Білім • 21 Сәуір, 2021

Мықты аймаққа – мықты университет

714 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Білімді, көзі ашық, көкі­регі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қа­сиет. Жастарымыз басым­дық беретін межелердің қатарында білім әр­дайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құнды­лық­тар жүйесінде білімді бәрі­нен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп Елбасы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» ат­ты бағдарламалық мақа­ла­сында нақты айтты. Талай даналар мен дараларды білім көкжиегіне шығарған, қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің есі­мін иемденген Оңтүстік Қазақстан университеті – өзінің қайталанбас, ерен естелікке толы 78 жыл­дық тарихында білім мен ғылымның қиын да, күрделі жолдарынан өтіп келеді.

Мықты аймаққа – мықты университет

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

1943 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің бұй­рығымен Шымкент қаласында құрылыс материалдарының технологиясы институты құрылды. Институттың ашылуы – ел басына күн туған сол ауыр кезде – ертеңгі жеңіске деген нық сенімнің көрінісі еді. Институттың бірін­ші басшысы Диляур Кон­с­тан­тин Александрович болып тағайындалды. Аталған оқу орнының оқытушылар құрамы мен материалдық-техникалық базасы алғашқы басшының ұтқыр ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жинақталды. Еліміздің ең ірі және көпсалалы оқу ордасы – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті осы жылдары әмбебап жоғары оқу орыны ретінде қалыптасып бекіді.

Бүгінде Білім және ғылым министрлігі тарапынан рефор­малар ашықтық саясатын ұс­тана отырып, қоғамға жаңа мүмкіндіктер мен осы салада бірнеше қағидаттарды ұсынып отыр. Соның ішінде академиялық басқару жүйесіндегі ҚР 2018 жылғы 4 шілдедегі № 171-VІ Заңына сәйкес жоғарғы оқу орындарына академиялық басқару және қаржылық еркіндіктің берілуі. Әрине, бұл жоғары оқу орындарына өздерінің ғылыми және білім беру әлеуетін іске асыруда үлкен мүмкіндікке жол ашады. М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан уни­верситеті академиялық еркіндік шеңберінде 2019 жылдан бас­тап өзінің төл білім беру бағ­дарламаларын дайындауға кіріскен. Бүгінгі таңда біздің тарапымыздан бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 279 білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Оның арасында инновациялық және бірлескен білім беру бағдарламалары да бар. Бұл жаңа мамандықтар атласының бекітілгенін көр­сетеді. Қазіргі таңда бірқатар ин­новациялық сипаттағы білім беру бағдарламалары дайындалуда. Бұл бағдарламалар та­лапкерлерімізді қызықты­ра­ты­нына сенімдіміз.

Қазақстанның жоғары оқу орындары академиялық дер­бестікті пайдалана отырып, өзіндік үлгіде диплом беретін болады. 2021 жылдан бастап алғаш рет 6 480 түлек Auezov University дипломын алады. Бұл жағдай еліміздегі жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін тағы да бір растады. Auezov University болашақта түлек үшін оның жетістіктерінің цифр­лы профилін дайындауды жос­парлап отыр. Яғни студенттің университеттегі бүкіл өмірлік циклы бойында түлектің «циф­­­­р­лы­ ізі», жаңа білім мен құзырет алу үшін оған ерекше көңіл бөлуге көмектесетін жеке бі­лім траек­­ториясының деректер­ жиыны тұрақты жиналады. «Цифрлы іздің» арқасында біз білім бағдарламаларын бүгінгі тез өзгеретін орта жағдайларына жедел бейімдей аламыз, сон­дай-ақ жұмыс берушілердің сұ­раныстарына жауап бере аламыз деп ойлаймын. Ең бастысы, жоғары білім сапасының мәдениетін өзгертеміз. Бұл мәселені қазір университет мамандары, ғалымдары белсенді зерттеп келеді. Университеттің ақпараттық жүйесіне «цифрлы ізді» енгізу үшін, ТМД елдеріндегі шетелдік серіктестерімізді де тартуымыз қажет. Университет жетекші әріптес-жоғары оқу орындарымен бірге 15 қос­дипломдық бағдарламаны (Путра университеті – Малайзия, РУДН, Бауман атындағы ММТУ, МГИМО, Губкин атындағы мұнай және газ РМУ), 9 біріккен білім бағдарламасын (Қытай мұнай университеті, РУДН, Мәскеу энергетикалық институты, Ельцин атындағы УрФУ) жүзеге асырып келді. Қазіргі уақытта М.Әуезов атындағы ОҚУ білім беру мен өндірісті интеграциялау үшін стейкхолдерлермен кәсіптік практиканы өткізуде – 848 келісімшарт құрды (соңғы 3 жылда өсім 17,9%-ды құрады). Мысалы, Қазфосфат, Карлс Крона, Фудмастер, Павлодар мұнай-химия зауыты, Атырау мұнай өңдеу зауыты, Ақтөбе хром қосылыстары зауыты, Петро­КазахстанОйлПродактс, Хилл Корпорейшн, Рахат, Стандартцемент, Состө­бе­Цемент, Шымкентмай, Азия Трафо, Шымкент қаласындағы Назар­баев зияткерлік мектептері, Қазагрон, ЕуроКристалл және т.б. Бұл үдерістер Білім және ғылым министрлігінің академиялық дербестік заңнамасына сәйкес жүргізілуде.

Университет соңғы жылдары халықаралық рейтингтерде белсенді ілгерілеп келеді. 2012 жылдан бастап QS жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингіне қатысып келе жатқан оқу орны қазір әлемде 490-шы орынға ие, бұл – қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында 3-ші орын. Мұның өзі сапалы білімнің, университеттің жоғары мәртебесінің және әлемдік академиялық қоғамдас­тықтағы беделдің айқын дә­лелі. «Еуропа мен Орталық Азия­ның дамушы елдері» халықаралық рейтингісінде университет Еуропа мен Ор­талық Азия елдерінің 350 үздік университетінің арасында 104-ші орынға ие болды. 2020 жылы алғаш рет Greenmetric х­алықаралық рейтингіне қа­тысып, 458-ші орынға ие болды. Биыл сондай-ақ Rank Pro-2021 университеттерінің әлемдік кәсіби рейтингінің ТОП-401-500 ЖОО қатарына алғаш рет кірдік. Сондай-ақ «Химия ғылымдары» пәндік рейтингіне енген Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны. Осы мақсатта университеттің дамуын стратегиялық жоспарлау жүйесі әзірленді және профильдік салалар – химиялық инженерия, машина жасау және IT бойынша ғылыми-технологиялық форсайт жүргізілді. Жалпы алғанда, университет жеті жаһандық және екі ұлттық рейтингке қатысады: бұл ЖОО-ның бірегей ерекшеліктері негізінде басымдықтарды құру үшін қажетті теңгерімді табуға, сон­дай-ақ таңдалған стратегия бағытында жүйелі қозғалысқа мүмкіндік береді. Сондай-ақ рейтингтің арқасында университетте білім мен ғылымның жаңа сапасына ықпал ететін инфрақұрылымдық жаңғырту байқалады.

Қазақстандық жоғары мек­тептердегі білім сапасын көтеру көптеген мәселелерді шешуден тұрса, сол мәселелердің біре­гейі – жоғары оқу орындары оқы­тушыларының еңбекақысын ұлғайту. Бұл мәселені Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов бүкіл педагог қауымдастығының проблемасы деп атап, педагог­тердің қағазбастылығы, оқу жүк­теме көлемінің көптігі және еңбекақысының төмендігі мәсе­лесін тұрақты түрде көтеріп, қа­зір бұл мәселелердің шешімін табу үстінде. Соңғы жылдарға дейін жоғары оқу орындары профессор-оқытушы құрамының жалақы көлемінің басқа салаларымен салыстырғанда тө­мен болып келгені жасырын емес. Ұзақ жылдар сақталған бұл тенденцияның білім сапасына кері әсер еткені де рас. Кейінгі кезде Білім және ғылым министрлігінің табанды түрде талап етуі және білім саласын қаржыландыруға байланысты атқарған кешенді іс-шаралар нәтижесінде бұл саладағы сең орнынан қозғалды.

Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 2 қыркүйектегі №380 «Білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2007 жылғы 23 қазандағы №502 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұй­ры­ғын орындау мақсатында жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарындағы қатаң есептегі құжаттардың 11 нысаны алынып тасталды. Бұл шаралар жоғары оқу орындарының оқытушыларын өзіне тән емес функциялардан босатуға және ЖОО-ның академиялық дербестігін кеңейтуге бағыт­талған. Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес біздің университетте бірқатар құжаттар мен үдерістер толығымен электронды форматқа көшірілді. Сонымен қатар оқытушылар мен бөлімдер тарапынан дайындалатын әр­түрлі есептерді, жоспарларды, құ­жаттардың санын азайту, оны автоматтандырылған цифр­лы форматқа көшіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Университет ішіндегі қағаздар айналымын автоматтандыру мақсатында «Directum» бағдарламасы іске қосылған.

Университет ғалымдарының жұмыстары 2 ғылыми-зерттеу институты, 16 ғылыми зертхана мен 7 ғылыми орталық ар­қылы ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың жаңа деңгейіне бағытталған. Біздің ғалымдар 2020 жылы қаржы көлемі 775 млн теңгені құрайтын 48 жоба орындады. Қала аумағында жалпы сомасы 689 млн теңгеден асатын 6 ғылыми жобаның нәтижелерін коммерцияландырды. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәти­жесінде 29 қазақстандық патент, 2 еуразиялық патент және 23 авторлық куәлік алынды, 22 монография жарық көрді. «Shymkent» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы біздің ғалымдардың 2 технологиясын озық ғылыми жобалар тізбесіне енгізді. Университет ғалымдары «Шымкент қаласын жасыл экоме­гаполиске айналдыру тұжырым­дамасын» әзірледі және қазіргі таңда 4 жоба орындалуда. 2020 жылдың қорытындысы бойынша М.Әуезов атындағы ОҚУ Қазақстан Республикасында заңды тұлғалар арасында өнер­табыстар мен пайдалы модель­дерді патенттеуге электронды өтінімдерді беру бойынша 2- орынды иеленді.        

Түйіндей келгенде, адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы білім арқылы жасалған. Заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман да­йындау. Осы орайда сапалы білім беру М.Әуезов университеті назарынан ешқашан тыс қалған емес.

 

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректор