Тауға шығып қайтуға қалай қарайсыз. Ендігі алып шыңдар ақжаулығын шешкен болар. Алыстан қарасаңыз бойжеткен қарағайлар мен бозбала бұлақтар боздөнен бұлттардың бауырына тығылып жатқан сыңайлы. Етегіндегі гүлзар бақ ұйқыдан оянған шығар. Жүрші, көріп қайтайық?!
Көктемнің иісі, көңілдің хошы аңқыған көркем картина. Көргіңіз келсе Ұлттық музейге барыңыз. Алдыңыздан менмұндалап көктем шығады. Ешкім жоғалмағандай, ештеңе өзгермегендей. Жан дүниеңіз бір балқитыны анық. Қылқалам шебері Жаңатай Шарденовтің «Тау бөктеріндегі гүлденген бақ» туындысы мерейлі мезгілдің мейірімін төгеді. Біз ұмыта бастаған аяулы сәттерге қайта ертіп апаратын секілді.
Бұл суреттің құпиясы неде дейсіз ғой? Мұнда бір үлкен сағыныш бар. Суретші Ресейдегі Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтында оқыған. Бірнеше жыл Мәскеуде білімін жетілдіреді. Содан да болар шетте жүргенде оның туған жерге сағынышын сөйлеткен пейзаж топтамалары жазылады. Аңсарға толы асқақ бейнелер сан алуан бояуға ұласады. Сөйтіп шығармашылық жолы бүтіндей сол бағытқа бұрылды. Міне, дәл осы жанрдан шебердің қолтаңбасы анық байқалды.
Ол өз шығармашылығына импрессионистік батыл түс ережелерін және қылқаламнан бөлек, қалақшаны пайдаланып пастаны жалпақ етіп жағу техникасын енгізді. Автордың асқан шебер техникасы реңк ерекшеліктерінің баламаларын аса сезімталдықпен меңгеруге мүмкіндік бергені сондай, пейзаждары кәдімгідей тыныс алып, хош иіс төгеді. Ауа кенеп бетімен қалықтап, тіпті табиғат тынысы әрбір фрагменттен сезіледі.
«Тау бөктеріндегі гүлденген бақ» картинасы – шебердің Алматы маңайында салған пейзаждар топтамасының бірі. Сызықтарының тазалығы мен бояуларының өткірлігі жағынан ерекше көз тартады. Іле Алатауының шыңында ақ қар әлі де жатыр. Ара-арасында қарайған жерлердің сұлбасы көрінеді. Тау бөктерінде гүлдеген өріктер мен көгеріп өсіп келе жатқан әртүрлі гүлдердің нәзік шымылдығы шуақты мезгілдің келгенін хабарлап тұрғандай. Оқырманды өзіне елітіп алады.
Бұл көктем де адамзаттың алғашқы көктемі сияқты. Үміт артасың, арғы өміріңді жоспарлайсың, келешекке жарқын көзқараспен қарайсың. Сонысымен ыстық, көңілге медет. Табиғаттан үйренетін нәрсеміз көп. Картина соны меңзеп тұрғандай. Жаңа өмірдің бастауы секілді.