Тарих • 22 Сәуір, 2021

Алтынсарин және Қостанай мектебі (Оның бастау арнасы – Троицк кездейсоқ таңдау емес)

1870 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отарлау дәуірінде Қазақ даласына орыс білімін тарату ісінің алғашқы кезеңі Орынбор қаласындағы Неплюев атындағы кадет корпусы мен алғашқы орыс-қазақ мектебі арқылы жүзеге асты. 1860 жылдардан бастап патшалық әкімшілік орыс-қазақ мектептерінің қатарын далалық өлкелерге қарай кеңейту мәселесін шешуге белсене кіріседі. Бұл істі олар әскери бекіністер мен шекара бойындағы қалалардан бастауды жөн көреді.

Алтынсарин және Қостанай мектебі (Оның бастау арнасы – Троицк кездейсоқ таңдау емес)

Бастауыш мектеп ашу нысанасына Торғай, Ырғыз, Райым, Перовск бекіністерімен қатар Троицк қаласы да енеді. Ресей империясының дәурені тұ­сында Троицк көпестер қаласы ретінде даңқы шықты. Мұндағы сауда ісі қазақ даласымен қатар Ташкент, Бұқара, Хиуа сынды қала­ларымен тығыз жүргізілетін еді. Қалада түркітілдес татар жұртының сауда-сат­тық ісі жақсы дамыды және олар­дың әлеу­меттік істерге ықпалы зор болды.

Татар жұртының ықпалындағы сауда қаласында қазақ балаларына арналған орыс мектебін ашу бастамасы 1861 жы­лы Облыстық басқарма төрағасы В.В.Гри­горьевтің тарапынан көтеріледі. Ол сол жыл­дың 16 қаңтарында Орынбор және Самара генерал-губернаторының атына қызметтік хат жазып, Шығыс Ордамен (Қос­танай өңірі) шектесетін шекара бо­йын­дағы Троицк қаласында бастауыш қазақ-орыс мектебін ашу қажеттігін алға тартады. Бұл қажеттілікті төраға Орынбор мектебінің жұмыс жасауы қазақтар арасында орыс біліміне деген сұраныстың артқанын, Шығыс Ордадан шыққан 50 шақты қазақ баласы Троицк қаласындағы татар молдаларынан білім алатынын, ал сол мұсылмандық білім­ге қарсы тұра алатын балама ретінде орысша оқуды енгізудің маңызы зор деп па­йымдайды. Сонымен қатар ол хатта қазақ қауымынан белгілі, беделді 23 адам қол қойған өтініш түскенін тілге тиек ете келе, өтініш иелері орыс оқуын оқытатын мектептердің ашылуына ынталы екенін, мектеп ашылған жағдайда оқушылардың тамағы мен киімі, мектептің шаруашылық ісін жүргізуді өз мойындарына алатынына ықылас білдіріп отырғанын да еске салады. Хат соңында төраға мектеп ашу жұмы­сының шығынын есептейді, қазақ балаларын мектепке қабылдаудағы ұстанымдарды айқындайды және мектеп ісін жүргізудегі үйлестіру жұмыстарының жүйесін белгілейді. В.Григорьевтің ұсы­нысы генерал-губернатор тарапынан қолдау табады. Губернатор Ішкі істер минис­трінен мектеп ашу ісіне рұқсат сұрай­ды. Министр губернаторға мектеп ашуға қа­жетті 1300 сом қаражаттың 250 сомын қазақ­тардың үй салығынан алуға рұқсат етеді.

Троицкіде мектеп ашу мен оны ұйым­дастыру жұмыстары Орынбор әкімшілігі тарапынан осылайша жолға қойылады.

* * *

1861 жылдың 1 қыркүйегінде Троиц­кіде қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп салтанатты түрде ашылады. Оған 26 қазақ баласы қабылданды. Мектептің ашылуына сол жылдың тамыз-қазан айлары аралығында арнайы іссапарға шығып, Орынбор облысының шығыс бөлігін аралаған В.Григорьевтің өзі де қатысады. Айтулы оқиғаға орай мектеп ашылған күні ат жарыс-бәйге ұйымдастырылып, 16 қыркүйек күні қазақтардың сыйлы кісі­леріне арналған (24 кісі) салтанатты дастар­қан жайылады.

Облыстық басқарма төрағасы мектеп­тің ашылуы туралы Санкт-Петебургте шығатын «Северная пчела» газетінде «Откры­тие киргизской школы в Троицке» деген мақала жариялайды. Мақаланы ол: «Қазір бұрынғыдай емес: оқырмандарды отанымызда жүріп жатқан оқу ісі де мазалайды, отандастарымызды жақсы жаңалықпен қуантқымыз келеді; қыркүйек айының басында біздің Троицкіде қазақ балаларына арналған мектеп ашылды;  бұл оқиға қай жағынан болса да аса маңызды», деген жолдармен бастай келе, қазақ даласында орыс білімін таратудың  алғашқы кезеңінде туындаған қиыншылықтарды тілге тиек етеді. Қазақ жұрты арасында түсін­дірме жұмысын жүргізудің арқа­сында көп нәр­сенің өзгергенін, енді қазақ­тың би-сұлтан­дары орыс мектебін ашуға өздері ықылас танытатын жағдайға жет­кенін атап өтеді. 

Мектептің мұғалімі әрі меңгерушісі болып Ы.Алтынсаринмен бірге Орынбор мек­тебін бітірген Нұрым Мұңсызбаев, ал мұсылман діні сабағына қазақ арасынан шыққан молда Қазыбай Орынбаев (Урумбаев) бекітіледі.

Троицк мектебіндегі шәкірттердің саны белгіленген вакансияны көп жылдар бойы үнемі толтырып отырды. Мек­теп Троицкіде 23 жыл жұмыс істеді. Осы жылдарда көп­теген шәкірт білім алды. 1873 жылы Троицкіде ер балалар гимназия­сы ашылады. Орыс-қазақ бастауыш мек­тебін бітірген шәкірттер аталған гимназияда оқып, одан кейін универ­ситет­терге оқуға жолдама алатын болды. Қазан университетінде оқыған Алдия­ров, М.Қарабаев, А.Балғожин, Орск мұға­лім­дер мектебінің түлегі Қазыкерей Шотаевтар (Чутаев) – осы білім сатыларынан өткен шәкірттер.

 * * *

Троицк қаласы ХІХ ғасырдың 80-жылдарына дейін алдымен Орынборға қараған Шығыс Орданың орталығы болып келді. Онда қазақтармен Шекаралық комис­сияның атынан қарым-қатынас жасайтын өкілі (попечитель) қызмет атқарады, соны­мен қатар патшалық әкімшіліктің қазы­­нашылық-қаржылық мекемелері Шығыс Ордаға қатысты жұмыстарды жүр­гізіп отырған.

1868 жылы қабылданған Уақытша Ережеге сәйкес қазақ даласы жаңа әкімшілік аймақтарға бөлініп, Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстары құрылады. Торғай облы­сының құрамына Торғай, Ырғыз, Елек (Ақтөбе), Николаевск (Қостанай) уездері кіреді. Николаевск уезінің орта­лығы  номиналды түрде Николаевск станицасы болғанымен, әкімшілік орталық  Троицкіге шоғырланды. 1879 жылдан бас­тап Николаевск уезінің орталығын Ново­николаевскіге, яғни Қостанайға кө­шіру жұмыстары қолға алынады. 1882-1884 жылдары уезд орталығы Қостанайға толық орнығады. Қостанайдың уезд орта­лығы болуы инспектор Алтынсаринге Тор­ғай­дағы атқарған 23 жыл қызметін туған жерінде жалғастыруға мүмкіндік ашты.

1884 жылы Троицкі мектебі Қостанайға көшіріледі. Троицк әкімшілігі қалада 23 жыл жұмыс жасаған мектепті жаңа орта­лыққа – Қостанайға бергісі келмеді. Мұны біздер Ы.Алтынсариннің 1883 жылдың 2 тамызында В.Катаринскийге жазған хатының мазмұнынан көре аламыз. Онда ол былай дейді: «Оқу әлемінің басшы­лығында не болып жатқаны, әрине, қызғылықты. Г. инспектор... В-ның қол­дауы арқылы Троицк мектебін өз меке­месінде қалдырғысы келеді. Троицк мек­тебі толық аяғынан тұрды, оның жұмысы жақсы жүріп жатыр. Р., шамасы, тағы да оны бұзғысы келеді, ал шын­дығында Новониколаевскіде оған жаңа ғимарат салы­нып жатыр. Р-ға бөгде жұрттарға арналған бір мектеп керек дейді, өйткені оған өзіне қарасты аймақ­та жаңадан сондай мектеп жасап, оны аяғынан тұрғызуға шамасы жоқ және ол оның қолынан келмейді».

Қостанайдағы жаңа ғимаратты салуға Торғай облысы оқу инспекторының мін­детін атқарушы Ы.Алтынсарин көп еңбек сіңіреді (Алтынсарин 9 жыл (1879-1888) инспектор міндетін атқарып, өмір­ден өтер алдындағы 1888 жылы толық лауазымға ие болады). Жаңа орында, жаңа мек­тептің жанында болған ол құ­ры­­лыс жұмысын жүргізуге басшылық жа­сай­ды. Мектеп ағаштан салынып, оған қажетті бөренелер Қостанайдан 40 шақырым  жердегі Арақарағай орманында дайындалып, қалаға жеткізіледі. Инспек­тор мектепті қанатының астына алып, қамқор­лық көрсетті: оның керек-жарағы мен мұғалімдерін жасақтауға, жұмы­сының жандануына көп еңбек сіңіреді. Көп ұзамай Қостанай мектебі Торғай облы­сындағы уездік мектептер қатарында үздік деп танылды. 

Алтынсариннің беделі мен абыройы және қажырлы қайраты арқасында Троицк мектебі Қостанайға орнығады және оның есімімен мектептің жаңа ортадағы көне суаттан бастау алатын тың тарихы басталады. Мұнда Қостанай өңірінің мыңдаған шәкірті білім нәрімен сусындады. Биыл Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы мен түп бастауы Троицкіде жатқан алғашқы орыс-қазақ бастауыш мектебінің 160 жылдығы қатар келіп отыр. Жұлдыздар қатар тұрып жымыңдайды деген осы болар...

 

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы