктердің тотемі Тарбағатай тауының сонау биігіндегі Ақберлі шыңында да кездеседі. Шақырымдарды алып жатқан ол петроглифтер бәлендей зерттеле қойған жоқ. Ара-тұра ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып тұрғанымен, аз уақыт ішінде тас бетіндегі бәдіздерді толық тану мүмкін емес.

Тарбағатайдың таңбалы тастары

Тарихшы ғалымдардың пайымда­­уынша, Тарбағатай тауындағы таңбалы тастар біздің заманымызға дейінгі IV-V және VI-VII ғасырларда бедерленген көрінеді. Сан ғасыр тарихтың куәсіндей болып жатқан тастарға зер салсақ, ай мүйізді арқар, жосыған тау ешкілер, бұғы сынды жан-жануарлар бейнеленген. Бүгінде Үржар өңірінде кездеспейтін қос өркешті түйелердің суретін де осы жақпар тастардан көресіз. Ғалымдар болжағандай, осынау суреттерде бес мың жыл бұрынғы ата-бабаларымыздың көзқарастары, наным-сенім түсініктері, тіршіліктері ап-анық көрініп тұр.

– Тарбағатайдың Ақберлі биігінде әлемдік мәдени қазына қатарына қосуға лайықты қаншама құнды петроглиф бар. Аумағы жүздеген гектарды алып жатыр. Бұл сақ дәуірінен де бұрынғы тарих. Түбегейлі зерттелсе екен. Туристерді тартуға да таптырмас орын, – дейді «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық та­би­ғи паркінің рекреация және туризм бөлімінің басшысы Жансая Бейсенова.

Туристер тартылып жатса, оларды жан-жануарлардың суреттері ғана емес, үйдей тастардың бетіндегі белгісіз өрнектер де қызықтырары сөзсіз. Тарихшылар түсініксіздеу бедерлерді Тарбағатайдың картасы болуы мүмкін деп болжам жасаған. Ондай қорытындыға келген себебі, алып тастың бетіндегі шиыр сызықтар тау соқпақтарына, өзен-көлдерге ұқсас. Жалпы, көзге түскен суреттердің саны 2 мыңнан асады.

Киелі шыңның биігінде петроглифтер ғана емес, көне қорымдардың орнын да байқайсыз. Ақберлінің биігі киелі жер болғандықтан шығар, көне тайпалар осы маңда бас қосып, әдет-ғұрыптық шараларын өткізген секілді. Тіпті Ақберлі атауында да үлкен мән жатыр. Аңыз-әңгімелерде айтылғандай, Ақберлі әулие өтерінде «менің сүйегім жатқан жер жауын-шашынсыз болмайды. Бейбіт шаруаға зияным тимесін, биікке жерлеңдер» депті. Содан бері Тарбағатайдың бұл биігі «Ақберлі» атанса керек.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы