Қала тұрғыны Тәжібек Нұрсейіт әрбір жұма күні аталған дүкенге келіп, сөреде тұрған нанның белгілі бір бөлігінің құнын төлеп кетеді екен. Дүкеншілер ақшасы төленген әлгі нанды тұтынушыларға тегін таратады. Ал, олар болса белгісіз жомартқа ақ алғыстарын жаудырады. Бұл арада қала тұрғындары нанға зәру болып отыр деген ой тумаса керек. Қай-қайсының болсын дастархандарына адал ас қоятын шамасы бар. Халықтың көңілін толқытып отырған жай – жомарт жанның ізгі әрекеті.
Ол осы әдемі әдетін әр аптада бір рет жасайды екен. Ораза басталғалы дүкен сөрелеріндегі нанның барлығын сатып алатын болыпты. Жақсылықтан құлағдар болған адамдар бұл күнді «тегін нан күні» деп атай бастапты. Шынында да өзгелерге өнеге болатын-ақ жай емес пе?
Жомарт жанды іздеп таптық. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданының тумасы. Шымкент қаласындағы медицина колледжін тәмамдағаннан кейін Жарқайың аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде қызмет істейді. Негізгі жұмысы арқылы адам тәнін емдесе, жомарттығымен жерлестерінің жанына қуат беріп жүр.