Спорт • 23 Сәуір, 2021

Бұрымдыларымызға бас жүлде бұйырмады

344 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Польшаның Кельц қаласында бокстан қыздар арасындағы әлем біріншілігі өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, біздің бұрымдылдардың бірде-біреуіне бас жүлде бұйырмады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұрымдыларымызға бас жүлде бұйырмады

Бірінің бағы жанбады, бірінің бабы кем болды дегендей, қыздар арасындағы жарысты Арайлым Марат (48 кило), Гүлнар Тұрапбай (51 кило), Айшагүл Елеубаева (54 кило), Назерке Серік (57 кило) және Милана Аюпова (64 кило) мерзімінен бұрын аяқтады. Өзге бес қызымыз жартылай финалға дейін жетіп, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл межеде 60 кило салмақтағы Жұлдыз Шаяхметова өзбекстандық Дильфуза Бековадан басым түссе, 75 кило салмақтағы Дана Дидай сол елдің тағы бір өкілі Сохиба Рузметовадан айласын асырды. Осы кездесулердің екеуінде де біздің сұлулардың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Ал Жасмин Қизатова (69 кило) польшалық Барбара Марчинковскаға, Әсел Сағатова (81 кило) ресейлік Ксения Олифиренкоға және Елдана Тәліпова (+91 кило) молдовалық Дария Козорезге жол беріп, қола медальді қанағат тұтты. 

Финалда қазақтың қос сұлуы Үндістанның өкілдерімен қолғап түйістірді. Жұлдыз Шаяхметова Винкаға, ал Дана Дидай Санама Чану Токчомға қарсы шықты. Өкінішке қарай, Жұлдыз үндістандықтың қарқынды шабуылына төтеп бере алмады. Нәтижесінде Винка алтын алса, Шаяхметова күміс медальді қанағат тұтты. Көп кешікпей рингке Дана көтерілді. Бұл бәсеке шиеленіске толы болды. Екі жақ та аянып қалған жоқ. Десек те төрешілер жеңіске Токчомды лайық деп тапты. Осылайша, бұрымдыларымыз Польшадағы жарысты екі күміс және үш қола медальмен қорытындылады. 

Жалпы командалық есепте Үндістан құрамасы алдына жан салмады. Олар жеті алтынды олжалап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Екінші орындағы Ресейдің қоржынында 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль бар. 1 алтын, 1 күміс және 4 қоланы еншілеген Өзбекстанның өкілдері үшінші сатыға жайғасты. Төртінші және бесінші орындарда – Түркия (1+0+0) мен Польша (0+2+5). Ал Қазақстанның боксшылары алтыншы сатыға табан тіреді.

Жалпы, қыздар арасындағы әлем біріншілігі 2011 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатыр. Алғашқы жарыстың тұсауы Түркияның Анталия қаласында кесілді. Анадолы елінде бес боксшымыз қола медальді мойындарына ілді. Олар – Назым Қызайбай (48 кило), Назым Төлеуова (54 кило), Жәнел Іңкәрбекова (75 кило), Ольга Титаренко (81 кило) және Оксана Ухарьева (+81 кило).

2013 жылы Болгарияның Альбена қаласында 69 кило салмақтағы Гауһар Ермекбайдың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Финалда ирландиялық Кристина Дейсмондты ұтқан ол алтыннан алқа тағынды. Айдана Арапбай (60 кило) күміс медальді иеленсе, Алуа Балқыбекова (48 кило), Валентина Хальзова (75 кило) және Анастасия Рылина (81 кило) қолаға қол созды.

2015 жылы төрткүл дүниенің талантты жастары Тайпейде жиналды. Бұл жарыста 54 кило салмақта бақ сынаған Балауса Мұздиман әлем чемпионы атанды. Сағатбек Мұсахановтың шәкірті финалда италиялық Консесса Маршестен айласын асырды. Баян Ақбаева (63 кило) ақтық сында ұтылса, Назым Ищанова (60 кило), Алтын Мұқышбекова (81 кило) және Жәнел Жұмасова (+81 кило) қола медальді еншіледі.  

2017 жылғы дүниежүзілік доданы Үндістанның Гувахати қаласы қабылдады. Айтулы жарыста 81 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсектен Арайлым Бекділдә алдына жан салмаса, Жазира Орақбаева (48 кило) мен Дина Исламбекова (+81 кило) екінші орын алды. Ал қос Жансая – Әбдірайымова (51 кило) мен Балтабекова (60 кило) үшінші сатыға табан тіреді.

2018 жылғы жарыс Мажарстанның бас шаһары – Будапеште өтті. Үнді елінде өткен әлем біріншілігінің финалында сүрінген Дина Исламбекова (+81 кило) бұл жолы шешуші тұста украиналық Марина Ловчинскаяны жолынан ығыстырып, алтын тұғырдан қол бұлғады. Айзада Исламғали (54 кило) мен Гузалия Садықова (81 кило) күміс алса, Әнел Құдайберген (46 кило) мен Жансая Әбдірайымова (51 кило) қола медальді иеленді.