Саясат • 26 Сәуір, 2021

Жат әдеттен жирендіретін жоба

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Білім саласындағы жемқорлықпен күрес – ұлттық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етудегі маңызды қадамның бірі. Білім ұйым­дарында адами құндылықтар, өмірлік ұстанымдар қа­лып­тасатынын ескерсек, жас ұрпақ балабақшадан бастап қо­ғамға жат әдеттерден аулақ болғаны абзал.

Жат әдеттен жирендіретін жоба

Халықтың көп бөлігін қам­ти­тын бұл салада cыбайлас жем­қорлыққа қарсы мәдениетті қа­лып­тастыру және алдын алу мақсатында 2018 жылғы 18 сәуірден бастап Сыбайлас жем­­­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігінің бас­тамасымен Sa­na­ly urpaq республикалық жо­ба­­сы Алматы қаласында жұ­мы­сын бас­та­ған.

Республикалық Sanaly urpaq жобалық офисінің же­тек­шісі Қайыржан То­ку­шев­тың айтуынша, жобаның мақсаты – білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту ортасын қалыптастыру. Еліміздің білім беру сала­сында құқықтық және сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы сауаттылықты артты­ру, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы сананы қалып­тас­тыру, ака­­демиялық адалдықты, оқу орын­­­да­ры­ның ашықтығы бо­йынша жүйелі және ауқымды жұмыс жүргізуге бағытталған. Жоба тәжірибелерін сынақтан өт­кізіп, рес­пуб­­ликаның бас­қа аймақтарына таратуға Ал­­ма­­­­ты қаласының таңдап алынғаны да жайдан-жай емес. Бүгінде Алматы қаласында 39 жоғары оқу орны бар, оның 8-і – ұлттық университет, 88-і – колледж. Ал 266 мек­теп­тің 205-і – мемлекеттің меншігін­де­гі мек­тептер болса, 893 бала­бақ­шаның 185-і – мем­ле­кеттік бала­бақша.

Президент жанындағы Мем­ле­кет­тік басқару академиясы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, агент­тіктің аумақтық департа­мент­­тері және еліміздегі білім беру саласындағы басқармалар мен білім ордалары жобаның сенімді серіктері болып келеді. «Бүгінгі таңда Sanaly urpaq жобасы аясында ел бойынша па­расаттылық және адалдық қа­ғи­даттарын қалыптастыру ала­ңында 717209 оқушыны қам­ти­тын 4602 Adal urpaq және 473600 студентті біріктіретін 746 Sanaly urpaq клубтары жұмыс істейді.

Білім ордаларында сыбай­лас жемқорлыққа қарсы мә­де­ниет­­ті қалыптастыруға ба­ғыт­­тал­ған тақырыптағы эсселер, суреттер, бейнероликтер, өлең­дер конкурстары тұрақты түр­де ұйымдастырылып келеді және жыл сайын сауалдамалар, ай са­йын «Адалдық сағаттары» өткі­зілуде. Мысалы, Тұңғыш Президент күні қарсаңында 2019, 2020 жылдары «Мен жас­тарға сенемін!» форумы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми инновациялық жобалар байқауы екі мәрте өткен. Байқауды биыл да өткізу жос­пар­ланып отыр.

Республикалық Sanaly urpaq жобалық офисі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Сы­­байлас жемқорлыққа қар­сы технология­лар» ғылыми-зерт­теу институты сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқу әдіс­те­мелік құралын және білім сала­сында сыбайлас жем­қорлыққа қар­сы тәуекелдерді ішкі тал­дауға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеген. Бұл құ­рал­­дарды білім беру меке­ме­­л­ері пайдаланып келеді. Сонымен қатар балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында кездесуі мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, карта әзірленіп, білім саласына ұсыныстар тара­тыл­ды және шешу жолдары көр­сетілді. Қазіргі кезде білім беру мекемелері сыбай­лас жем­қор­лық­тың алдын алуға ба­ғыт­талған ша­ра­ларды жүр­гі­зу­ге белсенді атсалысып келе­ді. Осы мақсатта жобалық офис ұсын­ған ке­шенді жоспарды қабыл­дап, орындау үстін­де», дейді Қ.Токушев.

Бүгінде жоба жұмысына БҰҰ қызы­ғу­шы­лық танытып отыр. Осы орайда Sanaly urpaq жобасының маман­да­ры Жа­понияда өткен БҰҰ-ның 14-кон­гресіне арнайы ша­қы­­рыл­ған. БҰҰ-ның Әлемді тұ­рақты да­мыту бағ­дар­ла­ма­сы­ның 4,11,16-мақ­сат­та­ры­на сәйкес ке­ле­­тін жобаның жұ­мы­­сымен шет мемле­кеттер өкіл­дері таны­сып, сұрақтарына жа­уап алған. Өткен үш жылда жоба аясында атқа­­рылған жұ­мыс­тар білім саласында сы­бай­­лас жемқорлыққа қарсы іс-шара­ларды жү­й­елі, мақ­сатты жүр­гі­зу­ге серпін беріп ке­леді.