Аймақтар • 21 Сәуір, 2021

Жетісу диқандары жер игеріп жатыр

559 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдетте көктем ерте келетін Жетісудағы күн райы биыл қырық құбылып тұр. Бұл жердің бусанып, топырақтың қызуын да кешеуілдеткендей. Әрине, табиғаттың тосын мінезі қырдағы ағайынның шаруа қамын күйттеуіне де қол байлау болғаны анық. Алайда, аймақтағы егістік науқаны қызу жүріп жатыр.

Жетісу диқандары жер игеріп жатыр

Жалпы, Алматы облысы еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемінің 17 пайызын өндіретін өңір екені белгілі. Жетісулық диқандар қазір осы межеден төмендемеудің қамын жасап жатыр. Тіпті, көрсеткіштер көбейетін сияқты. «Қазан ауызы жоғары» демекші, нақты өнімнің үлесін қоңыр күзде екшейтін боламыз. Ал биыл аймақтағы егістік алқабының көлемі 970,5 мың гектарға жетті. Яғни, өнім негізі 2 000 гектарға артық қаланды деген сөз. Оның ішінде дәнді дақыл мен бұршақ тұқымдас дақыл көлемі 461мың гектарға егілсе, жүгері алқабының аумағы 88,3 мың гектарды құрап отыр. Әрине, облыс бойынша егістік көлемін арттыру жұмысы бойынша қант қызылшасыy өсіру басты орында тұр. Бұған әр ауданның шаруалары білек сыбана кірісуде.

Мәселен, «Көктемнің әр күні жылға азық» деген ұранмен іске кіріскен Ақсу ауданының диқандары биыл 3315 гектар қант қызылшасын себуді жоспарлап отыр екен. Алғашқы болып егіс басындағы жұмысты бастаған Б.Сырттанов ауылындағы «Әлихан» шаруа қожалығы мол өнімнен де үмітті. Қазірге дейін 30 гектар алқапқа қант қызылшасының тұқымы егіліпті. Ауданда қан қант қызылшасымен қоса, арпа, майбұршақ, жоңышқа тұқымын егу жұмысы да қарқын алған.

Тегінде, тәтті түбір өсірудің негізгі кәсібіне айналдырған шаруалардың дені Көксу ауданында екені заңдылық. Өйткені, еліміздегі табиғи өнімнен қант шығаратын өндірістің бірі осы ауданданда орналасқан. Яғни, өндірісті шиізатпен қамтудың салмағын көксулық диқандар барынша сезініп келеді. Қазір барлық шаруа қожалықтарының алқаптарында егістік жұмысы қызып тұр екен. Мысалы, «Алим-Таяр» шаруа қожалығы 30 гектар жерге қант қызылшасын себуді аяқтапты. Енді екінші кезеңге кірісіп, тағы 60 гектарға тәтті түбір тұқымын екпекші. Сондай-ақ, қант қызылшасынан басқа 30 гектарға көкөніс, 50 гектарға соя, 30 гектарға пияз, 20 гектарға жүгері отырғызу жұмысы да басталды. Қызылша өсіруді 1998 жылдан бері мұрат тұтқан бұл шаруа қожалығында қазір 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Көктемгі дала жұмыстары Қапшағай қаласына қарасты егіс алқабында да қарқын алды. Биыл диқандар 13 666 гектарға дән себуді көздеп отыр екен. Оның ішінде 8 448 гектар суармалы алқап игерілуде. Ал бұл алқаптардың 4 297 гектарына дәнді дақылдар, 4062 гектарға майлы дақылдар, 350 гектарға және 1935 гектарға көкөніс егілмек. Мұнан бөлек 800 гектарға қант қызылшасы себіліп, бау-бақша өнімі мен мал азығына қажетті жем-шөп егістігі де қолға алынуда.

Осы жерде аймақтағы диқан мен шаруаның еңбегіне серпін беріп, егін егу мен жиын-терім жұмыстары кезінде қолдау үшін құрылған сервистік-дайындау орталықтарының тиімділігі туралы айтып өткен орынды болар еді. Жалпы, осы кезеңде Алматы облысында 51 құрылған сервистік-дайындау орталығы жұмыс істеп тұр. Олар қант қызылшасы, жүгері, дәнді дақылдар, көкөніс», күріш, картоп және жем-шөп өсурішілерді қолдау бағытында тұрақты қолдау көрсетіп отыр. Бұл орталықтарда 1200 бірліктен астам арнайы техника бар екен. Ал қажетті техника сатып алуға жалпы сомасы 11 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Яғни, ортақ техниканың шарапатын аймақтағы үш жүзге жуық шағын және орта деңгейдегі шаруашылықтар көріп отыр. Осы сервистік-дайындау орталықтарын құру арқылы облыстың ауыл шаруашылығы салсында 1000 жуық тұрақты жұмыс орны ашылса, маусымдық науқан кезінде 12 000 адамға тағы нәпақа боолады екен.

Жақында Ұйғыр ауданында да осындай сервистік-дайындау орталығы құрылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен 550 млн теңгеге қаржы бөлініп, «Алтын Дән Шонжы» орталығына 39 ауыл шаруашылығы техникасы, соның ішінде жоғары технологиялы тұқым сепкіш, комбайн және ілу құралдары сатып алынған.

- Біз құрылған күннен бастап аудандағы шаруа қожалықтарына техникалық қызмет көрсетуге кірістік. Енді тұрақты түрде егін егу және өнім жинау науқандарында тракторлар мен комбайндардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етумен айналысамыз. Мұнымен шектеліп қалмай, аудан алқаптарында өсірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін бір орталықта сақтау мен бір орталықтан тарату жұмысын ұйымдастырып, процестің басынан аяғынан дейін қатысамыз. Сервистік дайындау орталығының қызметіне бізбен келісімшарт жасасқан кез келген шаруашылық жүгіне алады, - дейді «Алтын Дән Шонжы» сервистік-дайындау орталығы бас директорының орынбасары Құралбек Бекмұханбетов.

Айтпақшы, аймақта мемлекет қолдауының нәтижесінде диқандарды ауыл шаруашылығы техникаларымен қамту деңгейі жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр Сарқан ауданында 1 млрд 220 млн. теңгеге егіс жұмыстарына арналған заманға сай техникалар сатып алынған екен. Ал биыл ауданда тағы да 209,2 млн теңгеге 16 бірлік әр түрлі ауыл шарушылық техникасы сатып алыныпты. Бүгінде сол алынған комбайн, трактор, тұқым сепкіш, шөп жинайтын құрылғы, жүк тиейтін, жүгері оратын тіркемелер мен тұқым тазалағыш, дәрілегіш техникалар аудан аграршыларының игілігіне пайдаланылуда.

- 2008 жылы шаруа қожалығын жалғыз трактормен және 7 жұмысшымен бастаған едім. Әрине бастапқы кезде өте қиын болғанын жасырмаймын. Жерді игеру, жырту, себу, өнімді жинау барысында техника тапшылығы қатты білінетін. Табанды еңбектің және мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде шаруашылықта жүзден астам әр түрлі ауыл шаруашылық техникалары құралды. Жетпістен аса адам еңбек етеді. Маусымдық кезеңде жұмысшылардың саны бұдан да артады. Көбіне арпа, бидай, жүгері, соя бұршағы және қант қызылшасын себеміз. Мемлекет тарапынан қолдау болғандықтан аграрлық салада алға жылжып келеміз. Былтыр шаруашылықтағы әр мал басына және сатып алған техниканың жарты бағасына субсидия төленіп, қаражат жағынан көп жеңілдіктер берілді, - дейді Сарқан ауданындағы «Хусайнов Х.Н» шаруа қожалығының басшысы Хасанәлі Хусайнов.