Руханият • 20 Сәуір, 2021

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

762 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ арабистикасының ірге тасын қалаушы Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі менің алғашқы Ұстазым екенін мақтаныш тұтамын.

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Бүгінгі таңда мұндай сөзді еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және шығыстану факультеттерінің жүздеген түлектері де мақтанышпен айтып жүргені ақиқат.

1977 жылы Совет Одағының атеистік идеологиясы дүрлігіп тұрған шақта, қазақ мектептерінің саны жылдан-жылға азайып, ана тілін еркін білетін жастардың жоғары оқу орындарына түсу аясы тарыла бастаған заманда Мәскеудегі атақты Шығыстану институтында білім алған жас ғалым Әбсаттар Дербісәлі сол кездегі КазГУ-дің атақты ректоры академик, Ө.Жолдасбековтың қолдауын тауып, Ленинград, Ташкент университеттерінде араб тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған қазақ оқытушыларының басын қосып, филология факультетінде араб тілі мен әдебиеті бөлімін ашты. Алғашқы жылы он студент, кейінгі жылдары жиырма бес студент оқуға қабылданып, қазақ ғылымында арабистика саласы осылайша қалыптаса бастады.

Араб тілі бөлімінің тәй-тәй қадам баса бастаған «сәбилік шағында» аяқтан шалушылар да көп болды: бір жағынан коммунистік идеологияның шолақ белсенділері Қазақстанда араб тілін оқыту қажеттігін жоққа шығарып жатса, екінші жағынан атеизмнің жалауын көтеріп жүргендер бұл бөлім молдалар дайындайды деп күдіктенді. Дей тұрғанмен, көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков бастаған ұлтжанды зиялылар Қазақстанда араб тілін оқыту маңыздылығы зор екеніне көрегендікпен қарады.

Кейін КазГУ-дің филология факультетіндегі араб тілі мен әдебиеті бөліміне түсуге ниет білдірген талапкерлердің саны күрт өсіп, осы мамандыққа қызығушылар көп болған кезде өз балаларын орыс мектептеріне берген ығай мен сығайлар араб тілі мен әдебиетін орыс тілінде оқыту керек деп талап қоя бастады. Сол кезде де ауылдың шаңын жұтып туып өскен Әбсаттар Дербісәлі бастаған зиялы қауым қазақ мектептерінде араб тілін шетел тілі ретінде оқыту саясатын ұстанып, ана тілін жетік білетін қазақ жастарын ғана осы мамандыққа дайындау үшін табандылық көрсетті. Аллаға шүкір, сол кездегі ұстаным бүгін өзінің дұрыстығын айқын дәлелдеп берді.

1981 жылы Павлодардан Алматыға оқу іздеп келген мен де Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі шәкірттерінің қатарына қосылдым. Ол кезде араб тілі оқулықтары тапшы болатын. Әбсаттар ұстазымыз Ташкенттен Б.З. Халидовтың оқулығын қаражатынтөлеп алдырды да, әрбір студенттерге бір-біреудентаратып берді. Кейін Ә.Дербісәлі, М.Мәженова, Б.Тасымов, Г.Рамазанова, Ж.Тоқмамбаев, Н.Өсеров және тағы басқа ғалым-оқытушылар мектеп сыныптарына арналған араб тілі оқулықтарын жазыпшығара бастады.

Сол кездегі Әбсаттар Дербісәлінің жас мамандарды дайындаудағы сіңірген ерен еңбегі – Мәскеуде өзімен бірге оқыған таныс-тамырларының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қазақ студенттерін араб елдерінің университеттерінде араб тілінің қыр-сырын үйрететін біржылдық арнаулыкурстарға жіберу еді. Өткен ғасырдың 80-жылдары мұндай жағдай Ресейдегі шығыстану университеттерінің студенттерінің еншісінде ғана болатын. Оның үстіне Мәскеуден бес орынды жырып алғанда Иордания университетінің тілдік курстарына оқуға баруға үміткерлердің «жоғары жақта отырған» туған-туыстары көрпені өз жақтарына қарай тартқысы келді. Сонда өзінің әділдігімен ерекшеленетін Әбсаттар Дербісәлі үміткерлердің «жағрафиясына» қарамай, ең алдымен оқуы үздік әрі қоғамдық жұмысқа белсене ат салысып жүрген студенттерді іріктеді.

Әбсаттар Дербісәлі өз студенттерін университет қабырғасында ғылыми жұмыстарға да ерте баули білді. Жазғы каникул кезінде студенттер ҚР Ғылым Академиясының Қолжазба бөлімінде практикадан өтетін. Сол практикаға жұмыстарға жетекшілік еткен Әбсаттар аға ата-бабаларымыздан қалған асыл қолжазба мұраларды көздің қарашығындай сақтап қалуға, ортағасырлық рухани, мәдени, ғылыми мұраларды оқу тәсілін үйретті. Ұлы жібек жолындағы көне қалалар, ислам ескерткіштері туралы қызықты әңгімелері бізді қатты еліктіретін.

Әлі есімде, университеттің бірінші курсында оқып жүргенде Әбсаттар Ұстазымыздың «Шыңырау бұлақтар» атты кітабы жарық көріп, сол еңбектен Отырар шаһарынан Әбу Насыр әл-Фараби есімді ғалымдар шыққанын алғаш рет оқып, өзіміздің бай тарихымызға құрметпен қарай бастадық.

80-ші жылдары Қасиетті Құран кәрім кітабының Саблуков аударған орыс тіліндегі нұсқалары Коммунистік партияның аудандық комитеті бекіткен арнайы тізім бойынша ғана таратылатын қилы заманда Әбсаттар Дербісәлі «Араб әдебиеті» атты кітабы арқылы қазақ оқырмандарына мұсылмандардың басты кітабының мән-мазмұнын ашып, «Фатиха» мен «Ихлас» сүрелерін қалай оқу керектігін үйретті. Міне, Әбсаттар Ұстазымыздың осындай ғылыми тәсілі арқылы көптеген адамдар мұсылмандық сауаттылығын аша бастады.

Совет Одағы кезінде ҚазҰУ-дің араб тілі бөлімін аяқтап, Йемен, Ирақ, Либияда тәржімашы болып істеп жүрген түлектері Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі Ұстазымен хабар үзіскен жоқ. Араб өркениетінің бесігі болып саналатын Хадрамаутта (Оңтүстік Йеменде) аудармашы болып жұмыс істеген жылдары Ұстазыммен жазысқан хаттарымды жеке архивімде әлі күнге дейін сақтап келемін.

Кейін Еліміз тәуелсіздігін алып, егеменді ел болып жатқанда Әбсаттар Дербісәлінің бір топ шәкірттері Сыртқы істер министрлігіне қызметке кірдік. Міне, дипломатияның қыр-сырын үйрене бастаған шағымызда араб елдерінің сыртқы саясатын, экономикасын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін жақсы білетін Әбсаттар Дербісәліден әрдайым ақыл-кеңес сұрап тұратынбыз. 1998 жылы Қазақстанның Сауд Арабиясында Елшілігі ашылғанда Әбсаттар Дербісәлі кеңесші болып тағайындалды. Ұстазымыз эр-Риядта дипломатиялық қызмет етіп жүрген жылдары екі ел арасында тығыз қарым-қатынастар орнатылып, бүгінгі таңда сол жұмыстардың жемісін көріп келе жатырмыз.

Сол жылдары Елбасымыздың бастамасымен Египет үкіметі Алматыда «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті орталығын салды. Құрылысы әлде қайда біткен орталықты іске қосуда кері тартпа пікірлер болып, екі жақты ынтымақтастыққа көлеңкесінтүсіре бастады. Бірнеше жылдар бойы тоқырауда қалып қойған бұл мәселе Әбсаттар қажы Дербісәлінің Қазақстанның Бас мүфтиі болып сайланған кезден бастап қайта жанданып, үкіметаралық келісіммен барлық өзекті мәселелердің түйіні шешілді. Египет Президенті Хосни Мүбарак Әбсаттар қажы Дербісәлінің ерен еңбегін жоғары бағалап, 2001 жылы мамыр айында Каирде Ислам істері жөніндегі Жоғары мәжіліске қатысқан 370-кежуық мұсылман елдерінің діни қайраткерлерінің алдында 1 дәрежелі «Өнер және ғылым» орденімен марапаттағанда қуанышымда шек болмады.

Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі Сауд Арабиясында жинақтаған мол дипломатиялық тәжірибесінің арқасында Бас мүфти болған алғашқы жылдары сол кезде ҚР Ақпарат, мәдениет және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед бастаған Қазақстан делегациясы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық министрлігімен келісім шартқа отырып, қажылық мәселесі де реттеле бастады. Соның арқасында қазақ қажыларының саны жылдан жылға артуымен болды.

Осы күндері (наурыз, 2021) әл-Азһар аш-Шариф университеті имамы доктор Ахмед ат-Таййебтің шақыруымен фарабитанушы, ҚР ҰҒА академигіӘбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі Мысырдың Ислам ғылым Академиясы мен Мысырдағы Қазақстан елшілігі бірлесіп ұйымдастырған «Екінші Ұстаз әл-Фарабидің Ислам өркениетіне қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми конференцияда Мысыр елініңрухани-зиялы қауымы алдында араб тілінде мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар Елшілікте Әбсаттар Ұстазым әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің баспасы шығарған «Әбу Насыр әл-Фарабидің ақыл-ой пікірлері мен нақыл сөздері» атты кітаптың тұсауын кесті.

Өмір жасыңыз ұзақ болсын, Ұстазым!

 

Қайрат Лама-Шәріп

Қазақстанның Мысыр Араб республикасындағы

төтенше және өкілетті елшісі.