Тарих • 25 Сәуір, 2021

Бір әулеттің қасіреті

2137 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Семей өңірі Тарбағатай-Доланқара тауларының баурайын мекен еткен тұтас бір әулет 1921 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, кейін ашаршылық құрбаны болды.

Бір әулеттің қасіреті

1962 жылы көктем шыға бұрынғы Ақ­суат ауданына қарасты шаруашылықтарға Қытайдан оралған қазақтарды қоныстан­дырды. Жергілікті жұрт оларға екі бөлмесінің бірін, киіз үйлерін босатып берді. Бір қабат киімдерінен басқа артық ештеңелері жоқ еді. Сол замандағы ауыртпашылық туралы анам Бақтан Төлемісқызы былай деп әңгімелеп берген:

– Сен шыққан әулет бір кезде ақар-шақар еді. Қоғамдағы өзгеріс әдетте жағымпаз, жылпостарға жайлы болады. Қара халық өзгеріске бой үйреткенше титықтап, шаршап бітеді. Атаң Бұтабай екі ұл, бір қызды болған соң кенеттен өмірден озыпты. Менің әкем Төлеміс осы әулетпен жайлауы бір, қыстауы жақын Боғаз өзенінің бойында өмір сүрген. Бұтабайдың әкесі Кеңесбай – ізденімпаз, араб әрпін таныған жан. 1900 жылдары Мекке-Мединаға сапар шегіп, қажы атанған. Отағасы Бұтабай өлгеннен кейін қажы атаң да көп өмір сүрмепті. Әулетке Бұтабайдың жары Дәметкен әжең иелік еткен. Малын бағып, артығын киім, тамаққа айырбастап, жазды – Ақжайлауда, қысты – қыстауында өткізіп, үш баласы Кәрім, Зейнел, Тамашаның тілеуін тілеп отырады.

1917 жылы Кеңес өкіметі билікке келді. Жаңа өкімет 1921 жылды «Байларды тәр­кілейміз, халық арасын бай-манаптан, дін жақтаушыларынан тазартамыз!» деген ұран­мен бастайды. Белсенділер жиындарда: «Халық енді бір тапта болады. Байлар жойы­лады, мал-мүлкі кедейлерге үлестіріліп, көнбеген бай-байшікеш, дін адамдары халық арасынан аластатылады», деп жар салды. Ұрда-жық белсенділер малды, қора-жайды, су бастауларын, жиһаздарды, көрпе-жастық, кілем, киім, ат әбзелдеріне дейін тәркілеуге жатады деп тартып алды. «Байлар, дін жақтаушылары бұрынғы дәуірлерін көксейді, олар жат ұғымдағылар, жаңа өкіметке зияндары тиеді, өкімет жаулары» деп, түрлі қысым көрсетті.

1921 жылы наурыздың аяғында бұл нау­қан Тарбағатай өңірі Доланқара тауының сағасында отырған Дәметкен апаға да жетеді. Тағылған айып – «Қажының келінісің, арғы атаң болыс болған». (Бұл мекен әлі күнге Кеңесбай қыстағы деп аталады).

Рас, атасы Кеңесбай қажы болған, отағасы Бұтабайдың бесінші атасы Саңырық 1800-1814 жылдары төрт рет сайлауға түсіп, он төрт жыл Боғаз болысына болыс болыпты. Қызылдар аталарынан әулетке қалған ірілі-ұсақты малын, қора-жайын, су бастауын тәркілейді. «Енді бұл жерді, суатты, мал-мүлікті пайдалануға құқықтарың жоқ. Үстеріңдегі киімнен басқа затты пайдалануға болмайды», деп атамекендерінен қуады.

Дәметкен әжем үш баласын (6 жасар қыз – Тамаша, 11-13 жасар екі ұл – Зейнел мен Кәрім) ертіп, тау арасымен шығысқа жол жүреді. Төртеуі жолдағы ауылдардан сусын ішіп, бидай сұрап жеп, он күнде Қарғыба өзені бойындағы Қызылқайың елді мекеніне жетеді. Себебі әкесімен рулас, жұрағат туыс­қандығы бар Қабдеке, Аман, Қоқай осында еді. Қазақ рулас қызға, қыздан туған жиендеріне де пана болған ғой. Олар баспана соғып беріп, ұсақ малымен, ішіп-жеммен бөліседі. Бір-екі жыл өткен соң Зейнелі Қызылқайың бастауыш мектебін бітіреді. Үлкен ұлы Кәрімді ертіп, шөп шауып, мал бағып, отын дайындап күн көреді.

Жылдар жылжып, Зейнел үзіп-созып ағайынның арқасында аудан орталығында жетінші сыныпты тәмамдайды. Ол кезде жетін­ші сыныпты бітіргендер бастауыш­ сынып­ты оқытатын. Зейнел «Еңбек» ұжым­шарын­дағы бастауыш мектепке мұға­лім болады.

16 жасқа толған қызы Тамашаны төркін­дік туысқандықтан да жақын болам деп Қоқай­дың ұлы Әбдікәрімге қосады. Кәрім де Нұрлыхан деген қызға үйленеді. 1934 жылы араларына ай салып Тамаша – Зукәнді, Кәрімнің қосағы Нұрлыхан Назыкүлді өмірге әкеледі.

1924 жылы колхоз құрылды. Өкімет халық қолындағы малды жинап, Ақсуат өңірінен 32 колхоз ашты. Белсенділер «Енді меншік жойылды, мал, жер, адамдар, колхоз мүшесі бәрі ортақ болады» деп асыра сілтеп ұран салады. Бұл үрдісті теріс түсінген кейбір жұрт қатын-баламды ортаққа салмаймын деп шекара асады.

Қоқай баласы Әбдікәрім комсомол қатарына алынып, елден жиналған бір табын сиырға иелік етті. Кейін сиыр фермасын басқарды. Дәметкен апа да баласымен бірге осы ұжымшардың мүшесі болды.

Егін егуді жұрт әлі меңгермеген кез еді. Мамандар да жоқ. Бұл жайттарды сынаған көзі ашық жандардың үстінен ұрда-жық мінезді белсенділер домалақ арыздарын боратады. Оларды байларды жақтаушы, өкімет жауы, жапон шпионы деп жала жа­уып, түрмелерге тоғытады. Ұл-қыздарын әке-шешеге қарсы үгіттейді. Үш-төрт адамның басы қосылса, оларды өкіметке қарсы үгіт жүргіздіңдер деп айыптайды. Солақай белсенділердің айыптарынан қорыққан жұрт 1932 жылды «Үндемес жылы» деп атап кетеді.

1921 жылдың екінші ауыртпалығы – ел ішін індет жайлады. Халық бұл індетті «тұмау, сүзек, безгек, қарамық, қызылша, тырыс­қақ» деп атады. Ол кезде дәрігер деген атымен жоқ. Жұрт шөп қайнатып ішіп, тұнбаларын жақпа май ретінде пайдаланды. Бірақ нәтижесіз еді.

Індет малды да жайлады. Халық мұны қой – «топалаң», ешкі – «кебенек», сиыр – «қарасан», жылқы «маңқа» болды дейді. Жылма-жыл колхоз малы қырылып, егін шаруа­шылығы сапасыз тұқымның, қараусыз­дық салдарынан өнім бермейді. Ішер ас табу қиындайды. Бұл жайды жергілікті бас­шылық жоғары жақтан жасырған. Өтіріктері 1936 жылы ғана әрең әшкереленді. Өкімет Зайсан, Тарбағатай өңіріне Омбы қаласынан су жолы арқылы Тұғыл бекетіне 1936 жыл­дың соңына қарай баржамен ұн мен ас­тық жібереді. Желтоқсан айында ат-өгізге жегілген шаналармен Ақсуат өңірінің 32 колхозынан Тұғыл бекетіне адамдар жіберіледі. Араларында Қызылқайың колхозынан Қаб­деке, Әбдікәрім, Кәрім бар еді. Бұлар Тұғыл бекетіне 5-6 күн жүріп келсе, кеме кешігіп жатыр екен. Тамақ үшін көл жағалап, балық аулайды. Мал баққан қазаққа балық аулау оңай ма, кей күндері түнемелікке құр қол қайтып жүріпті. Бірнеше күннен кейін жағаға кеме келеді. Кемеден астықты түсіру, санау, әр елді мекенге бөлу, үлестіру, Тұғылға барыс-қайтыс жол бар, 45-50 күнде ғана әрең ауыл­ға оралады. Шанаға тиелген астық үстіне өздері отырса атқа ауыр болады деп, жаяу жүрулеріне тура келеді.

Ауылдың ер адамдары, үлкендер таңертең әр үйге кіріп, «Аман қалды ма екен?» деп көршілерін түгендейтін болған. Түтін шықпай қалған үйлерге кіріп, аштан өлгендердің бетін жасыруға әрекет жасаған. Аман қалғандарға қолынан келген көмектерін көрсеткен.

Азаматы астыққа кетіп, олардың оралуын күтіп, күнде бала-шағасын «Әкелерің тамақ әкеледі» деп алдап, ұйқыға жатқызған Дәметкен апа да аштыққа шыдамай бір түні қайтқан.

Көршілер таңертең келіп есік ашқанда үш жастағы екі немересі Назыкүл мен Зукән жансыз омырауды сорып, ұйықтап жатқанын көріп, оларды омыраудан айырып алады. Екі қыздың шешелері – Тамаша мен Нұрлыхан бір ай бұрын бірінің артынан бірі аштықтан үзілген екен. Қызы мен келінінің жүзін Дәметкен әжем көршілерінің көмегімен әрең жасырған.

Қайран Дәметкен әжем, өз шыбын жанынан немерелерінің өмірін артық көрген саған қандай теңеу айтсам да аз-ау!..

 

Серікқали КӘРІМҰЛЫ