Жобаның инвесторы БАӘ-ден девелопер «Ellington Properties Development LLC» компаниясы болып табылады, бас мердігер – «Renaissance Construction» компаниясы. Жобаның жалпы құны 1 трлн теңгеден асады. Кешен аумағы 2,6 млн ш.м., қосымша құрылыстар аумағы 333 га құрайды. Мұнда аумағы 15 мың ш.м. болатын аквапарк, ойындар аймағы, саябақтар, террасалар, кеңсе және коммерциялық үй-жайлар, қонақ үйлер, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымы және т. б. орналасады.
Жобаның бірінші кезеңін (29 га) 2022 жылдың соңында пайдалануға беру көзделген. Жобаны іске асыру барысында 21,3 мың уақытша және 2 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.
Үкімет басшысы жаңа ауданға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізуді қамтамасыз етуді және барлық құрылыс жұмыстарын жоспарланған мерзімде сапалы орындауды тапсырды.
Тексеру сапарына Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов және т. б. қатысты.