Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова міндетті екпелердің қазақстандық күнтізбесі әлемдегі үздіктердің бірі екенін жеткізді. Мұны әлемдік ғалымдар қауымдастығы да атап өткен. Еліміздегі барлық міндетті екпелер (мемлекеттік емханада немесе жеке емханада) бюджет қаражаты есебінен тегін жасалады. Оның тізімі ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген.
Сондай-ақ туберкулез (БЦЖ), гепатитке қарсы, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспеге (АКДС), b түріндегі гемофильді инфекция, сонымен бірге пневмококк инфекциясымен қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакциналар тегін жасалатынын алға тартуға болады.
«Біздің күнтізбе әлемнің озық тәжірибесін қамтиды. Мемлекет вакцинаға орасан қаражат жұмсап отыр. Жасалуы керек вакциналардың толық тізімі бар. Оның ішінде тұмау, желшешек, кене энцефалиті, қызылшаға қарсы екпелер бар. Сондай-ақ Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне, Африка және Араб елдеріне баруды жоспарлап отырғандарға, бұдан бөлек эпидемиялық жағдайға қарай егілетін екпелер бар», дейді иммунолог.
Мамандар коронавирусқа қарсы вакцина туралы айта келіп, алматылықтарды өз ағзасындағы антиденелер санын қадағаламауға шақырды. Себебі бұл халыққа жалған нәтиже беруі мүмкін. Антиденелері болған кезде адамдар «босаңсып», эпидемиялық және гигиеналық нормаларды сақтауды қояды. Кафедра меңгерушісі қалалықтарға иммунограмма, антиденелер нәтижелерін өз бетінше түсіндірудің қажеті жоқ екенін, бұл ретте емдеуші дәрігерге жүгіну керегін атап өтті.
Ғалымдар вакциналаудан кейін иммунитет 2-3 жыл сақталады деген болжам жасап отыр. Вакцина – бақылауда. Бұл ретте иммунолог Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы қызметкерлері әзірлеп жатқан вакцинаны 1,5 жыл бұрын сынақтан өткізіп, өздеріне салдырған. Антиденелер мөлшері оларда осы күнге дейін сақталған. Оның үстіне, бұл жай ғана дәлелденген антиденелер емес, бұлар протективті, вирусты бейтараптандырады. Осыған байланысты алматылық иммунолог вакцина алуға, сондай-ақ ғылым мен медицинаға еш қатысы жоқ вакциналауға қарсы адамдарды тыңдамауға шақырып отыр.
Бүгінде Алматыда 203 пункт, ал онда 1 809 медицина қызметкерінен тұратын 406 егу бригадасы жұмыс істейді. Қала бойынша 1 ақпан мен 18 сәуір аралығында барлығы 134 484 адам вакциналанды.
Вакцинаға қарсы шығатындардың көбінесе интернетте айтатын негізгі дәлелдері өткен ғасырдың аяғындағы вакциналауға қарсы шығушылардың аргументтерінен аса ерекшеленбейді.
«2020 жылдың жазын еске түсірейікші, Алматыда жұқтырушылар саны өте көп болды, талай отбасы жақындарынан айырылды. Біз балаларымыз бен қарттарымыз үшін екпе алуымыз керек. Бұл әрбір адамның саналы шешімі болуы тиіс», дейді мамандар.
Кейбір адамдар «Егер мен мұны түсінбесем, осылай болмауы керек», деп ойлап қана қоймайды, вакцина көмегімен қауіпті инфекцияның алдын алу мүмкіндігін жоққа шығарады. Көбіне бұл халықтың жеткілікті түрде ақпараттандырылмауына байланысты. Вакциналау – бұл жеңістердің тарихы. 1886 жылы микробиолог Луи Пастер жасаған құтыру ауруына қарсы вакцинаның тарихын еске түсірейікші. Сол кездің өзінде адамдар қауіпті аурудан аман қалудың мүмкіндігі пайда болғанын түсінген. Себебі ол уақытта ауру үнемі науқастың өліміне әкелетін. Құтырған қасқыр тістеп, одан ем іздеген Смоленск губерниясы ауылдарының тұрғындарынан – 19 адамнан құралған қарапайым шаруалар тобының Францияға Луи Пастерге барғаны жайлы деректер сақталған. Сол заманда құтыру ауруы өлім жазасымен тең болды. Оларға екпе салғаннан кейін инфекцияны жұқтырып үлгерген үш адам қайтыс болып, қалғандары аман қалған», деді алматылық иммунолог. Осы сияқты жекелеген, сондай-ақ жалпыәлемдік ауқымдағы оқиғалар өте көп. Шешек, полиомелит, тырысқақ, дифтерия, көкжөтел, сіреспе және басқа да көптеген қауіпті инфекцияларды жеңуде жеткен жетістіктер пандемияны тоқтату үшін вакциналаудың қажеттілігін толығымен растайды.
«Қазір вакциналауға қарсы адамдар түрлі опа бермейтін амалдарға барады. Жалған хабарламаларды таратуда өзекті тақырыптарды пайдаланады. Адамдарды қорқытып-үркітіп, үрей туғызады. Бұл жалған ақпараттар зиянын тигізіп отыр. Сол себепті халықты вакциналау жайлы ақпараттандыру керек», деді Эльмира Битанова.
АЛМАТЫ