Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ана тілі мен төл әдебиеттің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан сіңіру қажеттігін айта келіп: «Осыған орай Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн.
Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек», – деп пікір білдірген еді. Осы тапсырмаға сәйкес республиканың әр аймағында 3 мегаполис пен 11 облыста (Ақтөбеде жаңа ғимарат салынуда) гуманитарлық бағыттағы Абай мектептері желілері ашылып, ол мектептердің базалық орталығы ретінде Абай атындағы РММИ жұмыс атқаруда. Абай мектептері желісін ашу туралы тапсырма берілген сәттен ресурстық орталық ретінде Абай РММИ ұстаздары мен ЖОО ғалым-оқытушылары бірлесе отырып, Абай мектептері желісінің 5-11-сыныптарына арналған жаңартылған мазмұндағы тереңдетілген «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерінің бағдарламаларын және оқу жоспарын әзірлеп, 8 рет талқылаудан өтіп, өңделіп, Білім және ғылым министрлігі бекіткен болатын. Осы бағдарлама аясында білім алған Абай мектептерінің шәкірттері ана тілінде шешен сөйлеп, ділмарлық қабілеттерін шыңдап, төл әдебиетіміздің қайнар бұлағынан терең сусындап, Абайдың тұлғалық болмысын кеңінен ашуға мүмкіндік алмақ. Бұл – ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге жасалған алғашқы қадам.
2020 жылдың 23 желтоқсан күні Абай мектептері желісіне арналған «Білім берудегі 4К моделі: теория мен әдістеме» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, Абай мектептерінің алғашқы отырысы, алғашқы басқосуы болды. Конференцияның пленарлық отырысын ашып, құттықтау сөз сөйлеген БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Ж.Карамбаев бұл тарихи күн екенін айта келіп, «Абай мектептерінің» миссиясы – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқитын, функционалды сауатты және ұлтжанды жеке тұлғаны тәрбиелеу», – екенін атап өтті. Пленарлық отырыста «Абай мектептерінің» логотипі, оқу жоспары, бір жылдық жұмыс жоспары, тереңдетілген бағдарламалар таныстырылды. Конференция аясында «Абай мектептерінің» ұстаздары үшін үш секция жұмыс жасады: 1) «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерінің оқытылуы; 2) Гуманитарлық пәндердің оқытылуы және тәрбие жұмысы; 3) Бейіндік пәндердің оқытылуы. Бұл конференция республикадағы «Абай мектептерінің» арасында қызметтік әрі шығармашылық байланыс орнатқан тарихи күн ретінде есте қалды.
Абай мектептері арасындағы байланыс әрі қарай да жалғасын тауып, «Абай мектептері желісінде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерін оқыту ерекшеліктері» және «Абай мектептері желісінде бейіндік пәндердің оқытылуы» тақырыптарында 72 сағаттық онлайн курстар ұйымдастырылды. Курс барысында жоғары оқу орындарының тілші, әдебиеттанушы, абайтанушы ғалымдары, сонымен қатар педагогикалық шеберлік орталығының әдіскер ұстаздары шақырылып, дәрістер оқыды. Абай РММИ ұстаздары шеберлік сағаттарын көрсетіп, қатысушы ұстаздармен кері байланысқа түсіп отырды. Тек үйрету, көрсетумен шектелмей, екіжақты байланысқа құрылған бұл курстар Абай мектептерінің мұғалімдері үшін шынайы тәжірибе алаңына айналды.
«Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек», – деп Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев айтқандай, қазіргі таңда білім берушіге де, білім алушыға да қойылатын талап мүлде бөлек. Соның бірі – оқушылардың тілдік сауаттылығымен қатар, функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Осы орайда, республика ұстаздарының сұранысы бойынша, Абай мектептері желісінің және республикадағы қызығушылық танытқан өзге де білім ордаларының ұстаздарына арнап «Оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында вебинар өткізілді. Біздің білім ордамыз – Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті арасындағы бірлескен меморандум негізінде аталған ЖОО-ның Филология және көптілді білім беру институтымен бірлесе вебинар өткізілді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде негізгі пән ретінде тапсырылатын оқу сауаттылығын тиімді шешу және талдау бойынша ұстаздармен тәжірибе бөлісу мақсатында Абай мектептері желісінің жылдық жоспарына сәйкес шеберлік сыныптары көрсетілді.
Алдағы уақытта да желілік «Абай мектептерінің» орталық базасы ретінде жұмыстар қарқынды түрде жалғасын табады. Биылғы оқу жылында Абай мектептері үшін жасалған жылдық жоспарға сәйкес, сәуір айында республика көлемінде ІІІ «Ділмар» шешендік сайысын, мамыр айында «Жаңартылған білім беру: жаңа көзқарас, нақты қадамдар» тақырыбында педагогикалық идеялар фестивалін өткізу жоспарлануда.
Бізге қойылатын талап – ұлттық сипатымызды жоғалтпай, алға сенімді адымдар жасайтын буын тәрбиелеуге тамшыдай болсын үлес қосу. «Болашақ – жастардың қолында». Сапалы да саналы ұрпақ – еліміздің алға басудағы үміті, дүбірлі додада озып шығатын дүлдүлі.
Роза СЕКСЕНОВА,
Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат директоры міндетін атқарушы