Руханият • 26 Сәуір, 2021

Күлтөбе қазыналары

194 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2008 жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты Түркістан қаласындағы ортағасырлық Күлтөбе қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген еді. Жақында бұл қалашықтан ерте ға­сыр­ларға тән көптеген жәдігер та­былып, олар түгелдей «Әзірет Сұл­тан» мемлекеттік тарихи-мәдени қо­рық-музей қорына қабылданды.

Күлтөбе қазыналары

Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ, «EQ»

Аталған қорық-музей баспасөз қыз­меті хабарлаған мәліметіне жүгінсек, қазба кезінде табылған заттардың ішінде ең бағалысы – біздің заманымыздың ІІ-ІІІ ғғ. тән полихромды стильде жасалған археологияда «калачик мүсіндес» деп аталатын алтын сырғалар. Сонымен қатар ХVII-ХIХ ғасырларға тән 193 дана керамикалық және 77 дана мыс бұйымдар, ХVIII-ХIХ ғасырларға тән 298 дана монета, 17 фарфор ыдыс фрагменттері, II ғасырдың екінші жартысы-IV ғасырға тән 6 дана алтын әшекей, сондай-ақ 9 дана күміс тиындар мен 2 дана күміс әшекей – жалпы саны 600-ге жуық зат табылған көрінеді.

Бұл бұйымдар жұқа алтын фольгадан жасалып, әшекей беті анар тәрізді безендірілген. Бұған дейін мұндай бұйым Ордабасы ауданында орналасқан Күлтөбе қорымының «катакомба» деп аталатын жерлеу құрылысынан табылған болатын.

«Әдетте, алтыннан жасалған жәдігерлер қаланың ішінде емес, сырттағы обалардан табылады. Күлтөбеден табылған сирек кездесетін жәдігердің ерекшелігі осында. Жәдігердің жа­салу үлгісі сақ дәуірінен басқаша. Яғни бұрындары қосымша әшекей тастарды сырға бетіне жапсыру көп кездеспеген. Бұл реті жәдігер – ғұн, сармат дәуірін бейнелейтін II-III ғасырларға тән алтын бұйымдар қатарын толықтырып тұр. Әрбір жәдігер салт-дәстүр, ғұрпымыздан хабар береді», дейді тарих ғылым­дарының докторы, археолог Мұхтар Қожа.