Әлем • 20 Сәуір, 2021

Рауль Кастро биліктен кетті

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Куба коммунистерінің басшысы Рауль Кастро партия орталық коми­те­тінің бірінші хатшысы қызметінен кететінін хабарлады. Бұл туралы ол Куба Коммунистік партиясының 8-съезінде мәлімдеді. Әлем елдері бұл жаңалықты Кастролар билігіне нүкте қойылды деп қабылдады.

Рауль Кастро биліктен кетті

Былай қарасаңыз, шынымен тұтас бір дәуір аяқталды. Өйткені ағайынды Фидель мен Рауль Кастролар 60 жылға жуық уақыт лауазымды қызметтерде болды. Олар революциядан кейін елде Маркс пен Ленин идеясына негізделген авторитарлы социализм орнатып, үлкен реформалар жасады.

Рауль Кастро Кубаны 12 жыл басқарыпты. 90 жасқа таяған саясаткер зейнетке шығамын деді. Енді Коммунистік партияның тізгіні ел президенті Мигель Диас-Канельге өтеді. Сарапшылар бұл жаңалықты ести сала, елді экономикалық дағдарыс күтіп тұр деген болжам жасады. Дағдарыстан бөлек, наразылықтардың да ауылы алыс емес сияқты. Өйткені халық саяси бағыттың өзгермей жатқанын әуелден айтып келеді.

Рауль Кастро партия басына 2000-жылдардың басында келді. Ағасы Фидель 1997 жылы інісі Раульды орынбасары ретінде таныстырып қойған-ды. Інісіне қатысты жоспары да, үміті де зор Фидель Кастро оның қай қызметте болсын жақсы нәтиже көрсететініне сенімді еді. Ал Рауль 50 жыл бойы премьер-министр қызметінде жүріп, көбіне ағасының «көлеңкесінде» қалып қоятын.

Рауль Кастро мансабында бірқатар жақсы жетістікке жетті. Кубаның әлемдік нарыққа кіруі де Раульдың атымен байланысты. Одан бөлек, бірнеше мемлекеттік бағдарлама қолға алынып, ауылшаруашылық, өндіріс парктерінің жұмысы жолға қойылды, жеке және мемлекеттік базарлар іске қосылды.

Дегенмен халық «көлеңкелі» экономика үшін оның билігіне қарсы сын айтты. Елде АҚШ-тың әсері күшейе түсіп, арал есірткі тасу үшін көпір ретінде пайдаланылды деген пікір бар. Оған бір кездері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған Гаванадағы казино мен қонақүйлер дәлел дейді.