Руханият • 20 Сәуір, 2021

Ұлы дала өркениеті бастау алған байырғы мекен

9482 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының бірінші жартысында Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы бүгінде тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры, Герман археологиялық институтының корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Археология және дала өркениеті» ҒЗИ директоры, мемлекеттік «Ботай» мәдени музей-қорығының бас ғылыми кеңесшісі Виктор Зайберттің жетекшілігімен Ботай қонысын ашып, қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі.

Ұлы дала өркениеті бастау алған байырғы мекен

Сол уақыттан бері энеолиттік Ботай мекені әлемдегі жылқышылардың көне мекені ретінде отандық, сонымен бірге шетел тарихшыларының назарын аударды. Қырық жылға жуық Ботай мәдениетінің ғажайып әлемі ғалымдарды тың жаңалықтармен таңғалдырып келеді. Ғалым Виктор Зайберт дала өркениетінің бастамасына айналған әрі Еуразияда жылқыны қолға үйретушілердің алғашқы мекені болған Ботай ескерткіштері жайында әңгімелеген еді.

– Виктор Федорович, Ботай мәдениетін зерттеу ісі басталған уақыттан бері Ертіс пен Жайық өзендерінің аралығын мекендеген Ботай тайпаларының тарихын ғылыми қауымдастық қаперде ұстап келеді. Өзіңіз басшылық еткен отандық ғалымдардың бұл саладағы зерттеулері орасан. Ал Ботай ескерткішінің әлі де екі ғасырға жуық мол қоры бар екендігі жайындағы деректер қаншалықты ғылыми негізді?

– Қазақстан тарихында Ботай ескерткіштерінің орны айрықша. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында уақыт пен кеңістіктің дала өркениетіндегі маңыздылығына тоқталып, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарап, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашқандығына ерекше назар аударғаны белгілі. Энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Қазақстанда жүргізілген археологиялық зерттеулер Еуразия тарихының мыс-тас ғасырларына, біздің заманымызға дейінгі IV–III мыңжылдықтар қойнауында жатқандығын анықтады. Отандық және шетелдік ғалымдардың соңғы қырық жыл ішінде ашқан ғажайып ізденістерінің нәтижесінде ашылған энеолит мекені – Ботай бүтіндей Еуразияның ежелгі тарихындағы ғылыми жетістіктерінің дәлелі болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Есіл өзені саласынан бастау алатын Иманбұрлық өзенінің жағасына орналасқан ескерткіштің аумағы археологиялық және остеологиялық материалдарға өте бай. Ботай мәдениеті соңғы алты мың жыл ішінде андронов, сақ, сармат-қанғұй, ғұн, түрк-қыпшақ және тағы басқа Еуразиялық далалық мәдениеттер арқылы жүйелі түрде дамып, олардың барлық тарихи-мәдени, этностық, антропологиялық және лингвистік жауһарларын бойына сіңіре отырып, қазіргі түрк этносына қосылды. Бұл этнос өзінің бүкіл генезистік даму жолында қазіргі Еуразия халықтарының тағдырына зор ықпал етті. 2000 жылы Ботай қонысы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық паркінің құрамына енді. 2017 жылы археологиялық Ботай қонысы Қазақстанның киелі нысандарының жалпыұлттық тізіміне енгізіліп, ботайлық мәдениетті зерттеу жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жандана түсті. Ботай қонысы ашылғаннан бері «Ботай мәдениетінің» брендін қырық жыл бойына отандық және әлемдік археологиялық ғылым мен тарих саласында талассыз мойындатып келеді. Ботайдағы алғашқы жыл ескерткішті зерттеудің көпжылдық кезеңіне жол сілтегендей. Ал оны осы қарқынмен толық зерттеп шығу үшін кемінде 150-200 жыл қажет.

– Біздің заманымызға дейінгі IV мыңжылдықта Солтүстік және Орталық Қазақстан аумағында жылқының қолға үйретілуі археологиялық жаңалықтардың шоқтығы болды. Ботай жылқыларының қолға үйретілгендігін дәлелдеуге қандай археологиялық деректер негіз болып отыр?

– Бірнеше миллиондаған жылдардан кейін адамзаттың атқа міну кезеңіне өтуі дала өркениетінің бастамасына айналып, әлемдік тарихи үдерістерге зор серпін бергенін айтып өттік. Қазақстандық ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, ботайлықтардың зерттеу аумағында күні бүгінге дейін 360 мыңнан астам жылқының азық ретінде пайдаланылғандығы анықталды. Ат сүйектерінің айтарлықтай бөлігі еңбек құралдарын жасауға, тұрғын жай қабырғасын тұрғызуға пайдаланылған. Біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІІ мыңжылдықтарда дала климаты айтарлықтай ылғалды әрі өсімдікке бай болғандығын ескерсек, палеогеографтар мен топырақтанушы ғалымдар деректері бойынша шөптің биіктігі 2 метрге дейін жеткен. Дәл осы кезеңде мұнда миллиондаған жылқы мекендеді. Басым көпшілігі жабайы болғандықтан, оларды аулау үшін үйретілген аттардың мінілгендігі дәйектеліп отыр. Бүгінде Ботай жылқыларын қолға үйретудің басқа да археологиялық деректерінің мол қоры жинақталды. Ал ыдыстарда қымыз молекулаларының анықталуы ботайлықтар тұтынған тағамдарының этностық маркерін көрсетеді. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалап, бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.

– Ал Ботай жылқыларының бүгінгі тақ тұяқтылардан генетикалық тұрғыдан айырмашылығы бар ма? Осы тұста отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеу нәтижелері бір-бірін қаншалықты толықтыра алады?

– Табиғи ғылымдар саласындағы батыстық және ресейлік мамандардың зерттеулері, жалпы алғанда, артефактілерді және Ботай қонысының мәдени қабаттарын, сондай-ақ ботайлық мәдениеттің басқа да нысандарын кешенді зерттеулерінің нәтижесінде ашқан ғылыми жаңалықтары мақұлданған. Алайда ертедегі жылқы шаруашылығының құрылымы мен технологиясы ботайлық мәдениеттің ең өзекті мәселелерінің бірі болып қала бермек. Сол үшін де бұл мәселелер ғылыми және ғылыми-көпшілік әдебиеттерде үнемі талқыланып келеді. Профессор-палео-генетик Людовик Орландоның (Франция) зерттеулерінде Орталық Азия даласындағы энеолиттік ботайлық мәдениет жылқыны қолға үйретудің ең бастапқы археологиялық дәлелі болып табылады. Дегенмен де ертеде жылқыны қолға үйрету қашан және дәл қай жерде басталғаны әлі де даулы мәселе болып тұр. Біз ертедегі 42 жылқының геномдық талдауларын жариялаймыз, оның ішінде 20 ботайлық жылқы да бар. Оларды бұрын хабарланған 46 геноммен салыстыруда қазіргі үй жылқыларының ботайлық жылқылардан тарамағаны анықталды. Генетикалық талдаудың бірінші рет жасалған бұл қорытындысы, ашығын айтсақ, ботайлық топтамалардың жекелеген мысалдарына негізделген. Ботай мәдениетіне қатысты мыңдаған жыл ішінде жойылып кеткен жүздеген мың жылқы сүйектерінің ішінен Людовик Орландоның жасаған 3–4 мың талдауы қазіргі қазақ жылқыларының (жабы және т.б.) бұрынғы ботайлық жылқылардың тұқымы екенін дәлелдейтін деректері зерттеуші-генетиктердің қолдарына түспегенін көрсетсе керек. Сондықтан меніңше, әзірге қолда бар алғашқы генетикалық талдау – ұзақ ғылыми ізденістің тек басы ғана. Сонымен қатар Ботай тарихы туралы өз тұжырымдарын жасаған кезде генетиктер ботайлық мәдениеттің тарихи-мәдени контекстерін де ескергендері жөн.

– Ботай тайпаларының этностық өмір сүру салтына байланысты деректердің өзіндік ерекшеліктері болды. Олардың құрылыс жүргізудегі әдіс-тәсілдері, баспаналарының жылдың төрт мезгіліне де төзімді болуы ботайлықтардың сәулет мәдениетінің де жоғары деңгейде болғандығын көрсетіп отыр. Жертөлелердің сүйектен де жасалғандығы жайында деректер кездеседі.

– Энеолит кезеңінде шаруашылық-мәдениеттің далалық түрлері қалыптасып, мыңдаған жылдар бойы сақталып келді. Жылқышылардың мекені бірнеше аумаққа бөлінеді. Олар алғаш рет ерекше сәулет тәсілдерін қолдана отырып ағаш құрылыстар сала бастаған. Жартылай жертөле үйлер ағаштан, балшықтан, ат сүйектерінен, ағаш қабықтарынан, жер қыртысынан тұрғызылған. Үйлердің ауданы 120 шаршы метрге дейін жетеді. Олар көп бұрышты әрі тіреусіз өте мығым етіп, бір-біріне қабыса бой көтереді. Бұдан ботайлықтардың құрылыс ісіндегі шебер әрі тапқыр әдістерін көреміз. 1983 жылдың жазында ежелгі тұрғынжайдың үстіне ежелгі Ботай тұрғынжайы салынды. Жазда тұрғынжай салқын әрі құрғақ болса, күз-қыс мезгілінде температурасы бір қалыпты. Тұрғынжайларға тұрақты түрде күтім жасалып отырғандықтан, кем дегенде 15-20 жыл тұруға қолайлы болған. Қазба жұмыстарынан ботайлықтардың тұрғынжайлары бір-бірімен тығыз жалғасып жатқандығы анықталды. Ортада ошақ орнатылса, қабырға маңайында ұсақ шаруашылық шұңқырлар жасалған. «Шұңқыр-консервілер» 1 метр тереңдікке дейін қазылып, ішіне жылқы еті тұтастай салынған. Тері және сазбен жабылған шұңқыр үстінен от жағылған. Осы шұңқырда ет бұзылмай сақталады. Ботайлықтар уақытша тұру үшін баспананың жеңіл түрін пайдаланған. Оны талдан және жылқының терісінен тұрғызған. Бұл бүгінде қолданылып жүрген киіз үйдің талдан тоқылған алғашқы сұлбасы еді. Тоқылған себеттің түбі жоғары қаратылып, сырты балшықпен сыланатын. Алғашқы лашықтардың пайда болуының өзі ерекше. Олардың балық аулағанда пайдаланатын, балшықпен сыланған әрі талдан өрілген себеттің қарапайым да мықты құрылымы ерекше қызықтырады. Ботай тайпалары кешенді шаруашылық жүргізген. Аңшылық, балық аулау, үй кәсібінде сүйек, ағаш, тас өңдеумен де айналысқан. Қыштан құйылған ас үй ыдыстарын түрлі өрнектермен қашап жасаған. Қолданыстағы ыдыстардың бірінде бейнеленген дөңгелек суреті ботайлықтардың арбаны пайдаланғандығынан хабар береді. Осылайша жылқышылардың болмысын ашқан жаңалықтар тәжірибеге еніп, дәстүрлі тәрбиенің өзегіне айналды, атадан балаға мұра болып, Еуразияның далалы және орманды алқаптарына мыңдаған жыл бойы тарап келді.

– Зерттеулер энеолит дәуірі мекендеушілерінің сәулет өнері күні бүгінде Алтай, Кавказ елдерінде сақталғандығына меңзейді. Оларда қандай ұқсастық бар?

– Еуразия даласы жаңашылдықтың тез таралуына ықпал етті. Осы экожүйеде отырықшы мәдени қоғамдастықтар мен тарихи дәстүрлер орнықты. Әңгіме энеолит дәуірінен этнографиялық кезеңге дейін Алтай, Памир, Кавказ, Тянь-Шань аумағы мен осы ареалға жақын маңға тараған «дарбаза» сәулет мәнері жайында болып отыр. Бұл архитектураның Ботайдың баспана тұрғызу жүйесімен ерекше ұқсастығы қызығушылығымызды туғызды. Ғалымдар ботайлық жылқышылардың еуразиялық этностармен, оларға жақын аумақпен мәдени ықпалдастығы жайында археологиялық, генетикалық және тарихи деректерге көз жеткізді. Ботайдағы сәулет ісінің әлемдік маңызы туралы ғылыми негіздің қалыптасуына орай археологиялық, тарихи-архитектуралық, әдеби дереккөздер банкін құру мәселесі тұрды. Осыдан мыңдаған жыл бұрын Кавказдан Орталық Азияға дейінгі аумақта кездескен тұрғынжайлар қазіргі Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысының батыс бөлігіндегі памирліктердің баспанасына ұқсас келеді. Памирлік тәжіктер мұндай баспаналардың салт-дәстүрмен тығыз байланысты көне памирлік тіл, бала туғаннан бастап жерлеу рәсімдеріне дейінгі ғұрыптарды сақтауға мүмкіндік береді дегенді ұстана отырып, көне сәулет ерекшеліктеріне көп көңіл бөледі. Ал Кавказ үйлерінің «дарбазалық» түрлері бүгінде Грузияда «гвиргвини», Арменияда «глхатун», Осетияда «эрдояни сахли», Әзербайжанда «карадам» деп аталады. Тіптен, көне саяхатшылардың Қара теңіз жағалауындағы ағаш үйлер жайында тамаша әңгімелері бар.

– Ботайлықтар тұрмыс-тіршілігінде күнтізбені тиімді пайдаланғанын көреміз.

– Ботай тұрғындары алғаш рет далалық малшылардың күнтізбелік циклін жасап шыққан. Қыста олар 20-30 гектар аумақты алып жатқан мекендерде тұрса, көктемге қарай тұрғындардың бір бөлігі жылқылармен бірге Торғай аңғарларына, Жезқазған аймағының Ұлытау жоталарындағы жайылымдарды мекен еткен. Олар табиғаттың өзгерістерін жіті бақылап, оларды есте ұстап қалуға тырысады. Жағымды және жағымсыз кезеңдердің белгілерін арнайы күнтізбелерге тіркеп отырған. Осылайша шаруашылықтардың айналымын, яғни көктемге қарай дала жұмыстарын бастау, қысқа қарай қыстауларды әзірлеу сияқты қалыптасқан дәстүрге айналдырды.

– Зерттеулер ботайлықтардың темір, тас, керамика өндірісінде асқан шебер болғандығын көрсетеді. Тіптен, адамның бас сүйегінде кездесетін саңылаулар олардың медицинадан да хабары болғанын дәлелдесе керек. Бұл жайында ғылыми зерттеулер қандай негіздерге сүйенеді?

– Ботайлықтар өзен жағасы маңындағы өндірістік құрылыстарда тас, ағаш, аңдардың сүйегі мен терісін өңдеп, киім тіккен, қыш ыдыстар дайындаған. Тастан жасалған жебе, садақ, қанжар, пышақ, найза ұштықтарының көптеп табылуы қоғам өмірінде аңшылықтың рөлін айқын көрсетеді. Сонымен қатар жылқының сүйегінен ағашты өңдейтін қашауыш, құс сүйегінен киім тігуге арналған инелер, жуалдыз, тескіштер, тұмар мен әшекей бұйымдарының кездесуі шаруашылықтың әр саласынан хабар береді. Олар аса шебер, зергер, суретші, тіптен медицинаға икемді болды. Сол кезеңде адамның ми қабығына трепанация жасауының өзі фантастикалық құбылысқа тән болатын. Тірі адамның бас сүйегін тесуді алсақ, бұл ботайлықтардың орталық жүйке жүйесі ретінде мидың мәнін түсінгендігін аңғартады. Ал бас сүйекті қапысыз тесу, олардың адам анатомиясын жақсы білгендігін көрсетеді, өйткені миға ешқандай зақым келмеген. Бас сүйектегі тесіктің бар екендігін, әрі оның адамның тірі кезінде жасалғанын антропологтар да дәлелдеп отыр. Бұл бас сүйектің ерекше адамға – табиғаттың тылсым күштерімен, көрінбейтін рухтармен байланысы бар бақсы-балгерге, діни қызметкерге немесе әулиеге қатысты екенін аңғартқандай. Ботайлықтар пайдаланған кейбір бұйымдардың жасалу ерекшеліктеріне қарап, тас ғасырына тиесілі екендігіне сену қиын.

– Қазба жұмыстары жүргізілген аралықтан бері Ботай қонысынан табылған жәдігерлердің саны қанша?

– Ботай қонысындағы зерттеу жұмыстары көрсеткендей, ботайлық мәдениет Орал-Ертіс аралығы аймағында мыңдаған жылдар бойына табиғи-экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, дүниетанымдық және киелілік бағыттарда жүзеге асқан. 2018 жылы Ботай қонысында жалпы ауданы 224 шаршы метр аумаққа археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, сегізбұрышты жаздық баспана, адам қаңқасының бірнеше бөлшектері мен сүйектен, тастан және балшықтан жасалған мыңдаған артефакт табылды. 2019 жылы жалпы ауданы 312 шаршы метр аумақтан алты және жетібұрышты екі көлемді құрылыстың қаңқасы табылды. Олардың біреуі сүйектен, тастан, ағаштан түрлі бұйымдар жасау үшін пайдаланылған шеберхана болса, екіншісі кәдімгі баспана болған тәрізді. Осынау қазба жұмыстарының нәтижесінде тастан, сүйектен және балшықтан жасалған 2000-нан астам зат табылды. Былтырғы жылы пандемияға байланысты экспедиция Қостанай мемлекеттік университетінің студенттерімен бірлесіп, тек маусым айында он күндей жұмыс істеді. Алайда қазба жұмыстарының тым аз болғанына қарамастан (32 шаршы метр), қоныстың шығыс жағынан мәдени қабат табылды. Қолға түскен артефактілер мен остеологиялық материалдардың арасында меруерт түсті моншақ пен адам қаңқасының майда сүйектері болды. Биылғы жылы небір қызықты жаңалықтардың ашылатындығына шүбәсіз сенгіміз келеді. Десек те ғалымдарды жәдігерлердің саны емес, маңыздылығы қызықтырады. Әсіресе, жылқылардың, иттердің жаңадан табылған қаңқаларына қатысты зерттеулер жүргізілмек.

– Әлемдік университеттер мінберінде оқыған дәрістеріңіз Дала өркениеті тақырыбына деген ғалымдар қызығушылығын арттыра түсті. Әлемдік ғылымды тың жаңалықтармен таңғалдырған Ботай қонысын зерттеуге отандық зерттеушілермен қатар шетелдік ғалымдар да атсалысып жүр. Зерттеу ісінде қандай жаңашыл тәсілдер пайдаланылды?

– Ботай қонысы бойынша археологиялық топтың зерттеулеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің археолог-ғалымдары, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ғылыми ұжымы, еліміздің білім, ғылым және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, мемлекеттік Орталық музейдің, «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымдары, ұзақ жылдар бойы ботайлық экспедицияға қатысып келген ғалым-тарихшылар, өлкетанушылар, студенттер мен оқушылар тұрақты атсалысып келеді. Ботай тақырыбы бойынша Кембридж, Оксфорд, Белфаст, Нью-Касл сияқты беделді университеттерде дәрістер оқыдым. 1990 жылдары бірқатар көрнекті ғалым Ботайдағы жылқыны қолға үйретумен байланысты деректерді анықтады. Осы кезде Дэвид Энтони, Доркас Браун, Норберт Бенеке, Анжела фон ден Дриш, Марша Левин, Сандра Олсен, тағы да басқа ғалымдар Ботайдағы жылқыны қолға үйретумен байланысты кең көлемдегі зерттеулерін жариялады. 1996 жылы Ботай қонысы мен Байқара қорғанын зерттеу үшін Қазақстан мен Германия мамандарының бірлескен жұмысы басталды. Өз ісінің білгірі болып табылатын ғалымдар Ботай жәдігерлерін зерттеуде заманауи әдіс-жүйелерді пайдаланып келеді. Бұл шын мәнінде ұжымдық жұмыс еді, осынау шығармашылық топтың әрбір мүшесінің өз міндеті, өз зерттеу тақырыбы болды. А.Плешаков трасологиялық және тәжірибелік тәсілдерді меңгерді десек, КСРО Ғылым академиясы Археология институты Ленинград бөлімшесінің профессоры, трасолог Г.Коробковамен бірлесіп Ботайдағы құрал-саймандар кешені жиынтығы қайта құрастырылып, үй шаруашылығы кәсібінің негізгі түрлері қалпына келтірілді. Ғалымдар О.Мартынюк пен В.Мюсин керамиканы ғылыми тұрғыда өңдеп, қайта қалпына келтірді. Америкалық ғалым Сандра Олсен мен ғалым Т.Даниленко сүйектен жасалған заттарды, сүйек өнеркәсібін зерттесе, В.Заитов тас және кремний өнеркәсібінің технологиясы мен тұрпаттамасын талдады. А.Кисленко Ботай баспаналарының архитектурасын, қоныс-мекеннің орналасуын, И.Вилкова голоцен дәуіріндегі қоныстардың генезисін талдады. ҒА Археология институтының ғалымдары Т.Нұрымов, Л.Макарова, ағылшындық М.Ливине, санктпетербургтық ғалым Н.Ермолова, Екатеринбургтен П.Косинцев, неміс ғалымдары Фриш, Бенеке аттың сүйегі арқылы қолға үйретілгендігін дәлелдейтін морфологиялық белгілерінің бөлекшеленуіне қатысты остеологиялық жиынтықтарды, Америка ғалымы Дэвид Энтони ат тістеріндегі ауыздықтың іздерін анықтаудың өзіндік әдісін тапты. Мәскеуден келген жер қыртысын зерттеуші И.Иванов, географ Н.Белецкая Ботай заманының палеография мәселелерін қарастырды. Осылайша Ботайда әлемдегі ғылымның ең жаңаша ізденістері мен әдістері алғаш рет жүзеге асты деуге негіз бар. Ғажайып мекен ғалымдарға ерекше серпін бере отырып, инновациялық дүниелерді енгізуге мүмкіндік берді. Ботай сияқты еліміздің тарихқа тұнған өлкелерінде археология ғана емес, ғылымның барлық саласы үшін ізденістерге мол мүмкіндік бар. Осылайша бірлесе еңбектеніп жатқан қазақстандық және батыстық екі мектеп бірін-бірі толықтыра отырып, археологиялық дереккөздерді мейлінше шынайылыққа жеткізіп, халықаралық археологиялық ғылымның беделін арттыруға ықпал етіп келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше