Сот тыңдалымында сотталушының адвокаттары қамаудан босату немесе бұлтартпау шарасын жеңілдету туралы өтініш білдірген еді. Берік Шәріп 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағы «Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану бабының бірінші бөлігінде көзделген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекет» бойынша айып тағылған. Айыпталушының адвокаты Бауыржан Бейбатыр экс-басшыны тұтқындау заңсыз екенін айтып, оны босатуын сұрайды.
«Мен барлық тергеу шараларына қатыстым, ештеңені жасыруға тырысқан жоқпын, өйткені мен өзімнің кінәсіз екеніме сенімдімін. Сізден осы талап-арызды қолдап, қамаудан босатуыңызды сұраймын», деді Берік Шәріп.
Алайда, Нұр-Сұлтан қалалық Есіл ауданының №2 аудандық сотының судьясы өтінішті қанағаттандырмады.
«Шәріп жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген. Бұлтартпау шарасын таңдау кезінде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 136 және 147-баптарының нормаларының талаптары ескерілді, қамауда ұстаудың максималды мерзімі әлі аяқталған жоқ. Осыған байланысты, қазіргі кезеңде бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ», деді судья.
Еске салайық, өткен жылдың 10 шілдесінде «СҚ-Фармация» Басқарма Төрағасы Берік Шәріп қызметінен босатылған болатын. Ол төрағалық қызметке 3 ай уақыт бұрын ғана келген еді. Артынша 14 тамызда басқарманың бұрынғы төрағасы Берік Шәріп ұсталды.
Гаухар ҚАПАШ