«Бүгінгі күні әлемде КВИ-дің 141 миллионнан астам жағдайы тіркелген. Тәулігіне 700 мыңнан астам жағдай тіркеліп жатыр. 3 миллионнан астам адам қайтыс болды. Өлім көрсеткіші 2,1 пайызды құрап отыр. ДДҰ-ның алты аймағының бесеуінде аурудың өсу тенденциясы байқалады. 21 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда COVID-19 оң нәтижесімен 294 946 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 52 025 жағдай тіркелді. КВИ-дің оң нәтижесімен ауырған 252 598 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен ауырған 50 839 науқас емделді», деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, эпидемиялық жағдай матрицасына сәйкес еліміз 23 күн бойы тәуекелдің жоғары аймағында, яғни «қызыл аймақта» тұр.
«Сондай-ақ тәуекелі жоғары аймақта 10 өңір бар. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстары. Бүгінгі күні тәуекелдің орташа аймағында 4 өңір, атап айтқанда Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстары бар. «Жасыл аймақта» Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары орналасқан», деді Е.Қиясов.
Коронавируспен сырқаттанушылықтың 58 пайызы 3 өңірге тиесілі. «Наурыз айымен салыстырғанда сәуір айында сырқаттанушылықтың өсуі Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, барлық өңірде байқалады. Бұл ретте ел бойынша сырқаттанушылықтың 58 пайызы 3 өңірге, атап айтқанда Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі», деді вице-министр. Оның атап өтуінше, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, барлық өңірде әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеу өлшем шарттарына сәйкес қосымша шектеу шаралары қабылдануда.
Жиын барысында вице-министр елімізде вакцинаның бірінші компоненті 766 614 азаматқа салынғанын тілге тиек етті.
«Бүгінгі күні бірінші компонентпен 766 614 азамат, екінші компонентпен 126 500 азамат егілді. Қажеттілікті ескере отырып, егу пункттерінің саны тұрақты түрде өсіп келе жатқанын атап айтқым келеді. Бүгінгі күні өңірлерде 1 051 егу пунктінде иммундау жүргізілуде. Бұдан басқа, шалғайдағы аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде КВИ-ге қарсы вакцинация жүргізу үшін 303 көшпелі егу бригадасы жұмылдырылды», деді Е.Қиясов
Оның дерегінше, иммундау науқанына 10 мыңнан астам медицина қызметкері тартылды.
«Ауыл тұрғындары үшін вакцинацияның қолжетімділігін арттыру мақсатында вакцинация жылжымалы медициналық кешендерді пайдалана отырып ұйымдастырылады», деді вице-министр.
Бизнес қоғамдастықтың бастамасымен 2021 жылдың қаңтарынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында Ashyq мобильдік қосымшасын енгізу бойынша жобаны жүзеге асыру басталды.
«Аталған жобаны кеңейту мақсатында, Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, оған Ақтөбе, Көкшетау, Тараз және Талдықорған қалалары қосылды. Осы жылдың 21 сәуіріндегі жағдайға сәйкес, бағдарлама фитнес-клубтарда, СПА-салондарда, сауналарда, бассейндерде, боулингтерде, бильярд залдарында, компьютерлік клубтарда, концерт залдарында, қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеп тұр», деді вице-министр. Оның сөзінше, аталған жоба облысаралық және қалааралық тұрақты емес туристік тасымалдауға да енгізіліп жатыр.
«5 мамырдан бастап жобаға «жасыл аймақтағы» банкет залдары, сонымен қатар караоке-клубтар қосылатын болады. 26 сәуірден Ashyq жобасын республиканың барлық өңірінде тарату жоспарланып отыр. Ashyq жобасына
Info-Kazakhstan сайты арқылы өтінім берген және қызмет түріне сәйкес QR-код алған, сонымен қатар әкімдіктердің сайтына орналастырылған, 7 күндік оқудан өткен бизнес өкілдері қатыса алады», деді Е.Қиясов.