Экономика • 20 Сәуір, 2021

Биржалық саудаға қандай өзгеріс енгізіледі?

475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының ха­лыққа арнаған Жолдауында ай­тылған тапсырмаларды орындау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі «Кейбір заңнамалық актілерге биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.

Биржалық саудаға қандай өзгеріс енгізіледі?

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жауапты ведомствоның Биржалық сауда басқармасының басшысы Мақсат Тұрсынбековтің айтуын­ша, заң жобасы негізгі үш бағытқа бай­ланысты биржаларды дамытуды көздейді.

«Біріншіден, тауар биржаларының ашықтығына қойылатын талаптар кү­шейтіледі. Екіншіден, жағдайды өзгертуге және шын мәнінде бәсекелестік орта мен биржалық сауданы дамыту үшін жаңа жағдайлар жасауға айтарлықтай қадам жасалды. Үшіншіден, биржалық сауда көлемін ұлғайту міндеті қойылып отыр.

Егер де анықтап айтсақ, бірінші бағытқа сәйкес, жарғылық капиталды ұл­ғай­ту, биржалық сауданың бір­ың­­ғай қағи­даларын бекіту, тауар бир­­жа­ларының екі деңгейлі жүйе­сін енгізу, тауар биржалары мен бир­жа­­лық саудаға қатысушылар­дың қар­жы­лық тұрақтылығы бойынша талап­­тар­ды белгілеу көзделген», деді М.Тұрсынбеков.

Екінші бағыт аясында да бірқатар шара қарастырылыпты. Мысалы, бир­жалық брокерлер мен тауар дилер­леріне бірнеше тауар биржасына қатысуға ты­йым салуды бір мезгілде алып тастап, бірыңғай аккредиттеу талабы белгіленеді. Сондай-ақ, азаматтарға дел­далсыз бір рет келетін клиент ретін­де биржалық сауда-саттыққа қатысу­ға мүмкіндік беретін тетікті енгізу қарас­тырылып отыр. Тауарлар мен сауда-саттықты секциялар бойынша бөлу ес­керіледі. Бұдан басқа, уәкілетті орган­ға бір сауда сессиясында лоттың ең жоғары мөлшерін белгілеу бойынша өкілет­тіктер беріледі.

«Үшінші бағыт – іске асырылған мәмілелер көлемі мен секция түріне байланысты сараланған мөлшерлемені орнатуға мүмкіндік беріп, биржада келі­сімдерді жасау мен шарттарды орын­дауға қатысты сақтандыру құра­лы енгізіледі», деді Биржалық сауда басқар­масының басшысы.

 Заңнамаға осы толықтыруларды енгізу арқылы биржа саудасының көлемі артып, оның ашықтығы қамта­масыз етіледі деген сенімде заң жобасы­ның авторлары. «Маңызды артықшы­лық­тардың бірі – нарықтың талабына сай бағалар белгіленіп, жаңа әріптестерді тартуға мүмкіндік беріледі. Бұл өз кезегінде бәсекелестіктің артуына әсер етеді. Тұрақты биржалық саланы қа­лып­тастырудағы тағы бір маңызды мәсе­ле – биржалық келісімшарттардың ашық­тығы. Заң жобасында бұл да еске­ріл­ген», деді М.Тұрсынбеков.

Биыл ақпанда аталған заң жобасы Үкімет басшысының Кеңсесіне енгізілді. Енді реформалық құ­жат Парламенттің қос палатасында қаралатын күн де алыс емес.

Соңғы жаңалықтар