Қоғам • 26 Сәуір, 2021

Алматыға QazCovid-in вакцинасының алғашқы партиясы келді

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен аптада Жамбыл облысындағы фармацевтикалық зауыттан 50 мың доза көлемінде Қазақстанда жасалған, тауарлық атауы «QazVac» вакцинасының бірінші партиясы жөнелтілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыға QazCovid-in вакцинасының алғашқы партиясы келді

Препарат Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының қоймасына түсті. Жалпы алғанда Алматыға 6 мың доза (1 және 2 компонент бойынша) берілді, олар ҚДБ медициналық ұйымдарына бөлініп берілді. Бұл препарата 3 мың адамды вакцинациялауға жеткілікті. Қала тұрғындарының қалауы бойынша қазақстандық немесе ресейлік препаратты таңдай алады.

QazCovid-in вакцинасын ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институты әзірлеген. QAZ-COVID-IN – өлі вирустан жасалған вакцина. Бұлшық етке 0,5 мл/дозасы енгізіледі.

Құрамында SARS-CoV-2 тазартылған инактивирленген тұтас вирионды штамы бар. Ол химиялық реагентпен "өлтірілген" 2019-ncov вирусына негізделіп жасалынған. Мұндай вакциналарда дене қызуы көтерілмейді, қатерсіз. Сондай-ақ Sputnik-V вакцинасы сияқты екі компонентті және 21 күндік интервалмен салынады.

Отандық вакцинаның артықшылықтарының бірі – сақтау шарттары. Егер Sputnik-V вакцинасы тоңазытқышта -18 градус температурада сақталса, ал QazVac вакцинасы 2-8 градус температурада сақталады. Бұл препаратты өндірушіден тұтынушыларға жеткізу логистикасын жеңілдетеді.

Клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңіне 18-65 жас аралығындағы 44 ерікті, екінші кезеңге – 200 адам, үшінші кезеңге – 3 мың адам қатысты. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне өзінің ковидке қарсы вакцинасын тіркеді.