Экономика • 20 Сәуір, 2021

«Б» жоспары дағдарысқа қарсы қалқан бола ала ма?

1431 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әлемдік экономика пандемия дағдарысының үшінші кезеңіне дайындықты бас­тап кеткенін байқап отырмыз. «Белді бекем буыңдар» деген ескертпе БҰҰ тарапынан ашық айтыла бас­тады.

«Б» жоспары дағдарысқа қарсы қалқан бола ала ма?

Халықаралық ұйым экономикалық дағдарыс бұл жолы «ұзақ болатынын, әсіресе кедей және әлсіз әлеуметтік топтар арасында айрықша сезілетінін» ес­­кертті. «Вирус әлемдік эко­­но­миканың негізгі күре та­­мыр­­­лары арқылы шекара асып кетті. Пандемия ең әл­­сіз әлеуметтік топтар­ға соқ­қы берген әлемдік эконо­ми­­каның өзін есеңгіретіп жібер­ді», дейді ЮНКТАД Бас хат­шысы Мухиса Китуйи. 

Дағдарыстың үшінші кезеңіне Үкіметтің экономикалық блогы қам­сыз емес екен. Ұлттық эконо­мика министрлігінің баспасөз қыз­меті елімізде экономикалық ахуал нашарлаған жағдайда іске асы­рылатын «Б» жоспары барын ха­барлады. Мұның алдында Ұлттық экономика министрі Әсет Ер­ғалиев Ұлттық банк және Қар­жы нарығын дамыту агент­тігі­мен бірлесіп, дағдарысқа қар­сы іс-қимыл жоспарын әзірлеп жат­қанын, оған контрциклдік си­пат­тағы шұғыл шаралар топта­масы кіретінін айтқан болатын. Бұл жоспарда халық пен бизнес­ке қолдау көрсететін шаралар легі мен макроэкономикалық тұ­рақ­тылықты қамтамасыз етуге ба­ғытталған жұмыстар енген. Ми­нистр­ліктің хабарлауынша, пан­демия кезінде шағын және орта бизнеске, шағын өндірісті да­мы­туға баса назар аударылып келеді. «Былтырдан бері бұл сек­торға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет ШОБ-ты салық жүк­те­мелерінен және жалға алу ақысы­нан босатты, сондай-ақ екін­ші дең­гейлі банктер арқылы жеңіл­детіл­ген несие бере бастады» деді ми­нистр журналистермен кездесуінде.      

Мемлекеттің осыншама қара­жат бөліп, қолдау көрсетуі – дағ­дарыстың кезекті толқынына қам-қарекетсіз отырмағанының белгісі. Себебі пандемия қаупі әлі сейілген жоқ. Отандық экономиканың ма­ңызды бөлігіне арналған орта және шағын бизнесті серпілту, сол арқылы экономиканың өзге сала­ларын жандандыру басты стра­тегиялық жос­парға айналып отыр.

Министр ұсынған дерекке сүйенсек, Қазақстанның дағ­да­рыс­қа қарсы бағдарламас­ының жалпы көлемі 6,3 трлн теңгені құраған. Бұл дегеніңіз ішкі жалпы өнімнің 9 па­йызы. Ресейде ішкі жалпы өнімнің 4 пайызы көлемінде қаржылық қолдау көрсетілген. «Пандемия мемлекеттің қоғам мен экономика өміріндегі рөлін арттырды. Әлеуметтік-экономика­лық жағдайды тұрақтандыру үшін мем­лекеттік институттардың тиім­ді жұмысы маңызды рөл атқа­раты­нын тү­сіндік. Мәселен, көп­теген азамат­ жұмысынан айы­рылды немесе ақысыз еңбек дема­лы­сына жібе­ріл­ді, ал олардың шы­ғын­дарын мем­ле­кеттік жәрдемақы ғана жауып бер­ді. Ондай жағдай Қазақстан­ға ғана тән емес, АҚШ, Еуропа, Жа­по­ния­да да жағдай тура осылай бол­ды. Нә­ти­жесінде, цифрландыру, ин­но­ва­ция­лық өсім, инвестиция үшін жа­һан­­­дық бәсекелестік, жасыл эконо­микаға ұм­тылыс ерекше қарқынмен алға жылжыды» дейді Ә.Ерғалиев. 

 

Сыртқы факторлардың ішкі нарыққа әсері ескеріледі

Отандық экономикаға әсер етуші сыртқы факторлар деп әлем­дегі эпи­демиялық жағ­дайды, он­дағы жоспарлы вакциналауды, дүние жүзі экономикасындағы ахуал­ды, сон­дай-ақ әлемдік мұ­най нарығын­дағы қалыпқа келу үрдісі мен мұ­най, металдардың ба­ға­ларын қалып­қа келтіруді атау­ға болады. Айталық, жыл басы­нан бері мұнай бағасы 27%-ға өсіп, бір баррель үшін 65 АҚШ долларын құраса, металдардың орташа бағасының өсуі 6,5%-ды құрап отыр. Халықаралық қаржы ұйымдарының болжамы бойынша, 2021 жылдың қоры­тындысында мұнайдың бір баррелі 55,9 долларды құрайды, әлем эконо­микасының өсуі 4-5,1% ара­лығында болады.

«Жоғарыда көрсетілген үрдіс­терді ескере отырып, 2021 жыл­дың қорытындысы бойын­ша ішкі жалпы өнімнің өсуі 3% дең­гейінде болжанып отыр. Іскерлік белсенділікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша жоспарланып отыр­ған ауқымды шараларды іске асыруды ескере отырып, ағым­дағы жылы нақты сектор өсуі­нің нығаюы, қызмет көрсету сала­сы­ның және тау-кен өндіру өнеркә­сібінің қалпына келуі экономика өсуінің негізгі драйверлері болмақ» делінген Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде. 

 

Экономиканың өсуі эпидемиялық ахуалға байланысты

Үкімет экономикаға тиген соқ­қыны  бизнеске жеңілдетілген несие беру, кәсіпкерлік субъектілерін мүлік салығынан, төтенше жағдай ке­зінде несие төлемін мерзімінен кешік­­тірген үшін алынатын айып­пұл мен өсімнен босату арқылы жұм­сар­туға тырысып жатыр. Сондай-ақ мемлекет әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын ұстап тұруға ж­әне азаматтардың еңбек құқығы сақ­­талуын қадағалауға уәде берді. 

Сарапшы Ерлан Ибрагимнің ай­туын­ша, әрбір дағдарыстың өз қаһар­маны болады. Экономиканың әлсіздігін дұрыс бағалай білу – дағ­дарыстан шығатын басты жол.

 Бiлiктi де беделдi сарапшылардың ұзақмерзiмге жасаған болжамдары­ның барлығында дерлiк азық-түлiктiң әлемдiк бағасының өсе беретiнi, ал энергияны тұтыну бағасы қазiргiдей жоғары деңгейде қалатыны айтылады. «Бұл процестер Қазақстан үшiн тиiмдi болуы тиiс, өйткенi бiздiң ел – энергия экспорттаушы ел. Алайда оның пайдасын көру үшiн мемлекет iрi мұнай-газ жобаларындағы өзiндік үлесiн 50%+1 дәрежесiне жеткiзуi тиiс, яғни жерасты байлығын игеруге қатысты келiсiмдердi өз пайдасына орайластырып, қайта қарауы керек. Бұл факторлар − жаңа бағытқа жасалған бiрiншi қадам ғана. Сосын газы бар, басқасы бар, Қазақстанда шығарылатын шикiзат тегiс әлемдiк бағамен және ешбiр делдалсыз экс­­портталып, Ұлттық экономика ми­нистрлігі үкілеп отырған «Б» жос­­парында нақтылануы тиіс. Егер осы тетіктер жұмыс істесе, 2021 жыл­дың дағдарыс менеджерлері қалып­та­сады», дейді Е.Ибрагим.

Сарапшы атап өткендей, экономика мен қаржы нарығындағы теңгерімсіздікті бағамдау арқылы да дағдарыстың алдын алуға болады. Нарық немесе экономиканың әлсіз тұсын қалпына келтіру үшін көп нәрсе қажет емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық және пандемиялық дағдарыс қос өкпеден қысқан сын сағатта адам факторына  – халықтың денсаулығын сақтап қалуға басымдық берген шешімі  көптің қолайына жаққанын, бұл шешім дағдарыс менеджерлерін қалыптастыруға жол ашатын тарихи шешім болғанын айтады. Сондай-ақ Үкіметтің қазіргі құрамына 1993-1996 жылдардағы Үкіметтің тәжірибесін қайта зерде­легені дұрыс. 

Е.Ибрагим «дағдарысқа тас-түйін дайынбыз» деп, қос бірдей жоспардың бетіне қарап, көңілін жайландырып отырған Үкіметтің осы күнге дейін қайталана берген қателіктің шырмауынан шыға алмай отырғанын да қаперге салып өтті. Яғни кез келген дағдарыста қал­қанымыз болады деп үкілеп отыр­ған қос бірдей жоспардың стратегиялық бағытында мін жоқ. Тіпті  төтенше жағдайларда «үп» ете қалған желдің де әсерін және қанша шығынға бататынын алдын ала есептеп қойған. Сарапшы осы тұста алдағы уақытта ескерілуге тиіс ең басты бағыт – бүгінге дейінгі қабылданған жос­пар­лардың нәтижесі тәуелсіз сарапшылар тарапынан зерттелмегенін, басқаша айтқанда, алдыңғы жоспарда кеткен қателіктен сабақ алынбағанын ескертті.

 

Мұнай қымбаттайды деген қиялға сенуге болмайды

  Дағдарыс жағдайында жоспар құрып, бағыт-бағдарыңды түзіп алу –  әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. АҚШ пен Жапония да дағдарысқа қарсы іс-қимылдардың екінші кезеңіне өтті. Тәуелсіз сарапшылардан тұратын жұмыс тобы 2020 жылы қабылданған шешімдердің экономикаға әсерін нақты зерттеген, нәтиже берген тұстарын алға жылжытты. Үкімет тарапынан  әлеуметтік желілер арқылы ақпаратты бақылау басымдыққа ие бола бастағанын айтқан Е.Ибрагим сынды қабылдау кемшін түсіп жат­қанын да жеткізді. ІЖӨ-нің дағ­да­рысқа дейінгі деңгейіне оралу кем деген­де бір жыл уақытты алады. Дағ­да­рысқа дейінгі жұмыссыздық дең­гейіне жету және экономикалық өсу үшін тағы бір-екі жыл қажет бола­ды, сондықтан алдымызда өте ұзақ қал­пына келтіру үдерісі тұр. «Қа­зір мұнай қымбаттайды деген әдемі қиялға сеніп қалуға болмай­ды. Мұнайдың экономикаға әсері «аспириндік» деңгейде екенін өт­кен тәжірибе дәлелдеді. Қазір дағ­да­рыстың ықпалын әлсірететін шешім­­дердің өзін әртараптандырып, өз­гер­тіп отыру керек. Тап қазір  триг­гер­лер (дағдарысты еңсеруге бағыт­­талған амалдық жүйелер)  жұ­мыс істесе, жоспар күшіне енеді» деп сенуге де болмайды. Біз ал­дағы уа­қытта қауіп-қатердің қай бү­­йір­ден соғарын білмейміз. Үкі­мет­тің эко­но­ми­калық блогы, «А» жос­пары­ның қандай нәтижеге жеткенін, бөлін­ген қаржының қан­дай тетіктерге жұм­сағанын және қайтарымын ашып ай­тып, екі жос­парды бір-бірімен сабақ­тастыра отырып, экономиканың мен­тальды ерекшеліктерін ескере  жүр­гізу керек», дейді Е.Ибрагим.

 

Басты донор – мұнай

Экономикалық жоспарымызды немесе мемлекеттік бағдарламаларды көрші елдерге, соның ішінде Ресейге қарап үйлестіре берудің күні өтті, дейді сарапшылар. Олардың экономи­касына әскери-өндірістік техно­­ло­гиялар кешені күш беріп тұр. Ал бізде ондай мүмкіндік жоқ. Карантинге байланысты көптеген шағын және орта фирма жұмысын тоқтат­ты, ал жұмысшылар не еңбекақысыз еңбек демалысында, не мүлдем жұмыстан шығарылды. Әлемдік ІЖӨ-дегі шығынның  қанша екенін бағалау қиын екенін айтқан сарапшы дағдарыстың салдары алдағы 5-6 жылға дейін байқалатынын,  біз қазір мұнай кезеңінен тазармағанымызды айтты. Экономиканың да, Ұлттық қордың да басты доноры – мұнай. Ал оның түбі сарқылып, мұнайдан күш кете бастаған кезде экономикада «жаңа шындық» пайда болып, «Б» жоспарының әлеуеті нақ осы кезде байқалады.

Бізде қазір инфляция деңгейі − 7 пайыз.  Ресейде бұл көрсеткіш 3 пайыздың айналасында тұр. Дәл қазір Ресей экономикасына қорғаныс кешендерінен түсіп жатқан салықтар дем беріп тұрғаны анық. ІЖӨ дем беріп тұрған фактор туралы Үкімет шындап ойлануы және ашық айтуы  тиіс екенін, Ресейдің басы артық шығынға бастар тетіктердің бәрін тыйып тастағанын айтқан сарапшы біздің елде кейбір шенеуніктердің шығындарға деген «тәбеті» тыйылмай тұрғанын, әдемі көлік, той-думан мен басы артық шығынға аңсары ауып тұратынын да еске салып өтті. «Қазір мұнай бағамы 60 доллардан асса, қуанатын болдық. «Біздің теңгеге немесе ІЖӨ-ге қымбат мұнай, қымбат теңге әсер ете алмайтынын түсінетін кез жетті. Алтын-күміс, уран өндіру істері қарқындап дамуы қажет» деген пікірлер 2020 жылдан бері жиі айтылып жүр. Ал сарапшылардың «экономика алыпсатарлықтан арылғаны жөн» деген пікірлерінің айтыла-айтыла ақжемденіп кеткенін ел сезеді. Демек, ендігі жоспар Мемлекет басшысы жиі айтып жүрген қарапайым заттар экономикасын алға жылжытудан басталу керек. Үкіметтің экономикалық блогының «Б» жоспарында осының тетіктері нақтыланады деп үміттенемін»,  дейді Е.Ибрагим.  

Экономист Айдархан Құсайынов елде пандемияға дейін шектеулерді жоспарлау, «А», «В», «С» жоспарлары туралы түсініктің болғанын, оның бәрі жағдай ушығып кеткен жағдайдағы сценарийлерді қарас­тырғанын айтады. Мұндай жағдайда жұмыс істеу үшін  экономикалық сая­сат айқын болуы керек. «Эко­номи­калық саясатта «А» жоспары­мен қатар «Б» жоспары қатар жүруі керек. Басқаша айтқанда, «Б» жос­пары құтқару жастықшасының көме­гін атқаруы тиіс. Біз екі алпауыт мем­лекеттің ортасында тұрмыз. Қытай өсіп жатыр. Олардың ішкі-сыртқы өсімі өздері қалаған деңгейдің шекарасынан шықпайды. Ал АҚШ санкциясы Ресейге ақша санауды және оны ретімен жұмсауды үйретті. Қазір Ресей басы артық шығынға жол бе­р­мейді. Бізге де экономикалық саясат­ты қаржыны үнемдеуден және эко­номикалық саясатқа түзету енгізуден бастау керек», деді А.Құсайынов.

2020 жылы ел экономикасының 2,6 пайызға құлдырап, ұлттық даму жоспары да бекітілгенін еске түсірген сарапшы 3 пайыздық  экономикалық өсу  Қазақстанның дамуына тежеу болатынын айтты. Алдағы уақытта ішкі факторлардың мүмкіндігіне иек арту керегін айтқан сарапшы «А» мен «Б» жоспарларын бір-бірімен байланыс­тыра отырып жүргізудің тиімділігі осы тұста байқалатынын жеткізді. Демек, Үкіметтің «Б» жоспарының картасы әлі ашылған жоқ.